Жыл басынан Жетісу өңірде 31 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Жоспар 100 пайыз орындалды, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында 2023 жылдың қаңтарында «Жетісу облысының Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітілген.
Аталған картаға сәйкес осы жылы облыста 31 560, оның ішінде уақытша – 10 002, тұрақты – 21 558 жұмыс орындарын құру жоспарланған.
«2023 жылдың 1 қарашасына дейін Өңірлік жұмыспен қамту картасы шеңберінде 31 599 адам (тұрақты – 21 106, уақытша –10 493) жұмысқа орналастырылды немесе жоспар 100,1% орындалды», - деп атап өтті Басқармадан.
Экономикалық қызмет түрлеріне сәйкес жұмыспен қамтылғандардың басым көпшілігі ауыл шаруашылығы, құрылыс және өндіріс, білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету салаларына орналасты. Жұмыспен қамтылған азаматтардың 60%-ы осы негізгі бес салаға тиесілі.
Басқарма тарапынан облыста еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздік мәселесі зерделеніп, жұмыс берушілер арасында сауалнама жүргізіліп отырады.
Сондай-ақ өңірлік жұмыспен қамту картасы жұмыссыздық деңгейінің 5,1%-дан 4,8%-ға дейін төмендеуіне ықпал етті.
«Жалпы, өңірлік жұмыспен қамту картасы шеңберінде жұмысқа орналастыру индикаторының орындалуы тұрақты, қойылған міндеттерді іске асыру бойынша барлық шаралар қабылдануда. Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі тапсырмасын іске асыру мақсатында осы жылдың 1 қаңтарынан бастап жастарға жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2,5%-дан жеңілдетілген шағын несие беру қолға алынды. Осы мақсатта Жетісу облысына 249 мирокредит беруге 1 млрд 245 млн теңге бөлінді. Бүгінгі күнге дейін 12 комиссия отырысы өтіп, 274 бизнес-жоба оң шешімін тауып, 268 адамға 1 235,4 млн теңге шағын несие берілді», - деп хабарлады Жетісу облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдамламалар басқармасының өкілдері.
Сонымен қатар ұлттық жоба аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін 400 АЕК (1 380 000 теңге) көлемінде 219 грант беру жоспарланған болатын.
Осы уақытқа дейін 219 адам 302,2 млн теңге грант алды. 2024 жылы жастарға 1,3 млрд теңге мөлшерінде 260 микрокредит және халықтың әлеуметтік осал топтарына 301,3 млн теңге көлемінде грант беру жоспарда тұр.
Дереккөз: Kazinform.
Фото: ғаламтордан алынды