АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ АЙМАҚТЫҚ ФОРУМЫ: ҰСЫНЫС, ПІКІР, НӘТИЖЕ

Уақыты: 14.12.2022
Оқылды: 1531
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысының әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ «Rixos» қонақүйінің мәжіліс залында ірі бизнес өкілдерімен инвестициялық форум өткізді. «Туған жерге тағзым» деп аталған аймақтық форум – облыс бөлінгелі алғаш рет қолға алынған ауқымды іс-шараның бірі. Алқалы басқосуға Ұлттық экономика, Мәдениет және спорт вице-министрлері Ілияс ӨСЕРОВ пен Ержан ЕРКІНБАЕВ қатысты. Форум аясында 819 миллиард теңгені құрайтын жалпы саны 40 меморандумға қол қойылды.

Символдық мәнге ие

Алматы облысы мен Қонаев қаласын дамыту межесі белгіленген аймақтық форумда қонақтардың назарына алдымен өңірлердің көрмесі ұсынылды. Вице-министрлер мен облыс әкімі аудандарда шығарылатын дайын өнімдермен танысып, аймақтың инвестициялық картасын көрді. Мәселен, Іле ауданы әйгілі «Dolce pharm» серіктестігінің медициналық бұйымдарын, тәтті сусындар зауытын көрсетсе, жамбылдықтар көше шамдарын дайындайтын кәсіпорын жұмысы жайлы баян етті. Есік өңірінде шығарылатын Түрген шарабы, арматура өндірісі де көрменің көркін кіргізді. Сонымен бірге, Балқаш ауданы күріш, ет, балық өнімдерін әкелсе, Нарынқол, Кеген, Шонжы өңірі картобы мен ауыл шаруашылығы дақылдарын, бау-бақшасын таныстырды. Талғар ауданындағы мүмкіндігі шектеулі жандардың арнайы жабдықтарын шығаратын зауыт та, гранит өндірісі де көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Көрмеде Қонаев қаласының бас жоспары, Жаңа Іле тұрғын үй алабы, Алматымен екі ортаға салынатын серіктес қалалар, халықаралық әуежай макеті де қойылды.

Көрмеден кейін «Туған жерге тағзым» форумының ресми бөлімі басталды. Онда облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев сөз сөйлеп, барша жиналған қауымды аймақтық форумның салтанатты ашылуымен құттықтады.

- Форумның «Туған жерге тағзым» деп аталуы символикалық мәнге ие. Біз Алматы облысының даму стратегиясын қайта қарап, аймақты маңызды көліктік-логистикалық әрі туристік хаб ретінде орнықтыруды мақсат еттік және осы бағытты тұрақты ұстанып келеміз. Форум аясында бірнеше жаңа нысан бойынша ресми ашылу рәсімдері өтеді, кәсіпкерлермен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылады, сондай-ақ, B2B (би ту би) форматында кездесулер өткіземіз және облысты одан әрі дамыту бағытын айқындайтын боламыз, – деді Марат Елеусізұлы.

Облыс әкімі осыдан тура жарты жыл бұрын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен облыстың әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгерту туралы шешім қабылданғанын, осылайша, облыс екіге – Алматы және Жетісу облысына бөлінгенін айтты. Бұл орайда Мемлекет басшысы облысқа және Алматы қаласына Алматы агломерациясын дамыту міндетін қойды.

Алматы облысы мен Алматы қаласын бірлесе дамыту, серіктес елді мекендер салу, ауқымды инвестиция тарта отырып, жаңа жұмыс орындарын құру, сапалы өнімдер ұсыну, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру – кезек күттірмес міндеттердің бірі әрі жаңа өңірдің бар әлеуетін жұмылдыруға мүмкіндік береді. «Көріп отырғанымыздай, қазіргі заманғы экономика көптеген жаһандық өзгерістер мен трансформацияларды бастан кешіруде. Осындай кезеңде ірі және шағын бизнес үшін мемлекеттік қолдау бұрынғыдан да маңызды. Біз бизнестің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеміз. Біз инвесторға жан-жақты қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз. Форумға министрліктердің, ұлттық холдингтер мен компаниялардың, қаржы институттарының, трансұлттық корпорациялардың басшылары, шетелдік және отандық ірі бизнес өкілдерінің, ғалымдар мен сарапшылардың қатысып жатқаны облыстың әлеуеті қаншалықты екенін білдіреді», – деген облыс әкімі шараға келген инвесторларға алғыс айтты.

