ҚАЗАҚСТАНДА ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҒЫ БІР ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ ӨСТІ - БЖЗҚ

Уақыты: 27.10.2022
Оқылды: 1877
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 13,97 трлн теңге зейнетақы жинақтары қалыптасты. Бір жыл ішінде сома 1,02 трлн теңгеге немесе 7,9 % өсті.

Зейнетақы жинақтарының негізгі бөлігі міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен 13,6 трлн теңгені құрады. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтары 416,0 млрд теңге, ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы көлемі шамамен  3,0 млрд теңге.

Кіріс ағындары, атап айтқанда, жарналар биыл көбейе түсуде. 2022 жылдың сегіз айында салымшылардың шоттарына жалпы көлемі шамамен 1,1 трлн теңге зейнетақы жарналары түсті, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 29% немесе 246,7 млрд.теңгеге көп. Өсім жарналардың барлық түрі бойынша болғанын атап өту керек.  Жарналардың жалпы көлемінің 95,3% БЖЗҚ-ға МЗЖ бойынша түсімдер құрайды – 1,0 трлн теңге (соңғы 12 айдағы өсім 29%), МКЗЖ бойынша 50,1 млрд теңге (өсім 37%) түссе, ЕЗЖ бойынша 1,6 млрд теңге (өсім 293%) аударылды.

Зейнетақы жинақтарының айтарлықтай өсуі 2022 жылғы 1 қаңтар мен 1 қыркүйегі аралығында шамамен 694,7 млрд теңгені құраған таза инвестициялық табыстың арқасында қамтамасыз етілді.

2022 жылдың 1 қыркүйегіне  БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 12,0 млн бірлікке жетті. Шоттардың ең көп үлесі міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен ашылды – 10 907 012 бірлік. МКЗЖ бойынша қалыптасқан шоттар 581 410 бірлік болса, ЕЗЖ есебінен қалыптасқан жеке зейнетақы шоттарының саны 346 793 бірлікке жетті.

Жыл басынан бері БЖЗҚ өз салымшыларына 1 триллион теңгеден асатын сома төледі. Оның басым бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу мақсаттарына арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) құрады – 868,3 млрд теңге. Жасына байланысты төлемдер – 75,9 млрд теңге, мұрагерлік бойынша төлемдер – 43,2 млрд теңге, ҚР шегінен тыс ТТЖ кетуге байланысты төлемдер – 34,0 млрд теңге, сақтандыру ұйымдарына аударымдар шамамен 17,5 млрд теңге, жерлеуге арналған төлемдер – 3,7 млрд теңге және мүгедектік бойынша төлемдер – 1,6 млрд теңге.

Атай кету керек, БЖЗҚ-дан кесте бойынша ай сайынғы орташа төлем (зейнет жасына толуына байланысты) 29 859 теңге, ал ай сайынғы ең жоғары төлем 707 326 теңге болды.

БЖЗҚ БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