Ол өмірден баз кешті. Жан-жағындағылардан, өз шаңырағынан қашып келеді. Алды-артына қарамайды. Қарағысы келмейді. Шыдамы шегіне жетті. Ештеңе керек емес. Әсіресе, сүйіп тиген жарынан көрген зорлығын айтсаңшы. Өзінен-өзі қашып барады. Тоқтағысы келмейді. Осы бетімен бәрін ұмытуға, көрмеуге, өз өміріне қайтпауға бел буды. Қайда бара жатқаны белгісіз. Ауылдың шетінде тулап ағып жатқан өзен бар... Жанарын жас жуды. Қайран өмір... Әкесінің сөзіне еріп, ақшасына алданып мәпелеп баққан ұл-қызы да теріс айналды. Қорлық-ай. Ата-анасы: «Осының ұсқыны жаман бармашы!» дегеніне қарамай кетіп еді. Қателесіппін деп айта алмай шерменде күйде жүргеніне он жылдан асты. Жүрегі жылап тұрса да жүзін күлдіріп көрсетуді үйренді. «Енді қайтып ол үйге бармаймын. Осымен екі рет үстіме әйел әкелді. Қос құлыным үшін көндім ғой. Бірақ, соңғысы өтіп кетті. Денеме ыстық су құйғаны жанымды күйдірді – ау»...
...18 жасар бойжеткенді өңді жігіттің сұлу сөзі баурап алған. Бір-біріне ынтық еді. Күн-түн мұның үйін аңдитын. Кеш бата қыз әртүрлі сылтау айтып, кездесуге сытылып шығатын. Ыстық сезім баурап, аралары жақындаса берді. Жігіттің жанашырлығы ұнады. «Өмір бақи алақаныма салып өтемін» дейді. Қалжыңдары да өзіне жарасып тұрады. Соңғы кезде: «Үйленейік, алдымызда ұзақ-бақытты күндер тұр!», – деп қызықтыратынды шығарды. «Арманға бірге жетеміз» дейді. Қайда, қандай үйде тұратындарын да айтып береді. Көріпкелдігі бар сияқты. Бұл ертегі әлеміне шомып, сол күнді басынан өткізуге асығады. Бұрын-соңды еш жігіттен жылы сөз естімеген ол барын салып тыңдайды. Елтіп тұрып, адал жар болуға, ерінің барлық жағдайын жасауға сөз береді. Екеуі өмірдің ащы-тұщысын бір көруге сөз уәделесті. Осылайша күзде шаңырақ құруға сөз байласты.
Қыз жақсы көрген жігітті ауыл-аймақ жақтырмайды. Жігіттің сырын білмей жатып, қу деп атайтын ата-анасына сол азаматпен үйленетінін айта алмай ұзақ жүрді. Рұқсат бермейтіні сөзсіз. Ел айтты екен деп сөзге сене беруге болмайды ғой. Оның балгерлігі бары рас. Бірақ, алдына барғандар айтқаны келмеді деп ренжитін көрінеді. Мүмкін, өздері шатасатын болар...
Ақыры жігіттің қузауымен оған тұрмысқа шығатынын анасына жеткізді. Шешесі ат тонын ала қашып еді қызы өлсе де сонымен бірге болатынын айтып, әңгімені шорт кесті. Сол күннен анасы төсек тартып жатып қалды. Бауырын жерден көтере алмайды. Уhілей береді. Қызын қорғаушысына емес, қорлаушыға беретіндей кеудесі қарс айырыла күрсінеді. Перзентіне кейін өкінетінін айтып зар жылайды.
Ақыры қыз дегенін істеді. Көріпкел жігітке тұрмысқа шығып тынды. Сүйіктісі шаңырағына кіргізе салысымен талапты күшейтті. «Ағайын-туысыңмен араласпайсың. Ешкіммен сөйлеспейсің. Әйелдің міндеті от жағып, күл шығару. Басыңды көтеріп жүрмейсің. Не істесем де неге бұлай деп айтпайсың», – деген талапты рет-ретімен қойды. Сөйтіп жүріп, алғашқы сәбиіне екіқабат болды. Балаға деген сүйіспеншілік оны жұмсартар деп ойлады. Сәби дүниеге келген соң кінәлау басталды. «Сен балаға дұрыс қарай алмайсың. Ештеңеге үлгермейсің. Өзіңе қарамайсың. Басқа жас келіншек алуым керек», – деп ызыңдайды да отырады. Сөйтіп жүргенде екінші баласына жүкті болып, ұл туды. Оның озбырлығын ұлдың күлкісі де жібіте алмады. Ақыры үйіне екінші әйел алып келді. Бақсымын-балгермін деп ел жинайды. Бірі келіп, бірі кетіп жатқан адам. Жас келіншегіне бөлек үй әперді. Өзі адамдарды қабылдау үшін басқа үйде тұрады. Бұған сол үш үйдің отын жағып, күлін шығаруды міндеттеді. Ағайын-туысына көріп жүрген қорлығын айта алмайды. Ол қу дегенге көнбей тиіп кеткен өзі. Енді анасын қайғыға салғысы келмейді. Бірақ, ана жүрегі сезеді-ау. «Ана қыз неге хабарсыз? Біліп келіңдер»,– деп бауырларын жібереді. Үйдегі еркек туыстарың келе бермесін деп теріс қабақ танытады. Содан олар да келуін азайтты.
Ақыры, мұның күйеуінің бақсы-балгерлігіне тыйым салынды. Алаяқтығы жөнінде арыз-шағым түсе бастаған соң, тексеру, бақылау күшейді. Ісі ресми органдарға түсті. Сөйтіп, қашуға бел байлады. Соңында бір түннің ішінде тұрғылықты жерін өзгертіп, көшіп кетті. Көлікті жас әйеліне тастады. Ол да мұның соңынан келуге сөз байласыпты.
Жаңа жерге келген соң кәсібін қайта жалғастырды. «Аңқау елге арамза молда» демекші, «жоғалған затыңыз бәленбай жерде», «алдыңызда қуанышты күн күтіп тұр» деген сияқты алдаусыратулар басталды. Қалтасына ақша түсе бастап еді әдетіне қайта басты. «Сені мен асырап отырмын. Менсіз күнкөре алмайсың. Сұрықсызсың, басқа әйел аламын!» деген сайранды сала бастады. Тіпті жоқ жерден ұрыс шығарып, қол көтеруді жиілетті.
Жаңа ауылдан да келіншек тауып, әйел үстіне әйел етіп кіргізді. Енді өз келіншегінің жұмысы бұрынғыдан да көбейді. Жаңа әйелінің үйін жинап, тамағын істеп, отын жағып беруді де бұған міндеттеді.
Келіншек кеткісі келеді. Бірақ, қайда? Білімі, мамандығы жоқ. Екі баланы қалай асырамақшы?! Далада қалады ғой. Күйінетіні күйеуі қонаққа екі әйелін бірге ертіп барады. Мұның бармаймын дегеніне қоймайды. «Елдер бәйбішесіне жаман қарайды деп ойлап қалады. Бірге барасың»,– деп көз алдау жасап мұны да апарады. Ел қайдан білсін мұның өзегінің өртеніп жүргенін.
Кейбіреулер есердің ісін ерлікке санайды. Іш құса болғандықтан келіншектің шашы түсе бастады. Орамалын шешуге қорқады. Шешсе басының тазға ұқсап, жылтырап қалған орнын көреді. Екі баласы өзіне қарсыласатынды шығарды. «Мама, сіз ақша таппайсыз. Қолыңыздан ештеңе келмейді. Бізді әкеміз асырап жүр», – деп күйеуінің құлақтарына құйып қойған сөзін айтады. Бұл өзін еңбегі еш кеткендей, ешкімге керексіздей сезінеді. Отымен кіріп, суымен шығатын шаңырағы жат баспанадай. Бәріне өзін кінәлайды. Балалары суып кетті. Өзі күлуді ұмытқандай.