Туризмнің төрі

Аймақтық форумның бірінші бөлімінде министрліктер мен даму институттарының өкілдері бизнесті инвестициялау мүмкіндіктері мен преференциялау бағытында жасалып жатқан жұмыстар мен  алдағы жоспарларға тоқталып өтті. Осы орайда бірінші болып мінберге көтерілген ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеров мемлекет тарапынан  шет ел инвесторлары мен өзіміздің кәсіпкерлерге көрсетілер көмек жайына кеңінен тоқталды. Соның ішінде инвестициялық мүмкіндігі өте мол Алматы облысының сан салалары сөз болды. Келесі болып сөз алған Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев туризм саласының бүгіні мен болашағы жайлы ойларын ортаға салды.

Өткен жылмен салыстырғанда туристердің саны 1,5 млн.адамға артқанын тілге тиек еткен ол – Қазақстанға саяхаттап келуші шетелдік азаматтардың қатары артқанын айтты. Ержан Мәлікұлы аталған саланы дамыту үшін инженерлік құрылымдарды жетілдіру, Экология министрлігі мен туризм саласы арасындағы кедергілер жайына да тоқталды. Жеке инвесторлар мен мемлекет арасындағы түсіністік те жақсарта түсуды қажет етеді. Жиында осы мәселелерді жеделдетіп шешетін құрылым қалыптастыру қажеттігі айтылды.

Форумда «Бәйтерек» ұлттық холдингі» АҚ басқарма басшысының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов сөз алып, ел экономикасын дамытуға атсалысамын деушілерге қолдау көрсету, несие беру, лизинг, қаржыландыру және сақтандыру бағытындағы жан-жақты жұмысын баяндады.

Айта кетейік, «Бәйтерек» холдингінің активтері бүгінде 12 триллион теңгені құраса, жеке капиталы 1,9 трлн.теңгеге жетіп отыр. Ал, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма басшысы Гаухар Бөрібаева, негізінен, кәсіпкерлік пен шағын және орта бизнесті қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлары жайлы айтып берді. Жиында «KAZAKH INVEST» АҚ басқарма басшысының орынбасары Руслан Ибраимов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма басшысының орынбасары Мәрлен Нәбиев, Ауыл шаруашылығы министрлігі департаментінің директоры Ескендір Мұхлисов өңір экономикасының негізгі бағыттары мен мәселелері жайлы сөз етіп, жетекші саланы дамытудың жолдарын әңгімеледі.

Осыдан кейін мінберге көтерілген халықаралық агротехникалық ХАБ директоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Тілектес Есболов ел экономикасын дамытудың ғылыми негізіне кеңінен тоқталса, «Тау-кен ғылымы Ұлттық академиясының» президенті Нұрлан Рыспанов Қазақстанның қазба байлықтары әлем бойынша алдыңғы ондықта жүргенін жеткізді. Соның ішінде ураннан, көмірден, мыс пен алюминийден, алтын мен никельден, өзге де қазба байлықтарынан Алматы облысында мол қор бар. Академиктің айтуынша, ендігі міндет – ел ырысын ысырап етпей, ұқыпты әрі халық игілігіне пайдалану.

Кәсіпкерлікке – кең өріс

Форумның келесі бөлімінде кәсіпкерлер өз ойымен бөлісті. Белгілі болғандай, «Bee queen» агроөнеркәсіптік кешенінің жетекшісі Әлішер Сейтен бүгінгі таңда омарта шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп, алдағы уақытта бұл салаға мән берудің аса маңызды екенін алға тартты. «Прима құс» ЖШС иесі Александар Гарбер телекөрсетілім арқылы кәсіпорынның бүгінде атқарып отырған жұмыстарын көрсетіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде құс етін өндірумен айналысып келе жатқан кәсіпорындардың бірі екенін көпшілік назарына ұсынды. «Fruit ART» ЖШС өкілі жеміс-жидек өсіріп, сақтауға және терең өңдеуге маманданған компания екенін айтса, «Исткомтранс» ЖШС бас директоры Алмас Абайделдинов көлік-логистикалық орталықтың (КЛО) құрылысы бойынша жобаны таныстырды.

