САҚТАНСАҢ САҚТАЙДЫ

Уақыты: 22.06.2024
Оқылды: 371
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде облыста маса мен кенені дәрілеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатқаны туралы брифинг өтті. Бұл жайлы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиев баяндады.


Биыл сәуір айынан бастап кене шағудың 470 жағдайы тіркелді, оның ішінде 230 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында орын алды. Былтырғы жылмен салыстырғанда 28% жоғарылаған. Соның ішінде 452 адам иммуноглобулин алды, 18 адам егілмеді.

Кене энцефалиті – флавивирус (Flavivirus) туыстастығының  вирустарымен шақырылатын, бас миының және жұлынның зақымдалуымен өтетін табиғи-ошақтық ауру. 

Флавивирус вирусының ерекшелігі – залалсыздандыру заттарына, ультракүлгін сәулелерге төзімсіз, бірақ төмен температурада ұзақ уақыт сақталуы мүмкін. Залалданған сүт өнімдерінде вирус 2 айға дейін сақталады. 

Вирус кене шаққан кезде, кенені жаншыған кезде, термиялық өңдеуден өтпеген ауру малдың сүтін және сүт өнімдерін пайдаланғанда жұғады. Адамның терісінде болған уақыты ұзарған сайын ауру туындау қаупі жоғарылайды. 

Масалар безгек паразитімен ауруды жұқтырады, содан кейін сау адамды тістеп, сілекей арқылы қанға енеді. Әрі қарай паразит бауырға  түсіп көбейеді, ары қарай қанға қайта бағытталып, кандағы қызыл клетка – эритроциттерді жояды.    

Безгектің алдын алу мақсатында, безгек масаларына қарсы анофелогенді су айдындарында 3 кезеңмен маусым, шілде, тамыз айларында 150 гектарға өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде  Қаратал, Панфилов аудандары мен Талдықорған қаласында 96 гектар өңдеу жұмыстары жалғасуда. 

Айта кетейік, биыл кенеге қарсы өңдеу жұмыстарына 2 млн. 890 272 теңге, безгек масаларына қарсы 874 800 мың теңге бөлініп, «Фаворит» дәрісі сатылып алынды.

А. ӘБІЛТАЙҚЫЗЫ