Алакөл көлі – еліміздегі талапқа сай келетін демалыс орындарының бірі. Ол Жетісу жері мен Шығыс Қазақстан облысының шегарасында орналасқан.
Алакөлдің емдік қасиеті де бар. Оған қызығатындар демалу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен келеді. Көл жағасында Ақши және Көктұма курорттық ауылдары орналасқан. «ARASAN DE LUX» демалыс аймағының жетекшісі жеке кәсіпкер Дастан Мұратұлы қызметін 2007 жылы бастады. Ендігі кезекте ол кәсібін одан әрі өрістетуді мақсат тұтуда. Сол себепті «Forte Bank» акционерлік қоғамынан несие алды. Жобаны «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы шеңберінде «Даму» қоры қолдап, нәтижесінде 7% сыйақы мөлшерінің бір бөлігі субсидияланады және кепілдік беру құралымен қолдау тапты.
«ARASAN DE LUX» демалыс аймағы Алакөл көлінің оң жағалауындағы Ақши ауылында орналасқан. Бұл қонақүй кешені балалы отбасылар үшін ең қолайлы демалыс орындарының бірі саналады. Бүгінгі таңда кешеннің 1-қабатты 6 ғимаратында 27 бөлме бар. Оның әрқайсына 4 төсектен қойылған. Сонымен бірге 2 VIP коттедж орналасқан.
Нысан аумағында, сондай-ақ, демалушылар үшін жазғы және балалардың ойын алаңдары салынған. Алыстан ат терлетіп келгендердің көңілін көтеретін концерттік сахна, дене қозғалысына ерік беретін спорттық орын, жеке автотұрақ, дәмхана, монша бар. Бір сөзбен айтқанда, туристердің алаңсыз демалуы үшін барлық жағдай қарастырылған.
Айгүл Байжұмақызы
Алакөл ауданы