"Табанына тас байлап алғандай": депутат интернет сапасына қатысты сауал жолдады

Уақыты: 24.05.2023
Оқылды: 1127
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге Қазақстандықтарды  интернетпен қамту мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы. 

Қазірге дейін ұсынылған деректер бойынша, Қазақстандағы 6290 ауылдың 5000-ға жуығына кең жолақты мобильді интернет тартылған. 

"Қазақстанда интернет бар" деген аты болмаса бүкіл әлемде жылдам саналатын желі біздің елге келгенде табанына тас байлап алғандай көрінеді. Биылғы 1 сәуірдегі мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы халық саны 200 мыңнан асатын 1432 ауыл кең жолақты мобильді интернетке қосылмаған. Бұл ресми дерек. Шынайы жағдайға келсек, ғаламторды атымен көрмеген елді-мекендер саны бұдан әлденеше есе көп  болуы мүмкін. Басқасын былай қойғанда бас қаланың біраз жерінде интернет әупірімдеп әрең істейді", - деді депутат.

Депутаттың пікірінше, бұндай жағдайда халықтың электронды құжатқа көшу мәселесі де қиындық тудырады. 

"2023 жылдың 4 айының өзінде қазақстандықтар сапасыз интернетке қатысты 5 мыңнан астам арыз-шағым түсірген. Осы жерде заңды сауал туады. Сапасыз интернетті ұсынған операторларға қандай жаза кесілді? Қанша айыппұл салынды? Бұған дейін байланыс операторларына салынған айыппұлды естіп келдік. Демек бұл мәселенің шешімі емес екенін түсінетін кез келген жоқ па?", - деп атап өтті ол.

Мәжілісімен бұдан бөлек, құрылыс саласында да интернет мәселесі жемқорлыққа тіреліп тұрғанын айтады. 

"Мысалы, Астанадағы тұрғын үй кешендерінде тұратын отандастарымыз өз қалауына қарай интернет қызметін ұсынатын компанияны таңдай алмайды. Өйткені құрылысты салған компания "біздің үйде тек мына интернет ұсынатын компанияның қызметін пайдалана аласыз" дейді. Бұл да жемқорлықтың бір көрінісі емес пе?", - деді Н. Сәрсенғалиев.

Айта кетейік, депутат жолдаған ұсыныс – сапасыз интернет пен ұялы байланыссыз отырған ауылдардағы проблеманы шешу үшін Үкімет тарапынан арнайы комиссия құру, ұялы байланыс пен интернеті жоқ ауыл-аймақтардың тізімін жариялау және цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қай жерге, қай уақытта сапалы интернет жететінін ашық жариялау сияқты өзекті мәселелерді қамтыған.  

Фото:  baq.kz