БҰЛ ӨТЕ АЗ КӨРСЕТКІШ. АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ЕСІК ӨҢІРІН АРАЛАДЫ

Уақыты: 24.09.2022
Оқылды: 1412
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысының әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындарымен кездесті. Есік қаласындағы Мәдениет үйінде өткен жиында, ең алдымен, аудан әкімі Алтай Досымбаевтың баяндамасы тыңдалды. Онда ағымдағы жылдың 8 айында атқарылған жұмыстар жан-жақты сараланды.

Аталған кезең ішінде 87 млрд.теңге көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. 85600 гектар алқапқа дәнді дақыл себіліп, жиын-терін ойдағыдай жүріп жатыр.

Ауданда озық технологияға негізделген интенсивті бақтар көбейіп келеді. Бүгінде олардың саны 112-ге жетіп, көлемі 2282 гектарды құрады. Сыйымдылығы 32490 тонна болатын 19 жеміс және 1 көкөніс қоймасында өнімдерді жыл он екі ай сапалы сақтауға болады. Сонымен қатар, аудан әкімінің баяндамасында білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй, ауызсу, құрылыс, туризмнің дамуы және сол салалардағы шешімін күткен мәселелер де кеңінен қозғалды.

Бүгінгі таңда аудандағы 86 мектепте 54705 оқушы білім алуда. Өңірде халық тығыз орналасқандықтан үш ауысыммен оқуды жою мүмкін болмай отыр. 5 мектеп осындай күй кешуде. Тағы 6 мектептің үш ауысымға айналатын түрі бар. Осыған байланысты Рахат округіндегі саяжай аумағында 1500, Бәйдібек пен Достық ауылдарында 900, Сатай, Тескенсу және Түрген елді мекендерінде 600 орынды мектеп салу мемлекеттік бағдарламаға ұсынылған. Аудан әкімі саяжай тұрғындарының жанайқайын да аймақ басшысына жеткізді.

Өңірде 138 саяжай серіктестіктері тіркелген. Онда 27632 адам тұрады. Рахат округіне қарасты 18 саяжай округтен 15, Есік қаласынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан. Есесіне олар Талғар қаласына тиіп тұр, небары 1-ақ шақырым. Сондықтан осы саяжайларды Талғар ауданының құрамына қосу тиімді секілді. Сол арқылы ондағы тұрғындар алысқа сабылмай мектепке бару, дәрігерге қаралу сияқты әлеуметтік мәселелер оң жолға қойылатын еді. Аудан әкімі облыс басшысына осылардың түйінін де тезірек шешуді сұрады.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін мұқият тыңдаған облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев Еңбекшіқазақ ауданының әл-ауқаты бұдан да жоғары болуы тиіс екенін тілге тиек етті. Аудан экономикасын дамытуға 26 млрд.теңгеге жуық инвестиция тартылды.

– Дегенмен, ауданның жалпы облыс көлеміндегі үлесі 8 пайызға ғана артқан. Аудан инвестиция ағынын бұдан да көтеру қажет. Оған мүмкіндіктер мол,  – деді Марат Елеусізұлы. Сондай-ақ, аймақ басшысы Еңбекшіқазақ өңірі алма жинауда жетекші орын алатынын және осы көрсеткіштен ешқашан төмендемеу керектігін қадап айтты.

Марат Сұлтанғазиев жайылымдық жерлер мәселесіне де тоқталды. Мониторинг барысында 40 мың гектарға жуық пайдаланылмай жатқан алқап анықталған. 26,2 мың гектар жайылымдық жер өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарылған. Десе де, аудандағы Бәйтерек, Балтабай, Бәйдібек би, Саймасай, Қазақстан және басқа да бірқатар ауылдық округтерде аталған жайт әлі де өзекті болып тұрғанын ескертті. Сонымен қатар, оң өзгеріске қарамастан ағымдағы жылдың қаңтар-тамызында ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінен бюджетке түсетін түсімдер небәрі 1,2 пайызға ғана өскен. 

– Халық тығыз орналасқан өңір үшін бұл өте аз көрсеткіш. Аудан әкімдігі халық арасында, оның ішінде жастарды кәсіпкерлікке үйрету, шағын несиелер мен гранттар алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізуі қажет, – деді Марат Елеусізұлы.

Бұдан кейін кезек сұрақ-жауапқа ауысты. Тұрғындар өзін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Тескенсу ауылында Мәдениет үйі бой көтерсе, Амангелді және Ж.Қайыпов елді мекенінде амбулатория құрылысы салынса деген өтініштерін жеткізді. Масақ ауылындағы амбулатория жекеменшікке өтіп, соның салдарынан науқастарды Шелектегі аурухана қабылдамай жатқанын тұрғындар ашына айтты. Кейбір аудан мектептеріндегі асханалардың сапасыз жұмысы мен дәретханалардың талапқа сай еместігі де облыс әкіміне жетті. Есік көлінің аумағы мемлекеттің қарауына өтуі керектігі туралы да айтты.

Тұрғындардың талап-тілектеріне облыс әкімі тұшымды жауаптар қайтарды. Халықтың айтқан уәжін тиісті мекемелерге тапсырды, жауапты адамдарға жүктеді. Бағыт-бағдар белгіленді. Ақылдасқанның, ой қорытқанның жөні бөлек. Енді оны сапалы жүзеге асыру күш-жігерді қажет етеді.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы,

Алматы облысы