БІЗДЕН БІР ПІКІР

Данияр АБДУЛҒАФАРОВ,

«Alma Mater Fields» компанияының директоры:

- Ең алдымен, форумды ұйымдастырып, кәсіпкерлермен ашық диалог орнатқан Алматы облысының әкімдігіне ризашылығымды білдіргім келеді. Біздің компания ауыл шаруашылығымен айналысады. Бұл салада жүргенімізге 10 жылдың жүзі болды. Несін жасырайық, алғаш қолға алғанда біраз әріптестеріміз бізге күле қараған. Өйткені, ол кезде ауыл шаруашылығы тиімсіз көрінетін. Сондықтан оған ақша салуға әріптестеріміз қызықпады. Бірақ біз алдымызға үлкен мақсат қойдық. Ауыл шаруашылығының экономикадағы басты салаға айналатынына сеніміміз мол болды. Еселі еңбек өз нәтижесін берді. Соңғы бес жылда алма баққа ден қойдық. 750 гектар алқапты бау-бақшаға айналдырдық. Биыл одан 15 мың тонна өнім жиналды. Біздің меже алма алу мөлшерін 2024 жылы 30 мың тоннаға дейін жеткізу. Ал енді, сол өнімдерді жыл он екі ай сату үшін 3 ірі жеміс-жидек қоймасын жасадық. Осының бәрі қажырлы еңбектің, тату тірліктің арқасы. Менің айтарым, ауыл дамыса – халықтың саны өседі. Халықтың саны өссе, Қазақстан іргелі мемлекетке айналады. Сондықтан «Туған жерге тағзым атты» форум елім деген, жерім деген кәсіпкерлерді ойландырады деп шүбәсіз сенемін.

Алмас АБАЙДЕЛДИНОВ,

«Исткомтранс» ЖШС директоры:

– Сауда-саттық көбейген сайын жүк тасымалына да сұраныстың артатыны түсінікті. Сондықтан біз жаңа жобаны қолға алдық. Өйткені бұл салада жүргенімізге 20 жыл болды. Еліміздің әр аймағында кеңселеріміз ашылып, жүк тасымалы бизнесіне өзіндік үлес қосудамыз. 600 адамды жұмыспен қамтамасыз еттік. Биыл Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен Іле ауданындағы Жетіген станциясы маңынан заманауи логистикалық орталықтың құрылысын бастадық. Оған 150 миллион доллар инвестиция тартылып отыр. Жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда жүкті контейнер арқылы тасымалдау өте тиімді. Алматы облысының аумағы Қытаймен шектесетіндіктен халықаралық сауда-саттық жыл өткен сайын қанатын кеңге жайып келеді. Шетелдік кәсіпкерлер өнімдерін контейнер вагондарымен тасымалдауды қалайды. Сондықтан біз осы тасымалды дамытуға ден қойдық. Қолға алған жобамыз 2025 жылға қарай аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Бұл жоба толықтай жүзеге асса оның игілігін ауыл адамдары да көреді. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Инвесторларға барынша жағдай жасап жатқан облыс әкімдігіне әрқашан ризамыз. Бірлескен іс берекелі болады.

Әлішер СЕЙТЕН,

«Bee queen» шаруа қожалығының иесі:

- 2013 жылы Польшада оқып, ара шаруашылығы саласының қыры мен сырына қанықтым. 2018 жылы елге келген соң осы кәсіппен айналысуды қолға алдым. Қазір 250 ара ұяшығы бар. Алдағы уақытта үлкен кооператив құрып, ісімізді одан әрі дамытамыз деген ойдамыз. Елімізде 24 мың бау-бақша бар екен. Егер біз ара шаруашылығын дамытатын болсақ, онда сол бақтардан алынатын өнімдер де екі есеге артатын еді. Өйткені, бау-бақшалар неғүрлым көп тозаңданған сайын, соғұрлым бағбандар мол табысқа кенеледі. Сондықтан біздегі омарташылық кәсіпке қолдау көрсетіліп, инвесторлар қызығушылық танытса деймін. 2027 жылға дейін ара ұяшықтарын 50 мыңға жеткізсек деген жоспарымыз бар. Араларды көбейтсек өнім де көбейеді.

