ҚАУІПСІЗДІК ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА! АЛАЯҚҚА АЛДАНБАУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Уақыты: 22.09.2022
Оқылды: 1157
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

- Алло, сәлеметсіз бе?
- Ришад Тұрғанбайұлы ма?
- Иә, тыңдап тұрмын.
- Менің есімім Андрей Шумкин. Мен «Еуразиялық банктің» несиелік бөлімінен хабарласып тұрмын.
- Тыңдап тұрмын сізді.
- Сіз аталған банктен кредит рәсімдеуге тапсырыс бердіңіз бе?
- Жоқ.
- Онда сіздің атыңыздан біреулер несие рәсімдеуге тапсырыс беріп жатыр. Сол үшін сізге басқа менеджерлер хабарласады. Мүмкін «Каспий банктен» де рәсімдеуі мүмкін, сондықтан біздің әріптесіміз хабарласып, барлық мән-жайды түсіндіреді және айтқан операцияларын мұқият орындаңыз.
- Жақсы.

Осылайша телефон тұтқасын қоя салды. Сәлден кейін «Каспий банкінен» хабарласып, тағы да осы сауалдарды қойып, банк карточкасының нөмірін айта қойыңыз деп тоқтаусыз сөйледі. Әңгіме осылай басталды. Мен мұны неге айтып отырмын?

Бүгінгі таңда алаяқтардың құрығына тез түсіп, опық жеп жатқан ағайындар көп. Банктен хабарласып тұрмыз деген желеумен біреудің атынан несие рәсімдеп кеткендер көбейіп кетті. Ақыр соңында алданып қалғанын аңғарған қара халық алаяқтың қолында кеткен ақшаны амалсыздан төлеуде. Дәл осындай алаяқтық жолмен мені де алдамақ болған «мошенниктер» оңай олжаға батқысы келді. Сауалдың астына алып, ешқандай ақпаратты бермеген соң телефон тұтқасын қоя салған алаяқтардың ісін терең зерттеуге кірістім.

Ең бірінші қаржылық сауаттылық қажет. Мақалаға тұздық болу үшін бірінші «Еуразиялық банкке» телефон шалдым. Әсілінде арнайы операторлар мұндай сауалға жауап қайтаруға құқығы жоқ. Арнайы қауіпсіздік менеджері жауап берді.

Сонымен, банк қызметкерлерінің мәліметінше, ешбір банк менджерлері бұлай телефон шалмайтынын жеткізді. Кредиттік бөлімнің жалпы банк қызметкерлері өздерінің клиенттеріне телефон арқылы ешқандай ақпарат бермейді және мұндай сауалдар қоймайды екен. Яғни, банктен қоңырау шалып тұрмыз, құпия сөзіңізді немесе карточкаңыздың нөмірін айтыңыз деген сауалдарға ешқандай ақпарат бермеуі керек. Мұның барлығы алаяқтар екені сөзсіз. Банк қызметі несиені банк кеңсесінде және несие рәсімдеуші тұлғаның өзі тұлғаны нақты растайтын құжаттары арқылы рәсімдеуге құқылы. Сондықтан, телефон арқылы ешбір қызметкер хабарласпайтынын ескертеді.

Осы тұста мен жайлы ақпараттарды қалай, қайдан алды деген сауал қойдық. Бірақ банк өкілдері ол жағы белгісіз екенін, банк бөгде адамға ешқандай клиенттің мәліметін бермейтінін жеткізді.

Сонда бұл алаяқтар ақпаратты қайдан алған? Аты-жөнімізді, телефон нөмірімізді қайдан біледі? Оңай олжаға кенеліп жүргендердің ішінде «хакерлердің» бар  екені анық. Олардың компьютерлік сауаттылығы өте жоғары, компьютер арқылы кез-келген ақпарат көздеріне кіруге мүмкіндігі бар деген сөз. Ең бірінші байланыс желілеріне. Онда жеке тұлғаның толық мәліметі сақталады. Сол арқылы жеке телефон нөмірін алады. Содан кейін қандай банкпен жұмыс істейтінін алдау арқылы анықтайды. Бұдан бөлек қаржылық сауаттылықтары өте жоғары, сөйлеу шеберлігін де жақсы меңгерген. Бұларды құрықтау оңайға соқпайтын секілді. Тіпті, темір тордың арғы жағында отырып, осындай қылмыстық жолға баруы да мүмкін.

