АЗАМАТТЫҒЫ ЖОҚ ҚАРИЯ

Уақыты: 22.06.2024
Оқылды: 490
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жұманазар Атажанов соңғы 30 жылдан бері Қазақстанда өмір сүріп, шаруашылықта, оның ішінде, Алматы облысының Бақанас өңіріндегі балық шаруашылығында, Ұзынағашта жылқы бағып, түрлі ауыр жұмыс істеген. 1956 жылғы азамат 1985 жылы Қарақалпақ-станнан Қазақстанға шегара асып  келген.


Кеңес одағы ыдыраған соң 1991 жылы Жұманазар Атажанов  тәуелсіздік алған Өзбекстан мемлекетінде де және сол кездегі тұрып жатқан Қазақстан мемлекетінің де азаматтығына іліне алмаған. Сөйтіп ел тәуелсіздігін алғалы бері құжатсыз жүрген. Сонымен қатар, Өзбекстан мемлекетінің заңы бойынша елден шегара асып, 2 жылда оралмаған өз азаматтарын азаматтықтан шығарып тастауы одан әрі қиындық тудырған. Яғни Жұманазар Атажанов Өзбекстан Республикасының да, Қазақстан Республикасының да азаматтары базасында тіркелмей қалған. 

Қария 1985 жылдан осы уақытқа дейін қазіргі Алматы, Жетісу облыстарында қара жұмыс істеп жүріп  қарт болып, күш-жігері кеткен. Атажановты 2014 жылы Жамбыл ауданының полиция өкілдері сол кездегі Алматы облысында алғаш рет ашылған Талдықорған қаласындағы «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне әкеліп орналастырған. 

Орталықтың заңгерлері, басқа да азаматтар Өзбекстан азаматтығын алып, Отанына қайтару бойынша талай жұмыс атқарған. Қарияның тілегі өз Отаны Қарақалпақстанға оралу  еді. Бірақ Өзбекстан мемлекетінің заңына байланысты құжаттарды рәсімдеу шектелді. 

Былтыр қаңтар айынан бастап    орталық мамандары «Бармысың, бауырым» бағдарламасының еріктісі әрі осы орталыққа үнемі көмек көрсетіп жүрген қала тұрғыны, мемлекеттік қызметкер Ғазиз Аманжолұлына жүгініп, құжаттарын рәсімдеу жұмыстары одан әрі қайта жанданды.

Қарақалпақстанның Төрткөл қаласынан қарияның бауырлары, әпке-қарындастары табылды. Бірақ олар қарияны отбасына қабылдаудан, оның Жұманазар Атажанов екенін растайтын куә болудан бас тартқан. Бұл жағдай азаматтықты алдыруға, Отанына оралуға қиындық әкелді. 

Ғазиз Аманжолұлы қарияның Қазақстан азаматтығын алу жұмысына қаржылық қолдау көрсету үшін Талдықорған аймақтық әйелдерді қолдау орталығының президенті Жанар Нұрмұханова және «Ажар» фабрикасының директоры Баян Ержановаға жүгінді. Сонымен қатар, орталық тарапынан заңгер Ардақ Әбдібекова Қарақалпақстанның Төрткөл қаласындағы АХАЖ органдарына, мұрағатқа арнайы барып, туу туралы куәлігі және басқа да құжаттарын алған.

Орталық мамандары мен еріктілердің екіжақты жұмысы арқасында Жұманазар Атажановқа 2024 жылдың 17 маусымы күні «Қазақстан Республикасының Азаматтығы жоқ куәлігі» деген статуста паспорт берілді. Қария ҚР қорғауында болмақ. Сонымен қатар, осы құжаттан кейін қарияға зейнетақы алу бойынша жұмыстар жүргізіледі.

А. ӘБІЛТАЙҚЫЗЫ