2024 жылдың маусым айынан бастап Halyk банкінің қосымшасында «Мемлекеттік қызметтер» – «Жылжымайтын мүлік» бөлімінде Қазақстанның үлестік құрылысының заңды объектілерін тексеру қызметі іске қосылды.
Енді құрылыс кезеңінде тұрғын үй сатып алғысы келетін азаматтар құрылыс салушыларда ҚТК кепілдігінің немесе үлескерлердің қаражатын тартуға әкімдіктің рұқсатының бар-жоғын тексере алады. Ол үшін құрылыс салушының БСН немесе тұрғын үй кешені атауын енгізу жеткілікті. Сондай-ақ Halyk қосымшасынан тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы заңнамаға сәйкес өз ақшасын қауіпсіз салуға болатын барлық тұрғын үй кешені туралы қажетті ақпараттарды ала аласыз. Сонымен қатар аяқталған нысандар және бұрын алынған рұқсаттар мен кепілдіктер туралы ақпарат та орналастырылады.
Айта кетейік, қосымшаға ақпарат «Қазреестр» бірыңғай ақпараттық жүйесінен келіп түседі. Онда барлық заңды үлестік объектілер мен үлестік қатысу туралы шарттар есепке алынады.
«Салынып жатқан тұрғын үйді сатып алудан және сату кеңселерінде шарт жасасудан бұрын азаматтарға құрылыс салушыларда ҚТК кепілдігінің не үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсаттың бар-жоғын тексеру маңызды. Halyk Bank және ҚТК әзірлеген сервис бұл тексеруді ыңғайлы форматта – Halyk қосымшасы арқылы онлайн жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл шешімнің салынып жатқан тұрғын үймен жасалған мәмілелер кезінде тәуекелдерді айтарлықтай азайтатынына сенімдіміз», - деді «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Алтай Күздібаев.
Қазіргі кезде «Бәйтерек» холдингінің алдында ауқымды цифрландыру, оның ішінде үлестік тұрғын үй құрылысын қолдау саласы бойынша міндет тұр.
«Halyk Bank және ҚТК әзірлеген цифрлық сервис азаматтардың үлестік құрылысқа қауіпсіз қатысуын қамтамасыз етудің тағы бір құралы болады. Осы ретте өзіңізді және жинақтарыңызды қорғаңыз. Тек заңды үлестік құрылысқа қатысыңыз», - деп атап өтті Бәйтерек холдингі Басқарма төрағасының орынбасары Үсен Ғалым.
Осылайша, жаңа сервис азаматтардың қаражатын заңсыз тартатын құрылыс компанияларынан тұрғын үй сатып алудан қорғауға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ құрылыс салушылар тарапынан үлескерлердің құқықтары мен міндеттемелерін бұзу тәуекелі барынша азаяды.