Баланың кінәсі не?

Уақыты: 10.08.2024
Оқылды: 292
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Әрбір ер не қыз бала отбасын құрып, шаңырағын шаттыққа бөлеп, ұрпақ сүйіп, бақытты өмір сүргісі келеді. Бірақ бәрі де ойлағандай бола бермейді.

Бүгінгі таңда біздің қоғамда ажырасу мәселесі өте көп тіркелуде. Әлеуметтік жағдай, мінездердің үйлеспеуі және басқа да қысымдардың салдарынан отбасы ойрандалып, екі ортада бала ауыр соққы алады. Арманы, мақсаты, жоспары ортақ екі жұп ажырасқанда бала үшін міндетті түрде алимент өндіріледі. Баласының жарқын болашағы үшін алименттен жалтармай төлеп тұратын әке не ана жоқ жей алмаймыз. Бірақ бала жауапкершілігін арқалаудан қашатындар да оңай табылады. Мұндай жағдайда Заң аясында әрекет етіліп, балаға алимент өндіріледі.

Жалпы, алимент дегеніміз не?  «Неке және отбасы кодексіне» сәйкес, бір адамның басқа адамға берілетін міндетті ақшалай төлем. Ол көбінесе балаларды асырау үшін беріледі. Алайда кей жағдайда өзін асырай алмайтын ерлі-зайыптының біреуіне немесе ата-анаға төленуі мүмкін. Қамқорлықта, қорғаншылықта немесе патронаттық тәрбиеде болатын балалар, сондай-ақ, асырап алынған балалар да алиментке құқылы. Кодекстің 6-бабына сәйкес, балаға алимент ретінде тиісті сома баланың ата-анасына немесе басқа заңды өкілдеріне түседі және қаражат баланы асырауға, біліміне және тәрбиесіне жұмсалады.

Енді «алимент кімдерге беріледі?» деген заңды сұрақ пайда болады. Алиментті кәмелетке толмаған балаларға, кәмелетке толған, бірақ еңбекке жарамсыз балаларға, ерлі-зайыптылардың біріне және бұрынғы ерлі-зайыптылардың біріне және кәмелетке толған балалардың еңбекке жарамсыз ата-аналарын асырауына беріледі.

Егер ерлі-зайыптылардың арасында ұзақмерзімді өтемақы, яғни алимент туралы келісімге бұрынғы ерлі-зайыптылар қол қоймаса, онда сот орындаушысы ата-анасынан алимент төлеуді талап етеді.

Қазір борышкерлер қатары күн өткен сайын артып келеді. Себебі жауапкершілікті сезінбейтін адам көп. Алимент төлеушілерде кездесетін басты мәселе – олардың табыс көзінің болмауы. Сондықтан сот шығарған үкім орындалмай жатады. Бірақ ол ешқашан да кешірілмейді. Алиментті өндіріп, арызданушы тарапқа ұсыну жұмысы бүгінгі таңда өте жүйелі ұйымдастырылған. Қарызды өндірушінің мүліктері анықталмағандықтан алимент төлеу кезінде қиындықтар орын алатыны анық. Бұл ретте сот орындаушылар борышкерді әкімшілік жауапкершілікке тарту шараларын ұйымдастырады. Түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізіледі.

Алимент төлеу – міндет. Бірақ алименттен де маңызды дүние барын ұмытпағанымыз жөн. Ол – бала тағдыры. Үлкендердің қателіктері үшін бала жауап беруге міндетті емес. Әрбір бала толық отбасында тәрбие алып, ата-ананың махаббатына бөленіп өсуі керек. Сондықтан да ажыраспас бұрын баланың тағдырын ойлаңыздар дегім келеді.

Дәулет АХБАНБЕТОВ,
Жетісу облыстық өңірлік жеке сот орындаушылар палатасының
жеке сот орындаушысы