ҚОНАЕВТА ҮЛКЕН ӘУЕЖАЙ БОЙ КӨТЕРЕДІ, АСПАЛЫ ЖОЛ САЛЫНАДЫ - БАС ЖОСПАР

Уақыты: 09.12.2022
Оқылды: 2638
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жасаған сапары кезінде Қонаев қаласын экологиялық таза, өмір сүруге қолайлы, «ақылды» шаһар ретінде қарастыратын жаңа бас жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын.

Бүгінде бас жоспарды дайындау жұмыстары аяқталуға жақын. Жаңа жоспарда облыс орталығы мен G-4 City аумағында арнайы экономикалық аймақтар құру қарастырылған. Қаланың бас жоспарын «Урбостиль» компаниясы әзірлеуде. Аталмыш компанияның директоры Любовь Нысанбаева Қонаев қаласының Мәдениет үйінде жобаны көпшілікке таныстырды.

– Жақын күндері бас жоспар мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Бүгінгі таңда бірқатар әкімшілік нысандарға конкурс жарияланып қойды. Құжаттары дайын болса, құрылыс жұмыстары басталады. Қаланың бас жоспарында әлеуметтік нысандар, тұрғын үй, демалыс орталықтарын салу қарастырылған. Халыққа ең қажетті деген мектеп, балабақша, аурухана салу ісі де өз деңгейінде жүзеге аспақ. Балаларға арналған орталықтар, жоғары оқу орындарының корпустары, студенттерге арналған жатақханалар салынады. Теміржол, автомобиль жолдары, көпір, аспалы жол жасалады. Үлкен әуежай бой көтереді. Алматы әуежайы тау бөктеріне жақын орналасқандықтан ұшып-қонуға кедергі келтіреді. Сондықтан, Қонаевтағы әуежай ең тиімді және ауқымды әуежай болмақ. Саябақ салынып, үлкен гольф алаңы болады. Туристерді де, қала тұрғындарын да тамсандыратындай демалыс аймағы құрылады. Театр, кітапхана, жастар орталықтары да болады. Бүгінде 41 мың адам тұрып жатқан Қонаев қаласы алдағы жылдарда көркейіп, дами түспек, – деді бас жоспарды әзірлеуші компания директоры.

Көпшілік тарапынан: «Өнеркәсіп ошақтары бой көтеріп, жұмыс орындары ашыла ма?» - деген сұрақ қойылды. Ол үшін де арнайы орындар қарастырылғанын алға тартқан жоба жетекшісі дамуға бет алған қалаға инвестиция тартуды мақсат тұтатын компаниялардың көптігін жеткізді.

Алма ЕСЕНБАЙ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы