ҚЫРУАР ҚАРЖЫ БӨЛІНЕДІ, БІРАҚ ЖҰМЫС УАҚЫТЫНДА АЯҚТАЛМАЙДЫ ӘРІ САПАСЫЗ

Уақыты: 29.11.2022
Оқылды: 1491
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Кербұлақ ауданына ресми сапармен барған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Мақсат Жебегенов жұмысында кілтипаны көп нысандарда болып, жергілікті жұртшылықты сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі жұмыстар барысымен таныстырды.

Департамент басшысын күтіп алып, тиісті жерлерге ертіп апарған аудан әкімі Қанат Есболатов пен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ернат Бәзіл жұмысы аяқталғанмен әлі қызмет көрсетпей тұрған нысандардың кемшіліктерін көрсетіп, себебін түсіндірді.

Алдымен аудан жұртшылығын көгілдір отын – газбен қамтамасыз етуі тиіс автоматты газ тарату стансысына барған жұмыс тобы іске қосылмаған құрылғының жай-күйін білді. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының айтуынша, 2019 жылы толығымен біткен стансы 2020 жылы іске қосылуы тиіс еді. Алайда кейбір тетіктерінің жетіспеуіне байланысты 132 шақырымдық құбырмен газ мүлде жүрмеген. Тіпті, Сарыөзек кентінің көшелеріне желілер тартылып, әрбір үйлердің алдына дейін газ құбыры жеткізілген.

Жалпы, автоматты газ тарату стансысын салуға 5,1 миллиард теңге жұмсалса, Сарыөзек кентіне дейін газ құбырын тарту жұмыстарына 1,8 миллиард теңге кеткен. Алайда кейбір тетіктердің жетіспегеніне байланысты көгілдір отын көпшілікке жетпеген. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ тарапынан ескерту беріліп, кемшілік көрсетіліпті. Ал, стансыны бастан-аяқ салған «Ақниет БН» ЖШС бюджеттен қосымша 132 миллион теңге қаржы сұратқан. Алдыңғы келісімшартты толық орындамаған серіктестікке ондай қомақты сома берілмеген.

Соған байланысты сотқа шағым түсірген облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы «Ақниет БН» ЖШС өз ісін толық бітірмегені үшін айыптап отыр. Енді автоматты газ тарату стансысында қалған жұмысты аяқтауды «Бауыр капитал» ЖШС өз жауапкершілігіне алыпты. Серіктестік басшысы Жанат Нұрланов алдағы жыл басына дейін Сарыөзек кентіне газ баратынын айтады. Осыған орай ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы межеленген жұмыстың мерзімінде бітуі керектігін ескертті.

Келесі нысан Шанханай ауылдық округінің орталығы Шоқан ауылына ауызсу жинақтайтын резервуар мен жерастынан су шығаратын сорғы болып шықты. Аудан орталығынан 35 шақырымда жатқан ауыл тұрғындары суды бұрынғыдай таудан ағатын бұлақтан ішіп отыр. Себебі, 2018 жылы етектен қазылған ұңғымадан алғашында су шыққанымен көп ұзамай тартылып кеткен. Оған су соратын бір сораптың қазылған ұңғымаға түсіп кетуі, екінші сораптың істен шығуы себеп болған. Осылайша 256 миллион теңге жұмсалған жоба аяқсыз қалып, жергілікті жұртшылық таза ауызсу іше алмай отыр. Арықпен келетін тау бұлағы көктем мен күзде лайланып кететіндіктен ауылдың мыңнан астам тұрғынын әбігерге салады.

Осыған орай тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Енді, су қорына геологиялық барлау жасалып, жаңадан жоба дайындалуы тиіс екен. Дегенмен, аудан әкімі мен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы тек ауызсудың жатқан жерін анықтау жұмыстарын ғана жүргізіп, жаңадан салынған су жинақтау нысанын пайдалануға болатынын айтады. Себебі, әрбір ауылдың орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етілуін Президент талап етіп отыр. Осыған байланысты түсініктеме берген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Кербұлақ ауданына жасалған ресми сапардың негізгі себебін түсіндіріп өтті.

– Қазір департаменттің басты күш-жігері сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталуда. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша жүріп жатқан жұмысты жергілікті атқарушы органдармен бірігіп атқарудамыз. Ең басты назарға алатынымыз халықтың әл-ауқатына тікелей байланысы бар әлеуметтік нысандардың салынуы, күрделі жөндеу жұмыстарының дұрыс жүруі, – деп өзекті мәселелердің бетін ашты. – Кербұлақ ауданына келер болсақ, халықты алаңдатып отырған екі мәселе – газдандыру және ауызсумен қамтамасыз ету дер едім. Сарыөзек кентіндегі ауызсу мәселесі бұрыннан өзекті екендігі белгілі. Сол себепті 2021 жылы 1 миллиард теңге бөлініп, аудан орталығын толық сумен қамту жұмыстары биыл тамыз айында бітуі керек болатын. Алайда толық бітпегендіктен біздің департамент мамандары талдау жасап, кемшіліктерді анықтады. Осыған байланысты аудан әкімдігі кеткен кемшілік түзетіліп жатқанын айтады.

Шанханай ауылындағы су жинақтау резервуары мен сорғы орнату жұмыстарына 256 миллион теңге бөлінген. Алайда нысанның жұмыс істемей тұрғанына жергілікті атқарушы органдар дер кезінде ешқандай шара қолданбаған. Қазір біздің мамандар сыбайлас жемқорлық белгілері бойынша талдау жүргізіп, нысанның неліктен іске қосылмағанын тексеріп жатыр.

Мақсат Мырзаханұлының айтуынша, мемлекеттің қаржысын тиімді пайдалану мұқият қадағалануы тиіс. Ал, өз жұмысына немқұрайды қараған компаниялар мен серіктестіктерге жергілікті атқарушы органдар шағым түсіріп, айыппұл салуға ықпал етуі керек. Егер олардың бюджет қаражатын негізсіз жұмсап, жымқырғаны анықталса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Кербұлақ ауданы,

Жетісу облысы