Кеудесіндегі өкініштің қара тасы жібімейді. Қолымнан ештеңе келмейтін, жаман адаммын деп өзін жегідей жей береді. Жүдеп барады. Кеудесін өкініш кернеп тұрады.
Осылай салы суға кетіп жүргенде асқар тау әкесі қайтыс болды деген суыт хабар келді. Жары сіресіп бармай қойды. Мұның да баруына тыйым салды. Бұл бірінші рет басын көтеріп қарсы шықты. «Сіздің сөзіңізге еріп тіршілігінде бір бармадым. Ақымақ басым-ай. Отбасымды сақтайын деп айтқаныңыздың барлығына бас шұлғыппын. Елге қарабет болдым. Ауырып жатқанында да халін сұрамадым», – деп ботадай боздап жолға шықты.
Күйеуінен қорыққаннан өз жұртынан ешкім бармады. Әкесінің жансыз денесін құшақтап, кешірім сұрап егілді. Бірақ, өкініші мен сағынышы басылмады. Әкесінің қызым деген сөзін ести алмай жер қойнына тапсырды. Ертесіне орнына қонып, үйіне оралды.
Күйеуі: «Үйге кірмей тұрып, суға жуын. Қайдан келгенің белгісіз. Нәзірдің иісін алып келген шығарсың», – деп бірден жуынатын бөлмеге кіргізіп жіберді. Оған да көнген әйел енді жуына бастағаны сол еді күйеуі үстіне ыстық су құйып жіберді. Шырқырағанда жан дауысы шыққан келіншек далаға ытқып шықты. Денесі күйіп қалыпты. Одан арғысы белгісіз. Есін жиса ауыл сыртындағы өзенге қарай жылап бара жатыр. Мұның бет албаты адымдаған кейпін көрген бала ойнатып жүрген әйел соңынан қуып жетіп, тоқтатып, құшақтап, бауырына басты. Сонда ғана есін жинап, ішіндегі шерін шығара, өксіп-өксіп жылады.
Танымайтын әйелге бар сырын жайып салды. Ауылдасы оны үйіне апарып тынықтырып, сусын беріп, ұйықтатып, өлім аузынан аман алып қалды. Ертеңінде полиция қызметкерлері Талдықорғандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығына жеткізді.
Б. Есімді бұл келіншектің зорлық-зомбылық орталығында тұрып жатқанына 2 айдай уақыт өтті. Мекеме меңгерушісі Сұңқар Қадыров пен полиция инспекторы Алтынай Мәмбетбаеваның араласуымен балаларын қасына алдырды. Қазір жағдайлары жақсы. Бірақ, өксігі басылмаған әйел өткен өмірін ойлағанда көз жасы етегін жуады.
Бүгінде тігіншілік оқуды оқып жатыр. Аз уақытта мамандықты толық меңгерді деген сертификат алады. Содан кейін жұмысқа орналасуына мүмкіндік туады. Келіншекпен сөйлескенімізде өңі әп-әдемі адамның осынша жауыз болып шыққанын түсіне алмайтынын айтып, бір сөзін қайталай береді.
Ол жарының медицина мамандарының тілімен айтқанда «психикалық ауытқуы бар адам», «үй зорлықшысы» деген диагнозға жатқызылатынын білмейтін сыңайлы. Қазақ мұндайды «Адам аласы ішінде», – дейді.
Зорлық-зомбылыққа ұшыраған Б. есімді келіншек жеткізілген орталықтың ашылғанына 6 жыл. Сұңқар Қадыровтың айтуынша, мекеме ашылғаннан бері 722 адам әлеуметтік көмекке жүгінген. Оның 222-сі әйел, 501-і бала. Біз айтып отырған бір-ақ мысал. Орталық қызметкерлерінен мұндай, мұнан да сорақы жайлар жайлы естігенде жағамызды ұстадық.
Зорлық-зомбылыққа душар болсаңыз 1301 және 8 (7282) 41-53-13, вацап нөмірі арқылы 87007108266 қауырт желісіне хабарласуға болады.
Орталық қызметкерлерінің сөзінше, психикасы дұрыс емес еркектер әлімжеттік жасап, әйелдерін ұрып, қызғанып, қараңғыға қамап, қысым көрсететін жайттар жиі кездеседі екен.
Аналар мен балаларға жан-жақты көмек көрсетілетін «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне келушілерге құқықтық, еңбек, мәдени, экономикалық, педагогикалық, тұрмыстық, медициналық, психологиялық жәрдем беріледі.
«Орталық бір мезгілде 55 адамға қызмет көрсетуге арналған. Жыл басынан бері 88 тұлға тіркелді. Қызмет алушылар азық-түлік, жатын орын, гигиеналық заттармен қамтылған. Бүгінде мұнда мектеп жасындағы 27, мектепке дейінгі 35 бала көмек алуда. Құжаты жоқ баланың құжаты рәсімделді. Денсаулықтарына байланысты 2 бала үйден оқытылады», – дейді Сұңқар Сапарұлы.
Мақала жазу барысында орталыққа арнайы барып көрдік. Екі қабатты мекеменің іші мұнтаздай таза. Әр бөлме қызмет көрсетуге орай заманауи жабдықтармен жабдықталған. Дене шынықтыру кабинетінде жаттығу жасауға арналған қондырғылар орналастырылған.
Психолог Гүлжан Серікқызы: «Алғаш келгенде балалар қорқып қалғандықтан көңіл-күйін білдіре алмай, қыстығып, не керегін де айта алмайтын. Біраз уақыт психолгиялық жұмыс жүргізгеннен кейін қалыпқа келе бастады»,–деп тәжірибесімен бөлісті.
Орталыққа жеткізілген адамдар мамандыққа оқытылып, Мансап орталығымен бірігіп, жұмысқа орналастыру жағы қарастырылады.
Қалалық емханаға жіберіліп, медициналық көмек көрсетіледі. Көмек алушымен бірге барлық жерге орталықтың бір адамы еріп барады. Балаларды мектепке апарып, алып келетін де қызметкерлер бар. Себебі, зорлықшы аңдып жүруі мүмкін. Орталықтың өзінде де медициналық көмек, дене шынықтыру, кітапхана, балаларды оңалту бөлмелері жұмыс істейді. Кей жағдайда күйеулері қателігін түсініп, кешірім сұрап, алып кетіп жатады екен. Ондай отбасы біраз уақыт қадағалауда тұрады. Әйелінен қайта арыз түссе үстінен іс қозғалады.
Облыстық полиция департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция подполковнигі Алтынай Мәмбетбаева: «Жыл басынан Жетісу облысы бойынша отбасылық-тұрмыстық жағдайға байланысты 514 арыз-шағым тіркеліп, барлығы сотқа жолданды. Сот шешімімен 243 тұлға әкімшілік қамаққа алынып, 272 тұлғаға ескерту шарасы қабылданды. Зорлық-зомбылық құрбанының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Талдықорған қаласындағы Дағдарыс орталығына 82 тұлға жеткізілді», – дейді.
Полиция подполковнигі Алтынай Рахымбергенқызының айтуынша, ата-анасы аялап өсірген қыз ер-азаматтың дөрекі қылығын байқасымен іргесін алыс салады. Бірден өзін қорғап, зорлықшылдың жазасын береді. Ал, отбасында дау-жанжал көріп, ішімдікке салынған ортада өскен қыз ұрып-соғуды қалыпты жағдай деп қабылдайды. Сондықтан, қыз баланы өзін қорғай білуге үйрету керек. Әйтпесе көне берудің соңы жазым болу, тіпті өлім-жітімге де апарып соғуы мүмкін. Отбасын сақтау басты құндылық десек те өз өміріңді қорғау негізгі орында тұру керек екенін орталықтағы әр адамның тағдыры айғақтайды.
Гүлжан Тұрсын