ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНА КЕЛДІ. САПАР НӘТИЖЕСІ, ТАЛҚЫЛАНҒАН МӘСЕЛЕ

Уақыты: 13.01.2023
Оқылды: 1703
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылым және өнеркәсіпті дамыту барысымен танысып, жылу орталығының жұмысын тексерді. Бұл туралы Үкіметтің ресми сайты хабарлады.

Үкімет басшысына жалпы ұзындығы 66 шақырымға созылған Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын (ҮАААЖ) салу жөніндегі жобаны іске асыру туралы баяндалды. Бүгінгі таңда негізгі жер жұмыстары жүргізіліп, барлық көпірлер мен жолайырықтар салынды. Сонымен қатар, автожолды абаттандыру және жолақысын алудың интеллектуалды жүйесін іске қосу, көлік құралдарын динамикалық өлшеу жұмыстары жалғасуда.

Премьер-Министр автомагистраль өңірдің экономикалық дамуына айтарлықтай әсер етіп, инвестициялық және туристік әлеуетін арттыратынын атап өтті. ҮАААЖ Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымал көлемін ұлғайтуға, Алматыдағы көлік қозғалысын жеңілдетуге мүмкіндік береді, яғни, қала экологиясына да оң әсерін тигізеді.

- Бұл – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша елімізде жүзеге асырылып жатқан өте маңызды, алғашқы инвестициялық жобалардың бірі. Ол өңірдің экономикалық дамуына тың серпін беріп, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырады. Әкімдік ҮАААЖ-ға дейінгі радиалды жолдарды тез аяқтауы керек. Үкімет өз тарапынан қажетті көмек көрсетеді, – деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр Gate City серіктес қаласындағы «Қоянқұс» тұрғын үй алабында жалпы алаңы 290 мың шаршы метрден асатын 70 көппәтерлі үйдің құрылысымен танысты. Мұнда құрылыс жұмысын 2024 жылдың соңына қарай аяқтау жоспарланған. 

G4 City-ді дамыту тұжырымдамасына сәйкес, интеграцияланған қала төрт ауданнан тұрады: Gate – іскерлік және қаржы орталығы, Golden – білім беру және медициналық хабтар, Growing – өнеркәсіптік және логистикалық хабтар, Green – туристік кластер. Қазіргі уақытта Gate City аумағында магистральдық инженерлік желілер жүргізіліп, «Қоянқұс» тұрғын үй аймағының құрылысы басталды.

- G4 City жаңа Жібек жолының бойында орналасқан экономикалық және туристік орталыққа айналады деп ойлаймыз. Облыс әкімдігі жобаның әлеуметтік бағытына, ең алдымен қаладағы тұрмыс сапасына барынша көңіл бөлуі қажет, – деді Үкімет басшысы.

Қонаев қаласында Үкімет басшысы 2020 жылы газға ауыстырылған «Жылу орталығы» жылумен қамту мекемесінің жұмысымен танысты. Қазіргі уақытта ол шамамен 179,72 Гкал/сағ өндіреді және 30 мыңға жуық абонентті, бюджеттік ұйымдарды және басқа да объектілерді жылу энергиясымен қамтамасыз етеді.

Үкімет басшысы жылумен қамту көздерін газға ауыстыру оның энергия тиімділігін арттыруға және атмосфераға шығарылатын зиянды зат қалдықтарын едәуір төмендетуге мүмкіндік бергенін атап өтті.

- Қонаев қаласына облыс орталығы мәртебесін беру оның дамуына айтарлықтай серпін беріп, қалаға көшіп келуші халықтың санын көбейтті. Соған сәйкес өңірде жылу энергиясын тұтынуға сұраныстың өсуін ескере отырып, әкімдік жылу көздерінің қуатын арттыру мәселелерін пысықтауы қажет, – деді ол.

Премьер-Министр «Кнауф Гипс Қапшағай» ЖШС-ға барды. Кәсіпорын 2003 жылы жеке инвестициялар есебінен салынған және гипстен жасалған бұйымдар, құрғақ құрылыс қоспаларын, сондай-ақ, мырыш профильдерін шығарады.

Қазіргі уақытта өндіріс 100 пайыз қуаттылықпен жұмыс істеуде. Зауыт өнімдері ішкі нарыққа және таяу шетелдерге, Ауғанстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдеріне жеткізіледі. 2022 жылы жалпы өндіріс көлемінің 30 пайыздан астамы экспортқа жіберілген.

