ЖӘРМЕҢКЕ: АСТАНАДА ӨТЕ АРЗАН БАҒАДА ЖЕТІСУ ӨНІМДЕРІ САУДАЛАНДЫ

Уақыты: 18.09.2022
Оқылды: 1447
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Елорда төрінде Алатау мен Алакөлге дейінгі ағайынның атсалысуымен көпті қуанышқа кенелтіп, берекесін еселеген тағы бір жәрмеңке өтті. "Астана Арена" стадионында Жетісу мен Алматы облысының шаруалары маңдай терімен өндірген экологиялық таза әрі бағасы арзан ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынды.

Жалпы, астаналықтарға Алматының алмасы, Балқаштың күріші, Алакөлдің балығы, Лепсінің балы,  Райымбек ауданының картобы, «Көксу қант зауыты» ЖШС өндірген ақшекер, Іле және Жетісу Алатауының шүйгін шөбін жеп өскен төрт түліктің еті мен сүтінен дайындалған өнімдері танымал. Жұрт аталған тауарларды таласа сатып алып жатты. Солардың арасында Жетісу жерінде туып, өсіп, бүгінде Астана қаласында тұратын жерлестеріміздің қатары көп. Солардың бірі – Марғуа Жадыраева апамыз:

­– Астанада тұрғаныма 8 жыл болды. Талдықорғанда туып, қызмет еткендіктен елде болып жатқан жаңалықтарға қуанып жүреміз. Жетісу және Алматы облысның кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі  ұйымдастырылып жатқанын естіп, ертемен жиналып, келіп тұрмын. Жыл сайын осындай жәрмеңке ұйымдастырылған кезде май, ет, алма және көкөністер сатып алуға келемін. Туған жердің дәмінен тәтті дүние жоққой, – деп әсерімен бөлісті.

– Жәрмеңкеге Алматы облысынан келген 37 шаруа қожалығы жалпы 231 тоннадан астам 54 түрлі ауыл шаруашылығы өнімін әкелді. Өнімнің көлемі көп, сапасы жақсы, бағасы Астана қаласындағы базарлармен салыстырғанда 15-20 пайызға арзан саудаланып жатыр. Соның ішінде ет өнімдері мен картопты көптеп сатып алды, – дейді Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Дастан Құдабаев.

Ал Жетісу облысынан 35 шаруа қожалығы өнім әкелген.

– Жәрмеңкеге Жетісу облысынан 8 аудан, 2 қала қатысты. Жалпы көлемі 401,4 млн.теңгеге 227 тоннадан астам 54 түрлі өнім саудаланды. Бұл ет-сүт, шұжық, балық өнімдері, қант, ұн, сары май, бал, ұлттық сусын, жеміс-жидек, көкөніс, тағы басқа азық-түлік өнімдері, – дейді Жетісу облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бақтияр Шамбиков.

Жұртты қызықтырғаны өнімдердің сапасының жақсы, бағасының азрандығы болды. Өйткені, тауар бағасы Алматы және Жетісу облыстары мен Астана қаласының кәсіпкерлік басқармасының алдын ала келісімі бойынша бекітілген және әр тауардың бағасы айшықты түрде жазылып, сөрелердің алдына ілінген. Бұл да сатып алушыларға көп жеңілдік тудырды.

– Осы жәрмеңкеге жеткізілген барлық тауардың бағасы Астана базарларындағы бағадан көп арзан. Айталық, пияз 80-100, алма-алмұрт 300-350, бұрыш, сәбіз 100, сиыр, қой еті 2000-2500, жылқы еті 3000-3500 теңгеден сатылды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Астананың супермаркеттерінде пияз 300-350, жылқы еті 4000-4500 теңгеден сатылуда. Оның үстіне өнімдердің бәрі таза әрі сапалы болғандығы да көптің көңілінен шықты, – дейді Жетісу облыстық кәсіпкерлік және индустриялды даму басқармасының бөлім басшысы Айгүл Садырқызы.

Жәрмеңкеде тауар өндірушілер өнімін ұсынса, Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармония әртістері әуелетіп ән салып, күмбірлетіп күй шертіп, көпшілікпен бірге бұрала биледі. 

Бірінші күні Алматы және Жетісу облысынан әкелінген тауарлардың жартысынан астамы саудаланды.

Жексенбі күні де сауда қыза түсті. Келушілердің аяғы түс ауғанша үзілмеді. Қап-қап көкөністер арқалап, жіліктелген ет көтеріп, сатып алған жеміс-жидектерін көлігіне тиеп жатқандардың қарасы көп болды.

Қажет АНДАС

Астана қаласы