ТҮЙТКІЛ. БАЛАБАҚША МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛМЕЙДІ

Уақыты: 18.03.2023
Оқылды: 1066
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Кербұлақ ауданының әкімі Қанат Есболатов пен аудан прокуроры Шыңғыс Арғымбаев Малайсары ауылындағы орта мектепте тұрғындармен кездесу өткізді.

Кездесуде аудан әкімі тұрғындар тарапынан көтеріліп жүрген мәселелерге тоқталып, атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, ұзындығы 4,4 шақырым болатын 5 көшеге 190 бағаналы шам орнату жоспарда бар. Құны 107 миллион 905 мың теңгені құраған жобаға қазір сараптама қорытындысы жасалуда.

Одан соң Малайсары ауылының ауызсу мәселесіне тоқталған Қанат Болатұлы ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ақаулы актісі жасалып, аудандық «Күреңбел су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорнына жолданғанын, ендігі кезекте жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ал ауыл тұрғындары бұған дейін көтерген балабақша мәселесі жақын арада шешілмейді. Оған себеп – шағын ауылдағы бала санының жетіспеуі.

Кездесуде қиыршық тас зауытына қарасты 4 қабатты 4 үйдің заңдастырылмаған құжаттары да айтылды. Бұл мәселе әр тұрғынның сотқа жүгінуі арқылы шешімін табатынын ескерткен аудан әкіміне тұрғындар ауыл балаларына спорттық ойын алаңының қажеттігін айтты.

Кездесуден соң аудан әкімі Қанат Есболатов «Сарыөзек – Малайсары» автожолының жағдайын бақылап шықты. Өйткені, биыл 7 наурызда ауа температурасының күрт көтеріліп, қардың қарқынды еруі салдарынан Малайсары стансысындағы облыстық маңызы бар «Сарыөзек – Малайсары» автожолының  жол төсемін ағын су шайып кеткен еді.

Тілсіз жаудың кесірінен автожолдың 700 метрлік бөлшегі зақымданды. Былтыр жолдың осы бөлігін облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен «Балқаш жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 313 миллион теңгеге орташа жөндеуден өткізген. Осыған орай облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жолды тексеріп, ақаулы актіні жасады. Енді автожолды қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізу мәселесі қаралуда.

Раушан Бисембекова,
Кербұлақ ауданы әкімінің  баспасөз хатшысы