«Наурыз айы туғанда, той болушы еді бұл маңда» деген мұзбалақ Мұқағали ақынның жырын білім саласындағы ілкімді дүниені айтар сәтте сәл өңдеп жіберіп, «Тамыз айы туғанда» деп айшықтауға болатындай. Өйткені тамыз айы – білім саласында қыруар жұмыс қызатын шақ. Тіпті, ата-аналар да жаңа оқу жылына жас өскіндерді даярлап, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етіп, мектеп формасын да жаңадан сатып алады. Ал қатарластарымен бірге алтын ұяға күліп барар кейбір оқушылардың мәселесі «Мектепке жол» акциясы арқылы шешіліп жататыны да анық дүние.
Кейбір оқушылардың дегенде әлеуметтік осал топтан шыққан, аз қамтылған, көпбалалы, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды меңзеп отырмыз. Ал бұл орайда «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында Жетісу облысы бойынша 130 мың оқушының 40 мыңға жуығы аталмыш көмекке қол жеткізетінін айта кеткен жөн.
Б. Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз жиынында облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов баяндама жасап, 1 тамыз – 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылатынын атап өтті.
– «Мектепке жол» акциясын ұйымдастыру және өткізу бойынша өңірлік іс-шаралар жоспары бекітіліп, 16 500 әлеуметтік осал топтағы балалар тізімі жинақталды. Бұл орайда кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, аудандық, қалалық әкімдіктерге аудан, қала орталығы мен ірі сауда орындарында мектеп тауарларын төмендетілген бағамен сату бойынша қайырымдылық жәрмеңкелерін ұйымдастыру бойынша нақты тапсырмалар берілді, – деген Марат Бекбосынұлы өз кезегінде акция туралы билборд, баннер, жарнамалық плакаттар ілу, яғни насихаттау да жүйелі жүргізіліп жатқанын, әрбір азаматты халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды мектепке дайындауға шақыру жұмысы да қарқын алғанын тілге тиек етті.
Журналистердің қойған сауалына жан-жақты жауап берген білім басқармасының басшысы өз кезегінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің №64 Қаулысы аясында әлеуметтік осал топ отбасыларының 24 463 баласын киім-кешек, кеңсе тауарларымен қамту мақсатында жергілікті бюджеттен 1 млрд. 61 млн. теңге қаражат бөлінгенін айтады. Бұл қаражат ата-аналардың картсчетына 2024 жылдың 10 тамызына дейін толық түсетін болады.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Фото: 11-ileaud.mektebi.kz