Баланың мейірім мен шапағат шуағына шомылып, ілтипаты ізгілікті іс-қимылынан көрініс тауып өскені жан жадыратады. Олардың ерте бастан заман көшінің қалай жүйткитінін аңғарып ержеткені үлкен маңызға ие. Лагерь өрендері де «Таза Қазақстан» акциясының жаңаша бір түрленуіне өз үлестерін қосты.
Ақшидегі жазғы сауықтыру лагерінің жеткіншектері арасында «Аlakol clean» атты сурет байқауы ұйымдастырылды. Оған Үшарал қаласы мен әр ауылдық округтерден келген 50-ге жуық демалушы қатысты. Оқушылар ел көлемінде өткізіліп жатқан акция аясында табиғаттың суретін салып сынға түсті. Олар өз шығармаларында тазалықты, қоршаған ортаның адам үшін маңыздылығын бейнелеп, көпшілікке үлгі болды.
Жалпы аталған байқаудың негізгі мақсаты – «Таза Қазақстан» акциясының идеологиялық мазмұнын түсіндіру, вандализмге жол бермеу, тазалықты сақтауға және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға назар аудару, табиғатты ластаудан, қорлаудан аулақ болуға шақыру. Аталған мақсат баршаға ортақ екенін айта кеткен жөн.
Жастардың тәрбиесіне, тазалығына септігін тигізген байқау қорытындысы бойынша 1-орынды Айзере Омар еншіледі. 2-орын Ардана Ардаққызына бұйырды. 3-орыннан Айару Кемелбекова көрінді. Жеңімпаздар арнайы диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Игілікті шараның өтуіне мұрындық болған «Alakol jastary» филиалының қызметкерлері. Олар елдің өркендеуі үшін балаларды осы бастан жақсы істің жаршысы болуға үйрету керек деп санайды. Алдағы уақытта да мұндай бастамалар өз жалғасын табатынын айтады.
Медет ЖҰМАБАЙ