ӘДЕП КОДЕКІСІНІҢ ТАЛАПТАРЫ

Уақыты: 11.07.2024
Оқылды: 348
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілердің мемлекет тұрақтылығының кепілі екені сөзсіз. Олар мемлекеттік қызметтегі мінез-құлық қағидаларын реттейтін Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін басшылыққа алуға міндетті. Кодекске сәйкес, мемлекеттік қызметші жоғары кәсіби, адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтауға тиіс. 


Осы концепцияларды мемлекеттік қызметшілердің арасында кеңінен насихаттау мақсатында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының қызметкерлері Алмаз Қалибеков пен Жандос Әсембай облыстық қазынашылық департаментінің мемлекеттік қызметшілерімен кездесу өткізді. Кездесуде мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың талаптары және мемлекеттік қызметшілердің кәсіби қызметінің тиімділігі мен сапасын арттыру мақсатында олардың моральдық-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру және нығайту бойынша кеңінен айтылды. 

Қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенім деңгейін арттыру және халықпен кері байланысты жақсарту үшін жұмыс істеу қажет. Осы тұрғыдан алғанда жаңа Әдеп кодексінің қызметтік әдеп нормаларын дұрыс түсіну мен қолдануда маңызы зор. Өз кезегінде Кодекстің құрылымында «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» атты жаңа тарау пайда болды, соған сәйкес мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі алты қағидатқа негізделген. 

Мемлекеттік қызметшінің мәртебесі өзінің бар міндеттерінен басқа «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңында көзделген мемлекеттік қызметшінің құқықтарын, бостандықтарын да қамтиды. Мемлекеттік қызметшілердің еңбегін, денсаулығын қорғауға, қауіпсіз және тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті еңбек жағдайларына, сондай-ақ әлеуметтік және құқықтық қорғалуға құқығы бар. Департамент қызметкерлері жиында мемлекеттік қызметшілерге қашықтықтан жұмысты, қашықтықтан аралас жұмысты, икемді жұмыс кестесін енгізу мүмкіндіктері, еңбек нормалары, талдау жүйелерін интеграциялау, сондай-ақ, үстеме жұмыс фактілерін болдырмау бойынша түсіндірді. 

Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Жетісу облысы бойынша департаменті