ҒАЛАМТОРҒА ТӘУЕЛДІ БОЛМАҢЫЗ

Уақыты: 22.06.2024
Оқылды: 347
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қазіргі заманның дерті – ғаламтор. Әрбір адамды жіпсіз байлаған бұл қауіпті дерттен құтылу әсте мүмкін болмай барады. Соның салдарынан көпшілік ашушаңдыққа тез бой алдырады.


 Бүгінде жас та, жасамыс та әлеуметтік желінің жетегінде кеткенін айтуға мәжбүрміз. Ғалымдар да, сала мамандары да ғаламтордың тигізер зиянының көп екенін айтқанымен біз терең мән бермей келеміз. Бірақ оның пайдалы тұсы да жоқ емес. Мәселен, іздегеніңді оңай табуға, электронды сауда жасауға, кез келген қашықтан хат алмасуға, хабарласуға таптырмас мүмкіндік. Қысқасы, ғаламтор шетсіз де шексіз әлем. Жер шарында болып жатқан жаңалықтар мен оқиғалардан хабардар болуға көп пайдасын тигізеді. Алыста көрісе алмай жүрген туған-туыс, дос-жаранмен бейнеқоңырау арқылы байланысуға да мүмкіндік бар. Қаншама жан интернет арқылы білімін кеңейтіп, сол арқылы шет тілін үйреніп жүргендер қатары аз емес. Бірақ осы пайданың бәрі денсаулыққа зиын екеніне көңіл бөлмейтініміз жаман. Сондықтан да қазір ғаламторға деген тәуелділік ғаламдық мәселеге айналып барады. 

Өмірін телефонсыз, ғаламторсыз елестете алмайтын жастардың басым бөлігінің есте сақтау және ойлау қабілеті төмен десек, артық айтқандық болмас. Ал әрбір үшінші жас көзілдірік киіп жүр десек қарсы шықпайтыныңыз анық. Компьютер алдында, болмаса алақандай құрылғыны ұстап алып сағаттап отыратын жастар түрлі ауруға шалдығып жатқаны да өтірік емес. 

Түрлі әлеуметтік желілер қызықты контенттері арқылы адамды баурап алады. Уақытпен санаспай қызық көрген адам алтындай уақыттың құмға сіңген судай жоғалып жатқанына да мән бермейді. 

Ғаламтордың пайдасы мен зиянын айту – біздің міндет. Оны қалай қолданасыз, сіздің еншіңізде. Тек бар уақытыңызды әлеуметтік желіде бос өткізбей, пайдалы ақпаратпен қанықсаңыз нұр үстіне нұр болар еді. Ең бастысы,  ғаламторға тәуелді болып қалудан сақтанғаныңыз жөн. 

                               Назерке НӘБІКЕНОВА,
                                          ЖУ студенті