Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЕСІК ҚАЛАСЫНДА ЖӘРМЕҢКЕ ӨТІП, 130 АДАМ ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫ

Уақыты: 29.09.2022
Оқылды: 921
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Есік қаласында аудандық жұмыспен қамту орталығы алматылық әріптестерімен бірігіп еңбек жәрмеңкесін өткізді. Жеңіс саябағында ұйымдастырылған шарада Еңбекшіқазақ ауданынан 378, Алматы қаласынан 3500 бос жұмыс орны ұсынылды.

Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметова, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Досжан Сейдахметов жәрмеңкенің өту барысын қадағалап, кәсіпкерлерге алғыс білдірді. Жұмыс іздеп келушілерге сәттілік тіледі.

Жәрмеңке барысында өзінің сүйікті кәсібіне қол жеткізгендер де болды. Мәселен, қорамдық Бақыткүл Бағыбаева баспагерлік жұмыс тапты. Енді кәсіби шеберлігін шыңдай алатынына қуанады.

– Жолым болып, өз мамандығым бойынша жұмыс табылғанына ризамын. Осындай іс-шаралардың арқасында мен секілді көптеген адамдардың қуанышқа бөленгені анық. Сол үшін ұйымдастырушыларға алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді ол.

Алматыдан келген мамандар көпшілікті халыққа қызмет ететін саланың жұмысына шақырды. Ірі сауда орындарына сатушы мен кассирлер қажет. Жүргізушілер мен жүк тасушылардың тұрақтап еңбек етуіне болады. Сонымен қатар, жол жөндейтін, бетон төсейтін  науқандық жұмыстар да келушісін тосып тұр.

Жәрмеңке нәтижесінде 100 адам Алматыдан, 30 адам аудан аумағынан жұмыс тапты. Бұл үрдіс жыл соңына дейін тағы жалғасады.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы,

Алматы облысы