ЖЕРДІҢ ПАЙДАСЫН ЖЕКЕЛЕГЕН ҚАЛТАЛЫЛАР ЕМЕС, ЕҢБЕКҚОР ХАЛЫҚ КӨРУІ ТИІС

Уақыты: 29.09.2022
Оқылды: 1255
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында ауыл шаруашылығы мақсатындағы бос жатқан жайылым жерлерін мемлекет меншігіне қайтаруды және оларды ауыл тұрғындарына қолжетімді етуді тапсырған болатын. Бұл мәселе бойынша облыста қандай шаралар қолға алынуда? Бірге зер салып көрейік.

Жер жаннаты Жетісу өңірі – аграрлы аймақ. Өңірлердегі тұрғындардың көбі егін егіп, мал ұстайды. Бірақ ұшы-қиырына көз жетпейтін кең-байтақ далада мал жаятын жердің жоқтығы бүгінгінің өзекті мәселелерінің бірі.

Қазір қай ауылға барсаң да тұрғындар: «Мал бар, жайылым жоқ, жердің бәрі жекеменшікке өтіп кеткен», – деп зар илейді. Ауылдарда егістікті былай қойып, малды тұяғы жеткен жерге дейін жаю тұрғындар үшін мұңға айналған.

Шыны керек, ауыл адамдарының көбі малдың арқасында күнелтіп отыр. Жер жекеменшікке өткеннің салдарынан жайылымдық жер аз, жемшөп құны қымбат. Сондық, Жетісу жұртшылығын Жолдауда ауыл шаруашылығына байланысты атап көрсетілген мәселелер айрықша назар аудартты. Облысымыздағы пайдаланылмай жатқан жерлер, жайылым тапшылығы мәселесі қалай шешіліп жатқанын жер инспекциясы мамандарынан сұрап-білдік.

Бүгінде пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға қатысты облыстық комиссия тексеріс жүргізіп, қомақты жұмыс атқаруда. Жер инспекциясы қызметкерлерінің айтуынша 2019 жылдан бері аудан және қала әкімдіктері мемлекет меншігіне 218,4 мың гектар  пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтарған.  Оның ішінде 10 302 гектар егістік, 926 гектар шабындық, 206 552 гектар жайылымдық алқап.

Жыл басынан бері мемлекет меншігіне 42,4 мың гектар жайылымдық жер қайтарылған. Атқарылған белсенді шаралар нәтижесінде 384 мың гектарға жуық жайылымдық жер қайта пайдалануға берілді. Бұл ауыл тұрғындары үшін қуанышты жаңалық болды.

Аудан, қала әкімдіктерімен бірлесе жүргізген мониторинг нәтижесінде 383,8 мың гектар жайылымның иелерінде идентификация базасында мал басы тіркелгендігі анықталды. Қалған 430,3 мың гектар бойынша мониторинг және тексеріс жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін жер инспекциясы Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес, 27 жер пайдаланушыға (58,1 мың гектар) тексеріс жүргізіп, 14-іне (31,6 мың гектар)  заңбұзушылықты жою туралы нұсқама беріпті. Сонымен қатар, Сарқан, Алакөл аудандары бойынша малы жоқ 45 шаруашылыққа (52,0 мың гектар) тексеріс жүргізу туралы хабарлама тарату жұмысы жүргізілуде. Аэроғарыштық зерттеулер арқылы пайдаланылмай жатқан 857 мың гектар жайылым анықталыпты. Бұл мәселе бойынша да нақты шаралар атқарылуда.

Мемлекет пайдасына қайтарылған жерлерді одан әрі аграрлық сектор өкілдеріне тікелей пайдалануға беру үшін жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер арқылы) бөледі.

Мамандар жердің игілігін халық көретіндігін, сол себепті иесіз, игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мақсатындағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатқандығын айтты. Алдағы уақытта да жұмыс осы қарқынмен жалғаса беретіндігін жеткізді.

Иә, жер болса, кәсібін ашамыз деп отырған еңбекқор жандар аз емес. Бос жатқан жер жұртшылыққа берілсе, шаруашылықпен айналысамын дегендерге жағдай жасалса, облысымыздың экономикасы өркендейтіні анық. Өйткені, ауыл шаруашылығы саласының дамуы мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық өркендеуі осыған тікелей байланысты.

Айдар ҚАЛИЕВ

Жетісу облысы