Ал «Алматы тұрмыстық техника заводы» ЖШС плита, кір жуғыш машина, теледидар, мұздатқыш, пеш, кондиционерлер мен кептіргіш шығару өндірісі арқылы өнім түрін кеңейтуді көздейді. «Dinara-Ranch» ЖШС – етті бағыттағы ірі қара мал өсіруге маманданған асыл тұқымды шаруашылық. Серіктестік 2008 жылдың наурызында құрылған. Бүгінгі таңда компания меншігінде мал шаруашылығы кешені, көктемгі-күзгі кезеңдегі жайылымдық алқаптар мен суармалы жерлері бар. «Aluminium of Kazakhstan» ЖШС 2015 жылдан бастап алюминий профильдері мен алюминий өнімдерін шығарады. Бұл зауыттың өндірістік қуаты айына 1000 тоннаға дейін өнім өндіруге жетеді. Бірегей жабдықтар алюминий профильдерінің 300 түрін шығаруға мүмкіндік береді. Ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету сұранысты қанағаттандырып, импортты азайтуға ықпалын тигізеді. Сонымен бірге, форумда «Aitas kz» АҚ, «Alma Mater Fields» ЖШС, «Bee queen» ЖК, «Барк Технололоджи» ЖШС, «Smart Energy» ЖШС, «Dolce Pharm» ЖШС, «Alina Group» ЖШС жетекшілері де ойларын ортаға салып, кәсіптері жайында айтып берді.

Келелі келісім

Форум соңында Алматы облысы әкімінің қатысуымен меморандум негізіндегі үш құжатқа қол қойылды. Тау-кен металлургиялық кешенінде техникалық және инновациялық жүйелерді дамыту, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасында білім беру ошағының кадрлық құрамын дайындау және білім беру сапасын арттыру, сондай-ақ, «Алматы тұрмыстық техника» зауытымен 60 гектар болатын жаңа зауыт құрылысын салу бойынша келісімшарт жасалды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қорытынды сөзінде аталған шараның мәнісін жан-жақты ашып көрсетті.

– Құрметті форумға қатысушылар! Жиын өзінің мәресіне жетіп, шараны қорытындылайтын кез келді. Форум аясында жалпы құны 700 миллиард теңгеден асатын 130-ға жуық меморандумға қол қойылды. Бұл – жетістіктерге бастайтын оң қадам. Баршаға белгілі, Алматы облысы инвестиция тартуға қай жағынан алып қарасақ та өте қолайлы. Қазіргі таңда облыста туризм, ауыл шаруашылығы, логистика салаларына инвесторлардың қызығушылығы зор. Біраз жобалардың қолға алынып жатқаны – соның дәлелі. Әрине, еркін форматтағы кездесуде ойлар ашық айтылды. Кәсіпкерлер тарапынан айтылған сындар да орынды. Үлкен инвестиция, үлкен дайындық керек. Бәрін іс барысында ширататын боламыз. Бизнесмендер үшін инфрақұрылымдардың қолайсыздығы, интернеттің қолжетімсіздігі кедергі келтіретіні рас. Сондықтан біз алдымызға нақты жоспарлар қойып, осы мәселені тез арада шешуге белсене кірісеміз. Инвесторларға бар жағдайды жасау үшін күш-жігерімізді салатын боламыз, – деді Марат Елеусізұлы.

Форумнан түйгеніміз, ауылды көтеру материалдық игіліктермен ғана өлшенбейді, оқу-ағарту мен мәдениет, ұлттық таным мен өркениетке бетбұрыстар қатар өрбитіні белгілі. Стратегиялық жоспарлар сонысымен құнды. Жиналыс мазмұны баршаға осыны ұқтырды. Ойларын ортаға салған мамандардың, іскер адамдар мен кәсіпкерлердің діттеген жайлары аз емес екен. Сонымен қатар, пікірлер тасқыны бір басқосудың аясымен шектелмейтіні тағы анық. Ендігі мұрат – қағаз сипатында ғана емес, еңбектің көзге көрінетін, көпшілікке игілігін көрсететін қорытындылары бойынша есептеу. Сондай мезгілдің басталғанын жиналыс түйіні көпшілікке риясыз ұқтырды.

Қуаныш ТҰНҒАТАР,

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ,

Айгүл БАЙБОСЫНОВА,

Болат МӘЖИТ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы қаласы