ЕНДІ КӨМІР ҚОЛДАНБАЙМЫЗ. ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДА ТАҒЫ ЕКІ АУЫЛҒА ГАЗ БЕРІЛДІ

Уақыты: 30.11.2022
Оқылды: 1778
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Көксу ауданындағы Лабасы ауылдық округіне қарасты Жамбыл, Мәмбет ауылдарына табиғи газ берілді.

Қос ауылдың тұрғындарының көптен күткен қуанышын бөлісуге аудан әкімі Марлен Көлбаев пен облыстық тұрғын үй басқармасының басшысы Ернат Бәзіл арнайы келді.

– Ауданға әкім болып тағайындалғанда 10 ауылдық округтің барлығын аралап шықтым. Ауылдардағы жүзеге асырылуы тиіс мәселелерді сондағы тұрғындармен бірге талқыладық. Соның бірі елді мекендерді газбен қамту мәселесі болатын. Жамбыл мен Мәмбет ауылдарына газ құбырлары бірнеше жыл бұрын орнатылғанымен, газ тартылмаған еді. Сол тұралап қалған жұмысты жүргізіп, ауылды көгілдір отынға қостық, – деді аудан басшысы.

Айта кету керек, Жамбыл елді мекенінде 181-ге тарта үй бар, онда 1130-ге жуық тұрғын өмір сүреді. Ал, Мәмбет ауылында 397 үй бар. Онда 2000 астам халық тұрады.

Жалпы, Көксу ауданында 9 елді мекен толықтай газға қосылды. Тағы 3 елді мекенде құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатса, 12 елді мекенге газ тартудың жобалық құжаттары жасалуда.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"