ЖЕТІСТІК ПЕН КЕМШІЛІК САРАЛАНДЫ. ЖЕТІСУДЫҢ ӘКІМІ АЛАКӨЛ АУДАНЫНДА

Уақыты: 24.09.2022
Оқылды: 1350
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жетісу облысының әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ Алакөл ауданына жұмыс сапарымен барып, Үшарал қаласындағы жаңадан салынып жатқан көпқабатты тұрғын үй және қайта жаңартудан өткен орталық қазандықты тексерді. Артынан тұрғындарды жеке қабылдап, аудандық Мәдениет үйінде халықпен кездесті.

Осыған дейін орталық қазандықты қайта жаңарту мәселесі көтеріліп, барлық 4 қазанды ауыстыру туралы шешім қабылданған. Ол үшін бюджеттен 92,8 млн. теңге бөлініп, қазіргі уақытта қазандарды орнату аяқталып, монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 2023-2024 жылдары қазандықты кеңейту жоспарлануда. Атал-ған шаралар орталық жылуға  3 мыңнан астам жеке үйді қосуға мүмкіндік береді.

Ал аудан бойынша тұрғын үй алу кезегінде 1519 адам тұр. 160 пәтерлі жалға берілетін 4 тұрғын үйдің құрылысы мерзімінен кешігуде, барлығы 2019-2021 жылдардан өтпелі нысандар. Ағымдағы жылдың қараша-желтоқсан айларында Үшарал қаласында 100 пәтерлік 3 үйдің кілтін табыстайды.

Осы уақытқа дейін екінші 60 пәтерлі үйдің құрылысы басталмаған. 2021 жылдан бері тек «іргелік қабатын» құюға арналған орын ғана дайындалған. «Алакөл-Метспецстрой» мердігерлік ұйымымен шарт бұзылып, жаңадан құрылыс-монтаждау жұмыстарына конкурс жарияланды. Нәтижесі қыркүйек айының соңына дейін белгілі болады. 

Қос нысанды аралап көрген Бейбіт Өксікбайұлы жылыту кезінде биыл мәселе туындамау керектігін, күн суытып кеткен жағдайда қазандықтарды ерте іске қосуға дайын болуды тапсырды. Сонымен қатар, тұрғын үй құрылсының сапасына мән беріп, межелеген уақытында тапсыруды қатаң қадағалауға алуды міндеттеді.

Аудандық Мәдениет үйінде өткен халықпен кездесуде облыс басшысы баяндамасын Мемлекет басшысы   Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында көтерілген маңызды мәселелермен бастады. Әрмен қарай аймақтың экономикалық көрсеткіштерін мысалға келтіріп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, инвестиция тарту, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару сынды бағытта атқарылған ауқымды жұмыстарды таныстырды.

Облыс экономикасының дамуына Алакөл ауданы айтарлықтай үлес қосып жатқанын айтқан Бейбіт Исабаев:

– Ауданда ауыл шаруашылығы дақылдарының егістігі 85 мың гектар болды. Мәселен, ағымдағы жылы майлы дақылдар алқабы 27 мың гектар болып, жалпы облыстық егістіктің 28 пайызын құрады. Биыл Ақсу қант зауытын қайта жаңғыртуға және Көксу қант зауытының шалғай орналасуына байланысты ауданда қант қызылшасы себілмеген. Келесі жылы ауданда осы дақылды 500 гектар жерге егу жоспарлануда, – деп келесі жылдан бастап өнімді қабылдау бағасы көтеріліп, бір тоннаға 40 мың теңге төленетінін және өнімді тасымалдау шығындарын ішінара жабу бағасын көтеру мәселесі қарастырылып жатқанына тоқталды. 

Бүгінде ауыл шаруашылығы алқаптарын суару да маңызды мәселенің бірі. Су Тентек және Жаманты өзендерінен «Левобережный», ВМК-2, ВМК-4 каналдары арқылы беріледі. Ағымдағы жылы өткізу қабілетін жақсарту мақсатында 36,8 шақырым каналды механикалық тазарту және 55 текше метр көлемінде бетон жұмыстары жүзеге асырылды. 2015 жылы Ислам Даму Банкінен 7,2 млрд.теңге бөлініп, суару жүйесін жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Биыл құжаттамаға түзетулер енгізілуде, ол үшін жергілікті бюджеттен 168 млн. теңге бөлінді. Келер жылдары суару жүйесінің құрылысы мен жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен қаржы сұралады.