Әлихан Смайылов Үкімет құрылыс индустриясын, жоғары технологиялық кәсіпорындар құру бастамасын әрдайым қолдайтынын, бұл импортты алмастыру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

- Шетелдік инвестицияларды тарта отырып, мұндай жобаларды іске асыру инвесторларды қолдау бағытында мемлекеттің сенімді көрсеткіші болып табылады. Облыс әкімдігі жаңа индустриялық жобаларды іске қосу үшін қолайлы жағдай жасауды одан әрі жалғастыруы тиіс, – деді ол.

Сапар барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов агроөнеркәсіп жұмысымен танысып, өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілерімен кездесті.

Бірінші кезекте Үкімет басшысы инновациялық технологияларды қолдана отырып, жеміс-жидектерді терең өңдейтін «Fruit Art» ЖШС экспорттық кластеріне барды. Кәсіпорынның өнімі дамыған елдердің нарықтарына (тамақ өнеркәсібі және бөлшек сауда желілері), соның ішінде ЕО, АҚШ, Жапония және Оңтүстік Кореяға жеткізіледі.

Әлихан Смайылов Алматы облысы қолайлы климаттық және географиялық жағдайлардың арқасында ірі аграрлық өнім өндірушілердің бірі болып табылатынын атап өтті. 

Үкімет басшысының айтуынша, жаңа өнім өңдейтін агрокәсіпорындардың құрылуы өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін арттыра бермек. Бұл ретте жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдерін сақтауды және өткізуді қамтамасыз ету – өте маңызды мәселе. Сондай-ақ, Премьер-Министр облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесіп, субсидиялау, айналым қаражатымен қамтамасыз ету, су және газ көздерін қолжетімді ету, жем-жөп, ветеринариялық препараттар, тұқымдар, тыңайтқыштар, пестицидтер, гербицидтер, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу мәселелерін талқылады.

Әлихан Смайылов аграрийлерді қолдау Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

- Бұрын өнімділікке тікелей әсер ететін субсидияларды ғана қалдыру үшін жүйені өзгерту жоспарда болған. Бірақ фермерлермен кеңескеннен кейін біз қолданыстағы кейбір субсидиялау стандарттарын сақтап қалу туралы ортақ келісімге келдік. Өз тарапынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер азаматтарды қолжетімді бағада сапалы өніммен қамтамасыз етуге тиіс, – деді Премьер-Министр.

Әлихан Смайылов алдағы жылдары Үкімет шаруаларға қажетті су көлемін жеткізіп беру үшін каналдар мен гидронысандарды салуға және жаңғыртуға қосымша қаражат бөлетінін айтты. Одан кейін Премьер-Министр 2022 жылы іске қосылған және жылына 15 мыңға дейін өнім шығаратын «Nauryz Agro KZ» ЖШС бройлерлік құс фабрикасының жұмысымен танысты. Барлық әлемдік стандарттарға сәйкес келетін кәсіпорынның өз инкубаторы бар және қазіргі уақытта ет өңдеу цехының құрылысы жүріп жатыр. Әлихан Смайылов құс фабрикасының өңір экономикасы үшін ғана емес, ішкі нарықты отандық азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін де маңызды зор екенін айтты. 

Үкімет басшысы тез дайындалатын тамақ өнімдерін өндірумен айналысатын «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС кәсіпорнына барды. Өз өнімдерін ішкі нарыққа да, жақын шет елдерге де сатып отырған зауытта 850 адам жұмыс істейді. Өткен жылы мұнда алкогольсіз сусындардың жаңа желісі іске қосылды. Өндіріс қуаты жылына 78 млн.бөтелкені құраған. Қосымша 90 жұмыс орны құрылған.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, бұл заманауи зауыт – шетелдік инвестицияның қатысуымен іске асып жатқан табысты жобаның нақты көрінісі. «Бүгінгі таңда өнімнің 70 пайыздан астамы экспортқа жіберіледі, бұл өңірдегі тамақ өнеркәсібін дамыту әлеуеті қаншалықты жоғары екенін көрсетеді. Осыған байланысты жергілікті билік жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту және оларды кеңейту мәселелері бойынша жәрдемдесуі қажет», – деді Премьер-Министр.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы