Күллі жаратылыс уақытқа тәуелді. Сондықтан уақыттың құны – аса үлкен, өте күрделі құбылыс. Бірақ бүгінгі қоғамдағы жастардың көбіcі уақыттың қадірін біле бермейді.
Ең алғаш жоғары оқу орнына түскенімде, сүйікті мамандығымда жұмыс істеу үшін бақандай 4 жыл оқуым керек деп едім. Сол кезде үйдегі үлкендер: «Уақыттың қадірін біл. 4 жыл деген көзді ашып-жұмғанша өтіп кетеді» деп ақылын айтқан еді. Рас. Уақыт зымырап өте шықты. Біз көбінесе уақытымызды мүлдем керек емес дүниелерге жұмсаймыз. Бір күнімді бос өткізсем үйдегілердің айтқан сөзі есіме оралады.
Ал қазіргі қоғамда қос құндылықтың қадірін түсінбей, жастық шағым осы екен деп жалғанды жалпағынан басып жүргендер қаншама?! Уақытын босқа шығындап, өз өміріне өзі балта шауып жатқандарды көріп іштей қынжыласың. Көпке топырақ шашудан аулақпын, десе де уақыт қадірін түсінбей жүрген жастар өте көп. Мәселен, біз биыл мамандық бойынша іс-тәжірибеден өтіп жатырмыз. Қатарластарымның кейбірі мамандыққа байланысты тәжірибеден өтпей, онда құр уақыт өткізгенше деп жеңіл жұмыс тауып, қу ақшаның артынан жүгіріп жүр. Сол себептен оқуға салғырт қарап, әртүрлі құмар ойындарға әуестенеді. Осындай бос әрекеттерімен кейін өмірдегі ең бағалы уақытынан айырылып қалғанын білмей қалады. Ең сорақысы, жастар күні-түні телефонға телміріп, құмар ойын ойнап, түнгі клубтардың маңайынан шықпайды. Пайдасыз нәрселерге неліктен әуес екенін сұрасаң: «Уақыт өткізу үшін ғой», – дейді. Сонда өмір уақыт өткізу үшін берілген бе? Уақытын бос өткізіп жүрген жастарды көргенде Абай атамыздың мына бір өлең жолы ойыңа еріксіз оралады.
Сағаттың шықылдағы емес ермек,
Һәмишә өмір өтпек, ол білдірмек.
Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,
Өтті, өлді, тағдыр жоқ
қайта келмек.
Сағаттың өзі ұры шықылдаған,
Өмірді білдірмеген, күнде ұрлаған.
Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ,
келді, кетті,
Қайта айналмас, бұрылмас
бұлдыр заман.
Иә, уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз. Уақытты қалаған кезімізде ұзартып, қалаған кезімізде қысқарта алмаймыз. Сондықтан уақытымызды текке өткізбей, білім қуып, пайдалы дүниелермен айналысайық.
Аяулым ШЫНГАЕВА,
ЖУ студенті