Мал шаруашылығында ірі қара мал саны 35 мың басты құрайды, жылына 43 мың тонна сүт өндіріледі. Алайда, ауданда 800 басқа арналған 2 тауарлы-сүт фермасы және 6 мың басқа арналған 4 бордақылау алаңы ғана жұмыс істейді. «Жазылбеков и К» командиттік серіктестігінің тауарлы-сүт фермасы, «Мұрат» және «Ұшқын» шаруа қожалықтарының 2 бордақылау алаңы жұмыс істемейді. Сондай-ақ, бордақылауда 6 мың бас мал бар. Ал «Қайыңды» компаниясының ет өңдеу кешені тоқтап тұр.

Ауданда 18 қайта өңдеу кәсіпорнында 168 адам жұмыспен қамтылған.  Өңірде майлы дақылдар 27 мың гектарға себілгеніне қарамастан, шикізаттың болмауына байланысты «Поляков» жеке кәсіпкердің күнбағыс майын шығару цехы, «Алакөл-Нан» серіктестігінің майлы дақылдарды өңдеу цехы жұмыстарын тоқтатқан.  

Осындай олқылықтарды мысалға келтірген Бейбіт Өксікбайұлы аудан әкімдігіне сүт, ет, майлы дақылдарды қайта өндеу мәселесін қолға алу қажет екенін ескертті. Сонымен қатар, ауданның балық шаруашылығы жақсы дамығанын, кәсіпорындар балық өнімдерінен басқа сүйек ұнын өндіретінін, оның негізінде болашақта қоспажем шығару жоспарланып жатқанын айтты. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары, Ә. Жақанбаевқа, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына аудан әкімімен бірлесіп, қант қызылшасы егістігін қалпына келтіру, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру, тоқтап тұрған кәсіп-орындардың жұмысын қайта бастау және өндіріс көлемін ұлғайту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Ауданның өнеркәсіп секторында жыл басынан бері 5,5 млрд.теңгенің өнімі өндірілді. Барлығы 26,4 млрд.теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың деңгейінен 17 пайызға төмен. Инвестициялық портфельге сәйкес 2025 жылға дейін 843 жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 83,5 млрд.теңгеге 20 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Биылғы жылы кәсіпкерлікті дамыту бойынша Ұлттық жоба шеңберінде 530 млн.теңгеге 19 жоба қаржыландырылды. Алайда, жыл басынан бірде-бір жоба іске асырылмаған.

Аудан экономикасын дамытуда туристік сала ерекше орын алады. Жазғы маусымның қорытындысы бойынша Алакөлдің жағалауына 1,5 млн. адам келіп, демалған.

– Туристер легі өсіп келеді, сондықтан біз жағалауды абаттандыру жұмыстарын жалғастырудамыз. Ағымдағы жылдың тамыз айында Үшарал қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту аяқталды және үш бағыт бойынша әуе қатынасы ашылды. Жазғы уақытта Алакөл көлінің бағыты бойынша Астана және Алматы қалаларынан, Шығыс Қазақстан және Абай облысынан 10 теміржол рейсі жүзеге асырылды. Келешекте аудан тұрғындары жыл бойы әуе және теміржол қатынасымен қамтамасыз етілетін болады, – деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.

Бұдан бөлек жыл соңына дейін «Қабанбай – Көктұма», республикалық маңызы бар «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» және «Үшарал – Достық» автомобиль жолдарында асфальт төселіп, жол қозғалысы ашылып, келесі жылы жол құрылысы аяқталады.

Халықты сапалы ауызсумен, газбен, жұмыспен қамту бойынша атқарылған жұмыстарды мысалға келтірген Бейбіт Өксікбайұлы білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет салаларына жеке-жеке тоқталды. Айталық, ауданда 16 дәрігер тапшылығы бар. Бұл мәселені шешу үшін жас мамандарға үй беріп, оқушыларға грант бөлуді ұсынды. 

Кездесу барысында тұрғындар сұрағының басым бөлігі жол жөндеу, ауызсу тарту, Мәдениет үйін салу, көшеге жарық шамдарын орнату, суармалы жердің көлемін ұлғайту бағытында жолданды. Тұрғындардың талап-тілегін мұқият тыңдаған  облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудан әкімі Алмас Абдиновқа, әр салаға жауапты мамандарға сұрақтарды бақылауға алып, шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алакөл ауданы,

Жетісу облысы