ДЕНСАУЛЫҚ – БАСТЫ БАЙЛЫҚ

Уақыты: 24.07.2024
Оқылды: 491
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру мәселесі Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды. Жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндады.

Айтуынша, бүгінде ұлттық жоба аясында Денсаулық сақтау министрлігі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік сараптама қорытындыларын ала отырып, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және байланыстыру жұмыстарын толығымен аяқтаған. Жоспарланған 655 МСАК объектісінің 102-сінің құрылысы біткен. Бұдан басқа, өңірлердің әкімдіктері жергілікті бюджеттерден 551 объектіні бірлесіп қаржыландыруды көздеген. 441 нысан бойынша құрылысқа шарттар жасалса, 107 нысан конкурстық рәсімдер сатысында тұр.

Биыл 355 нысанның құрылысына республикалық бюджеттен және Үкімет резерві есебінен қаражат бөлу көзделіп отыр. 194 нысанның құрылысына қаржы министрлігімен бірлесіп, бұрын қабылданған қаулыға өзгерістер енгізу арқылы Үкімет резервінен қаражат бөлу жоспарлануда. Ұлттық жобаның екінші бөлігін іске асыру аясында Қазақстанда 32 аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы күрделі жөндеуге 3,9 млрд теңге салынды, биыл 7,6 млрд теңгеге қосымша өтініммен 9,7 млрд теңге бөлу көзделген.

Үкімет отырысында Қарағанды және Алматы, Жетісу облысы әкімдерінің баяндамалары тыңдалды. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев атап өткендей, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірдің 8 ауданында 59 Денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланған. Аталған объектілердің жобалық жұмыстарына жергілікті бюджеттен 243,3 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Республикалық бюджеттен облыстың құрылыс жұмыстарына қажетті 11,5 млрд теңгенің 3,7 млрд теңгесі бөлінді. Бүгінгі таңда 44 нысан бойынша мердігерлік ұйымдар анықталып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Қалған 15 жоба бойынша конкурстық рәсімдер өткізіледі. 50 нысанды пайдалануға беру қараша айына, 9 нысан биыл желтоқсанға жоспарланған. Бұдан басқа, объектілердің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жобалауға облыстық бюджеттен 230,7 млн теңге бөлініп, сараптама қорытындысы алынды. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысының жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайды, ол жергілікті бюджеттен бөлінеді. Бүгінгі таңда 38 нысан бойынша мердігерлік ұйымдар анықталып, шарттар жасалды, 21 нысан бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде, қорытындылары шілде айының соңына жоспарланған. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы қыркүйек айының соңына дейін аяқталады. Осылайша облыстағы сала бойынша атқарылып жатқан істі баяндаған аймақ басшысы Бейбіт Өксікбайұлы: «Ұлттық жобасының іске асырылуы тұрақты бақылауда. Біз өзімізге алған міндеттемелерді мерзімінде орындаймыз», – деп атап өтті.

Айта кетерлігі, Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өз баяндамасында медициналық мекемелерді маманмен қамтамасыз ету үшін 1100-ге жуық медицина қызметкерін жұмысқа орналастыру жоспарланғанын атап өткен болатын. Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансенгіровтің айтуынша, өңірде кадр тапшылығы 202 маманды құрайды.

– Бұл әртүрлі профильдегі мамандар: жалпы практика дәрігерлері, анестезиологтар-реанимотологтар, акушер-гинекологтар, неонатологтар. Облыс әкімінің қолдауымен біздің өңірге кадрлар тарту шеңберінде келуші жас мамандар үшін көтерме әлеуметтік жәрдемақылар бастамасы қолдау тапты (Ауылдық жерлерге – 10 млн. теңгеге дейін, қалаға – 5 млн. теңге). Бүгінгі таңда 11 маман осы көтерме жәрдемақыларды алды. Биыл біз осындай 70 маманды жұмысқа тартуды жоспарлап отырмыз, – дейді Арман Жансенгіров.

Жалпы отырыста Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ұлттық жоба аясындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Ол:

–  Барлық нысандар белгіленген мерзімде тапсырылуы тиіс. Бұл ретте құрылыстың барлық нормативтік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар, аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу және қайта құру жұмыстарын жандандыру қажет. Сондай-ақ медициналық жабдықтарға қажеттілік көлемін анықтау керек, – деп атап өтті.

Әкімдіктерге нысандарды уақытылы және сапалы пайдалану жөнінде, Денсаулық сақтау және қаржы министрліктеріне қалған жобаларды қаржыландыру мәселесін шешу, сондай-ақ денсаулық сақтау министрлігіне нысандарға жүргізілетін құрылыс аяқталғанға дейін сапалы мониторинг жүргізу жөнінде тапсырма берді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Фото: primeminister.kz