БАСПАНА - БАСТЫ МӘСЕЛЕ

Уақыты: 13.06.2024
Оқылды: 278
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Шаңырақ шаттығын көздеген көп замандасымыздың заңдық-құқықтық тұрғыда білгені мен түсініп-тұшынғаны жеткілікті деп айту қиын. Дені аңсап жеткен баспанасын заңдастыру мәселесіне келгенде кібіртіктеп, көңілін тыншытпаған жайтты ойлап, жанын алаңдатқан сауалдың жауабын іздейді.


Сондай шақта әкімнің қабылдауына жазылып, баспана мәселесін жыр етеді. Шығыршықты айналған ақ тиындай бір сауал төңірегінен ойын өрістете алмай қалатын жайт та әкім қабылдауында орын алып жатады.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қабылдауына жазылған 8 баланың анасы Айнагүл Тоқпанбетова да баспананың құжатын рәсімдегісі келеді. Кейіпкерімізге 2019 жылы желтоқсан айында Талдықорған қаласы, «Береке» коттедж қалашығындағы 410-үй мекенжайынан «Көпбалалы отбасылар» санаты бойынша сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй берілген. Бүгінде аталған үйдің иесі екенін анықтайтын келісімшарт қағазын жасап, шатырын жасап беруге көмек сұрай келген. Аталған мәселені сараптаған облыс әкімі жауапты мамандарға тапсырма жүктеп, алдымен азаматтың келісімшартын заңды тұрғыда жасауды, шатырын қалыпқа келтіруді тапсырды.

Өз кезегінде облыс әкіміне мұңын шаға келген көпбалалы ана Күлбаршын Тазабекованың мәселесі де шешімін таппақ. Аталған кейіпкер 2-топтағы мүгедек ретінде 2005 жылдың мамырында «Халықтың әлеуметтік осал топтары» санаты бойынша №135 кезекке тіркелген. 2019 жылдың желтоқсанында тұрғын үй кезегімен баспаналы болғанымен ол үйге қоныстанбаған әрі құжаттары талапқа сай рәсімделмеген. Талдықорған қаласының тұрғын үй бөлімінің жүргізген жыл сайынғы түгендеу жұмысы барысында К. Тазабекова 2-топтағы мүгедектігінен 2007 жылы айырылғаны анықталып, осы себепті 2020 жылдың қаңтарында үйінің кілті қайтарып алынған және сол жылдың сәуірінде кезектен шығарылған. Осыған орай кезегін қалыпқа келтіріп беруін әрі заңды тұрғыда баспаналы болғысы келетінін жеткізген тұрғынның өтініші бойынша да облыс әкімі жауапты мамандарға тапсырма жүктеді.

АРДА БИ