Осы орайда мына бір оқиға еске түсіп отыр: 2005 жылы қапшығымды жоғалттым. Ішінде аздаған қаражат және көліктің құжаты, жүргізу куәлігі, жеке төлқұжатым бар еді. Жоғалғандығы жайлы газетке хабарлама беріп, тауып алған адам хабарласып қалар деген үмітпен жүрдім. Шынымен де хабарландыру арқылы хабарласып, құжаттарымды тауып алғанын айтып, біреулер кездесуге шақырды. Бірақ кездесетін уақытта бетпе-бет кездесуден қорқатынын айтып, мына телефон нөміріне сүйіншімнің 50 пайызын салыңыз, сосын құжаттардың қайда тұрған адресін айтам деді. Айтқанын істеп, қайта телефон шалғанымызда хабарласқан нөмір өшірулі тұрды. Сол кезде барып, алаяққа алданғанымызды ұқтық. Міне, осындай арбаудың түрлі жолдары бар. Алаяқтардың жолын құқық қорғау органдары кесетіні барлығымызға аян. Бұл жайлы мамандар не дейді?

Жетісу облысы бойынша қылмыстық саладағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру прокуроры Талғат Омархановтың жауабына назар аударайық:

«Интернет алаяқтығының саны күрт өскен. 2022 жылдың басынан бері Алматы облысы бойынша қылмыстың осы түріне қатысты 531 алаяқтық қылмыстық құқық бұзушылық фактілері орын алған. Оның ішінде жалпы 163-і интернет жүйесі арқылы жасалған алаяқтық қылмыстар. Интернет жүйесі арқылы сауда жасау және қызмет көрсету бойынша – 47, сондай-ақ, өздерін банк қызметкері ретінде таныстыру арқылы, жеке деректерді иемдену арқылы – 21, бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы – 24 қылмыс тіркелген»,–деп атап өтті құқық қорғау қызметкері.

Бұл – бір жылдың ішіндегі көрсеткіш. Яғни, интернет жүйесі арқылы алаяқтарға жем болған адамдардың құқықтық сауаттылығы аз деген сөз. Ал алаяқтардың жолын кесу жұмыстары қалай атқарылып жатыр деген сауалға құқық қызметкері былай жауап қатты:

«Облыс көлемінде интернет жүйесі арқылы жасалған алаяқтық қылмыстар азаймай отыр. Ішкі істер органдары интернет алаяқтығына қарсы іс-шараларды үнемі жүргізуде. Қазіргі кезде интернет алаяқтығының ең басты ерекшелігі – жалпақ жұрттың бәріне қатысты жасалатындығы. Жұртқа айтарлықтай күмән туғызбайды. Себебі, интернеттің мүмкіндігін, қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отыр».

Міне, жұрттың тез алданып қалатыны осыдан. Бір жолғы әдісін келесі жолы басқаша қолданғандықтан қарапайым халық сан соғып қалып жатыр. Талғат Әскербекұлының айтуынша, оларды құрықтау да оңайға соқпайды.

«Алаяқтар жалған (фэйк) аккаунттар арқылы іс-әрекетке барады. Сондай-ақ, шет мемлекетте отырып, алаяқтық жұмысын жүргізіп отыруы да мүмкін. Бұл ретте оларды құрықтау қиынға соғады. Әйтсе де қолға түсіп, жауапқа тартылып жатқандары да жоқ емес. Сондықтан, барлық жұртты мұндай жалған ақпаратқа және онлайн сауда-саттық кезінде толықтай ақпаратқа көз жеткізіп алмай, ешбір қадамға бармауға шақырамыз. Әсіресе, телефон арқылы несие рәсімдеуде абай болған абзал! Телефон арқылы ешбір мәліметті бермеуді ескерткім келеді», – деп ескертті Талғат Әскербекұлы.

ТҮЙІН: Мамандардың сөзіне сүйенсек, барлық қауіпсіздік өз қолымызда. Ең бірінші телефон арқылы мәліметті бөгде адамға айтпау, онлайн сауда жасауда толықтай көз жеткізіп алмай қаражатты аудармау, ең бастысы, қаржылық сауаттылықты арттыру керек. Сонда ғана алаяқтың қармағынан аман қаласыз. Осыны естен шығармайық!

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Сурет ғаламтордан алынды