Текеліде сел қаупі салдарынан алты жеке үй тұрғындары көшірілуде. Қазіргі таңда сел қаупі бар жердегі жағдай үнемі бақылауда.
Текелі қаласының әкімі Алмас Әділдің айтуынша, бұл үйлердің сел қаупі бар аймақта тұрғаны анықталған. Сондай-ақ, бұл мақсатқа бюджеттен 90 миллион теңге көлемінде қаражат бөлініпті. Төрт отбасы өздеріне берілген пәтерлерге көшіп келген. Ал екі отбасының үйін тастап кетуіне тура келсе, олар оның орнына ақшалай өтемақы алғысы келеді. Осы тұрғыда Алмас Қабдолұлы өтемақыға қатысты шешімді сот қабылдауы тиіс екенін жеткізді.
Шаһардың негізгі мәселелерінің бірі апатты үйлер болып табылады. Бүгінгі таңда Текелі қаласында 141 пәтерлі 15 апатты тұрғын үй бар және бұл мәселе кезең-кезеңмен шешімін тауып жатқан көрінеді. Өткен жылы апатты үйлер тұрғындарын көшіру үшін 93 пәтер сатып алынған, ал биыл 470 миллион теңгеге 48 пәтер сатып алу көзделіп отыр. Қала әкімдігінің мәліметінше, жоспарланған 48 пәтердің 11-і төтенше жағдай қызметкерлеріне берілмек.
Еске сала кетейік, осыдан екі жыл бұрын таулардағы әдемі қалашықта балшық селінің салдарынан бес жеке тұрғын үй қирап, бес жасар қыз бала қаза тапқан болатын.
А. БАЙЖҰМАҚЫЗЫ
Текелі қаласы