ҚОНАЕВ ЖАҢА ҚАРҚЫНМЕН ДАМИДЫ. ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУІ

Уақыты: 23.12.2022
Оқылды: 2126
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласындағы халықпен кездесу іс-шарасын алдымен өңірдің дамуына үлес қосып отырған әрі әлеуметтік маңызы зор нысандардың жұмысын көруден бастады. Одан кейін Мәдениет үйінде облыс орталығы тұрғындарымен кездесу өткізіліп, Қонаев қаласының даму динамикасы баяндалды. Шара соңынан облыс басшысы жұртшылық көкейіндегі сауалдарға жауап берді.

Ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасы аясында ұйымдастырылған кезекті шарада облыс әкімі ең бірінші Заречное ауылындағы жылыту қазандығына барды. Қонаев қаласын жылумен қамтамасыз етіп отырған жалғыз мекеме 2016 жылы пайдалануға берілген. Ұжыммен кездескен аймақ басшысы Заречное ауылын толық орталық жылу жүйесіне қосу мәселесін талқылады.

Қазіргі таңда «Қонаев қаласы жылу жүйелері» мекемесінде бірнеше өндірістік ғимарат бар. Оның ішінде, бу және су жылыту цехтары заманауи қондырғылармен жабдықталған. Марат Елеусізұлы Заречное ауылындағы қазандықтың қуатын арттыру бойынша қомақты қаржы бөлінетінін атап өтті. Одан кейін «PENOPLEX» ЖШС-на бас сұққан аймақ басшысы кәсіпорынның өндіріс қуатымен танысып, құрылыс өнімдерін көрді. Мұнда жұмыс ауқымды, алдағы уақытта өнім көлемін арттыру жоспарланған.

Келесі кезекте облыс басшысы «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС-на барып, еліміз бойынша үлкен сұранысқа ие азық-түлік өнімдерін көрді. Облыс әкімі кәсіпорын басшылығымен кездесуде шикізат тасымалы, жұмыспен қамту мәселесі, макарон өнімдерінің нарықтағы сұранысы бойынша сұрақтар қойып, зауыттың алдағы жоспарымен танысты. Серіктестік өкілінің айтуынша, бүгінде тез дайындалатын макароннан бөлек, мұнда сусын шығару ісі де жолға қойылған.

Облыс әкімі шара аясында «Green  Land Alatau» жылыжай кешеніне барды. Жылыжайда жылына 9 мың тонна өнім сатылымға шығарылады. «Кешенде өсірілген өнімдердің 20 пайызы Ресейге экспортталады. Қалған 80 пайызы өзімізде, Қазақстанда саудаланады», – деді жылыжай өкілдері. Марат Елеусізұлының еңбек ұжымымен кездесу шарасы «Бағашар мекені» ЖШС-мен түйінделді. Бұл кәсіпорын елімізге танымал. Мұнда көлік құралдарына қажетті антифриз өндіріледі. Қазіргі кезде зауытта өнім көлемін арттыру жоспарланған. Қыс мезгіліне байланысты зауытта жұмыс жоғары қарқынмен атқарылуда. Облыс әкімі Қонаев өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосып отырған кәсіпорындарға, шағын және орта бизнес өкілдеріне жан-жақты қолдау жалғасатынын айтып, іс басында жүрген мамандарға сәттілік тіледі.

Шараның келесі бөлігі Қонаев қалалық Мәдениет үйінде жалғасты. Облыс әкімімен кездесу шарасында алдымен Қонаев қаласының даму жайынан мәлімет ұсынылды. Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев өңірде 20-ға жуық өзекті мәселе барын, оның жартысынан көбі өз шешімін тапқанын, қалғаны келер жылы орындалатынын жеткізді. Қала әкімі салық түсімі, экономика, білім, ауыл шаруашылығы, медицина, тұрғын үй құрылысы бойынша сандарды сөйлетіп, халық тарапынан көтерілген барлық өтініш-тілектер назардан тыс қалмайтынын айтты.

Халықпен кездесуде облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімін иеленген қала жаңа қарқынмен дамитынын алға тартты. Марат Елеусізұлының айтуынша, жаңа облыс орталығын дамытудың бірегей жоспары жасалуда. Болашақта қаланың аумағы бірнеше есеге үлкейеді әрі жаңа шағынаудандар пайда болады. Тұрғындардың да саны бірнеше есеге өсіп, жаңа жұмыс орындары құрылады.

- Біздің негізгі міндетіміздің бірі халықты қолжетімді баспанамен қамту болып қала береді. Қонаевта тұрғын үй алуға кезекте 3 248 адам тұр. Бүгінде 2021 жылмен салыстырғанда кезекке тұрғандар саны артқан. Қазіргі уақытта облыс бойынша 757,5 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған, оның ішінде, Қонаев қаласынан 26 мың шаршы метр коммерциялық тұрғын үй бой көтеруде. Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша Қонаевта 32 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал келесі жылға 180 пәтерлі үш үй салынуда. Олар үшін 3,2 миллиард теңге бөлінген, – деді облыс әкімі.

Есепті баяндамада Марат Елеусізұлы Қонаев тұрғындарын толғандырып отырған үш мәселе барын айтты. Оның біріншісі сапалы ауызсумен қамту жайы болса, екіншісі – кәріз жүйесін жаңарту. Ал үшінші мәселе көгілдір отынмен қамтуға байланысты. Бүгінде Қонаев өңірінің 92 пайызы орталық су жүйесімен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, ең ауқымды проблема қалада кәріз тазарту жүйесінің толықтай тозғандығы. Қазіргі таңда бұл бойынша негіздеме жасалып, құжаттары дайындалуда. Ал Қонаевқа қарасты 12 елді мекеннің 8-іне алдағы уақытта толықтай газ құбыры тартылады. Қонаевтың өзінде көгілдір отын мәселесі әлі реттелмеген. Үш елді мекен газбен қамтылған. «Қонаев қаласы экологиялық жағынан таза, көмір тұтыну мөлшері өте аз, қазандығы газбен қамтылған жалғыз облыс орталығы болып саналады», – деді облыс әкімі.

Марат Елеусізұлы өз сөзінде Қонаев қаласы Алматымен қатар дамитынын, Президент тапсырмасына сәйкес, жаңа академиялық қалашықтар салынатынын айтып, облыс орталығының Бас жоспарынан аз-кем мәлімет берді. Қонаевта тұрғындар саны болашақта 200 мыңнан асып жығылады. Жаңа тұрғын үй алабы бой көтереді. Әкімшілік орталық Іле өзенінің оңтүстік бетінде болса, жаңа шағынаудандар солтүстік жағалауында салынады.

Кездесуде Қонаев тұрғындары тарапынан жұмысқа орналасу, ұрлық-қарлықты тоқтату, мүгедектерге қолайлы жағдай туғызу, «Инватакси» қызметін жандандыру, тыңайтқыштарды дайындау, жер участогын алу, электр желілерін тарту, жаңа Мәдениет сарайын салу, жаяу жүргіншілер өткелін белгілеу, теміржолды қала сыртына шығару, көліктерді аула тұрағына дұрыс қою мәселелері бойынша сұрақтар түсті. Облыс әкімі халықтың ұсыныс-тілегін ескерусіз қалдырмай, барлық сұрақтарға тұшымды жауап берді.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы