АУЫЛДЫҚ ЕЛДІ МЕКЕНДЕР МЕН ШАҒЫН ҚАЛАЛАРДЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН ШАҒЫН НЕСИЕ АЛА АЛАДЫ

Уақыты: 25.01.2023
Оқылды: 1367
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Биылдан бастап ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардың тұрғындары бизнесті кеңейтуге, мал, ауыл шаруашылығы техникасын немесе жабдықтарын сатып алуға жеңілдікпен шағын несие ала алады.

Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны кеңейтудің арқасында мүмкін болады. Осы жоба бойынша шағын несие беру мерзімі – 5 жыл, бұл ретте мал шаруашылығы саласындағы бастамалар үшін 7 жыл көзделген. Максималды сома 2,5 мыңнан 8 мың АЕК-ке дейін (зәкірлік кооперация)  номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыздан аспайды.
Қаражатты ісін жаңа бастаған және бұрыннан жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зейнеткерлік жасқа толмаған қысқартылатын жұмыскерлер, ЖК ретінде тіркелмеген тауарларды өндіру немесе сату, жұмыстарды орындау және қызмет көрсетуді дербес жүзеге асыратын тұлғалар (оның ішінде әрекетсіз ЖК), отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, жеке қосалқы шаруашылықта күнкөріс деңгейінен төмен табыс алып, сату немесе айырбастау үшін өнім өндіретін тұлғалар ала алады.
Жобаны іске асыруға биыл республикалық бюджеттен 52,4 млрд. теңге (11 мыңнан астам шағын несие) көзделген. Бұл ретте әкімдіктер қазіргі уақытта қосымша қанша қаражат қажет екенін анықтау үшін ауылдық округтерге скрининг жүргізіп жатыр.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА, 
Жетісу облысы