ЖЕТІМ КӨЗДІҢ ТАМШЫСЫ

Уақыты: 28.07.2024
Оқылды: 550
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Содан бері қаншама күз өтті, жаз жылыстады?! Шикіл сары қызбен Талдықорғанның қалтарыс-бұлтарысы көп шағын ауданын шиырлап жүретінбіз. Өмір жайлы толғанатынбыз, әке, ана болудың жауапкершілігі мен бақытын, қызығын жас көкірекпен салмақтап көретінбіз.

Қоңыр көзі қоздап тұратын шикіл сары сол құрбымның әкесі жоқ еді... Тастап кеткен екен. Түрін де көрмепті, өзі болса анасының бауырында өскен. Менің де бұл жағынан жырғап тұрғаным шамалы. Әкей ерте дүние салған. Дәуірін теріс қаратқан соң біздің шешей де ешкіммен тұрмыс құрмай жалғыз ұлының асты-үстіне түскен, барын алдына тартқан. 

Әке тәлімін аңсаған, оларды бір сағынып, бір сөгетін, іштей кектеніп те қалатын қос құрбы болып шаһардың шағын ауданын аралауды әдетке айналдырдық. Қоңыр күздің омырауын жапырақ жапқан сондай қызық кештің бірінде көпқабатты үйдің бұрышынан ашылған дүкенге кірдік. Сусын, тіскебасар алуға болар, бәлкім. 

Шағын ғана дүкенде тәп-тәтті немересін жетектеген бейтаныс апа сатушы кемпірмен әңгімелесіп тұр екен. 

...Басында солай ойладық. Балдырған саусағын шошайтып ананы-мынаны көрсетіп, өзінше әңгіме айтқан бүлдіршінді сырттан көзі сығырайған әйел жетектеп кеткенде ғана шикіл сары құрбым екеуміз аңтарылып қалдық. 

«Аты – Қарлығаш. Өзі сүп-сүйкімді, ә?! Қазақтың қарашығы ғой», – деп әңгімесін жалғастырған сатушы кемпір қасындағы сырласына жаңа тақырыптың бетін ашып, тың әңгімеге төркіндей жөнелді. Ары қарайғы айтқандары да құлағымызда самбырлап қалды... Көзіміздің жасын қоңыр күздің омырауын жапқан жапыраққа тырс-тырс тамызып, шағын ауданды сол күні тым ұзақ шиырлағанымыз есімде.

«Оны кәріс әйел асырап алыпты. Қазақтың қаракөз балапаны ғой. Обал-ай. Мені іш тартып, дүкенге жиі қашып келеді. Былдырлап әңгіме айтады. Тәттімді ұсынамын. Кәріс қатын өз ана тіліне икемдеп кәрісше сөйлесетін көрінеді, оны қазақтың баласы қайдан ұқсын?! Ызалы қатын көкала қойдай етіп сабайтын көрінеді, денесіндегі дақтардан аңғарамын. Балапанын жетім етіп, кәрістің жәбіріне тастағандағы обалы ата-анасына көрінсін де!». 

Содан бері қаншама күз өтті, жаз жылыстады?! Бәрін ұмыттым. Есімде кіп-кішкентай Қарлығаштың балдырған саусағы мен бауырмал қылығы қалыпты. Ал сатушы кемпірдің үнін ешқашан ұмытпаспын, сірә?! 

Шыңғыс ШАХАН
Талдықорған қаласы

Фото: birzhan.islam.kz