ЕҢ КҮРДЕЛІ МАМАНДЫҚ

Уақыты: 11.07.2024
Оқылды: 180
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қазақстан – аграрлы ел. Ауылшаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемінің жартысына жуығы малшаруашылығы саласының үлесіне тиесілі. Елде қазір малшаруашылығын дамытуда мүмкіндік мол.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында мал басының амандығы ветеринария саласы мамандарының тиімді жұмысына байланысты екенін атап көрсетті. 

Мемлекет басшысы: «Ветеринария саласы жетілдіруді қажет етеді. Бұл салада орталық пен өңірлер арасындағы міндеттер мен құзыреттер нақты бөлінуі керек. Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Түптеп келгенде, бұл ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес. Сондықтан осы салада жүйелі жұмыс атқарылуға тиіс. Атап айтқанда, үдерістерді цифрландыру, мәлімет жинау және оны автоматтандыру, маман даярлау, олардың жалақысын көбейту шаралары. Үкімет жыл соңына дейін ветеринария жүйесін реформалау жөнінде нақты шаралар қабылдауы керек» – деген еді.
Ветеринар – ең күрделі мамандықтың бірі. Жалпы, бұл мамандықтың атқаратын рөлі қандай? Осы тұрғыда «Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді», деген сөз еріксіз ойға оралады. Ветеринардың басты міндеті жануар денсаулығын сақтау. Сондықтан, ол өз ісінің шебері болуы тиіс. 2002 жылғы 10 шілде күні ҚР «Ветеринария туралы» жаңа Заң қабылданды. Жалпы, аталған қызметтің негізгі міндеті республика аумағының тұрақты эпизоотиялық саламаттылығын қамтамасыз ету – бұл жануарлардың аса қауіпті ауруларының пайда болуы мен таралуының алдын алады. 

Ветеринария – жануарды түрлі аурудан қорғап, емдік көмек көрсетеді. Сондай-ақ, адамды жануар ауруынан қорғау жөніндегі мемлекеттік, шаруашылық және қоғамдық іс-шаралар жүйесі –  тікелей жануарды емдейтін дәрігер, жануар мен өнімнен алынатын сынамамен жұмыс істейтін ветеринарлық зертхана қызметкері және тиісті мемлекеттік тексеру ісін жүргізетін ветеринарлық-санитарлық инспектордан құралады. Ветеринарлық қызметкердің әр бағыт бойынша бірлесе атқарған сапалы жұмысы тиісті аумақтағы эпизоотиялық саламаттылықтың нәтижесі.

Осы ретте қазіргі Жетісу, бұрынғы Алматы, Талдықорған облыстары кезінде саланың дамуы мен замануи дәрежеге жетуіне үлес қосқан азаматтардың еңбегін атап өткен орынды. Мәселен, Нұрсовет Жаманбалин, Айдарбек Жантайлақов, Әділ Ниязов, Марат Ауғамбаев, Өмірсерік Қыдырбаев сынды азаматтар ветеринарлық қауіпсіздікті сақтауда маңдай терлетті. Осындай тұлғалардан тәрбие алған мамандар қазір ветеринария саласы бойынша лауазымды қызметтер атқаруда. Атап өтсек, аудандық деңгейдегі инспекцияда еңбек жолын бастап, тәжірибе жинаған аудандық аумақтық инспекциялардың басшылары Бекзат Болатбеков, Саламат Бәзікей сынды қызметкерлер бүгінде өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқаруда.

Биылдан бастап ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 258 «Кәсіби мерекелердің тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес 10 шілде күні «Ветеринариялық қызметкер күні» кәсіби мерекесі болып бекітілді. Осы орайда ветеринария саласының дамуына үлес қосып жүрген Жетісу жерінің барша қызметкерін кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, адамзат саулығы жолындағы еңбектеріне жеміс тілейміз.

Әсем АСҚАРОВА,
ҚР АШМ 
Ветеринариялық бақылау және  қадағалау 
комитетінің Жетісу 
облысы бойынша 
аумақтық 
инспекциясының 
әкімшілік және 
қаржылық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы