Ұлттық декада «12 тамыз – Халықаралық жастар күніне» орай онкүндік ұйымдастыру және өткізу тұжырымдамасына сәйкес Жетісу облысында бірқатар ауқымды шаралар легі қолға алынып, сәтті жүзеге асты. Соның ішінде ең ірі әрі маңызды іс-шараның бірі – Жетісу облысы əкімінің «Көшбасшы – 2024» жастар сыйлығы.
Талдықорғандағы «Жастар саябағында» облыс әкімінің «Көшбасшы – 2024» жастар сыйлығын тапсыру салтанаты өтті.
Сыйлық жастардың қоғамдағы жетістіктерін, көшбасшылық қабілеттерін және шығармашылық әлеуетін атап өту мақсатында ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар, жастардың белсенділігін арттырып, олардың қоғамдық және кәсіби өмірге үлесін қосуға деген ынтасын нығайтады.
«Көшбасшы» жастар сыйлығының табысталып келе жатқанына 20 жылдан асты. Жыл сайын байқауға қатысушылардың саны артып келеді. Биыл 172 үміткер өтініш қалдырыпты. Бұл жолы 15 аталым бойынша өз саласында үздік атанып, көш бастаған жастар анықталып, облыс әкімінің арнайы сыйлығына лайық деп танылды. Олардың ішінде үздік кәсіпкер, оқушы, студент, спортшы, журналист, қоғам белсендісі, мемлекеттік қызметші, мәдениет, білім және ғылым, медицина, ауылшаруашылығы салаларындағы жас көшбасшылар бар.
Мәселен, Жазира Ілиястың Талдықорған қаласындағы «Yerkin» өнер академиясы облыстың ең үздік жастар ұйымы болып танылса, ал Ақсу ауданында тұратын үлгілі отбасы, төрт бала тәрбиелеп отырған ерлі-зайыпты Диас пен Назым Билаловтар үздік отбасы атанды. «Жетісудың Көшбасшысы – 2024» номинациясы бойынша облыстың сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы, ерікті әрі мемлекеттік тілді қорғаушы Ғазиз Аманжол, ал «Үздік жас патриот» номинациясы бойынша Ақсу ауданы Қаракөз ауылындағы Б. Садырбаев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Нұржан Жұмағали суға батып бара жатқан екі баланы құтқарғаны үшін жеңімпаз атанды.
Үздік деп танылған жеңімпаздарды Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов марапаттап, көшбасшыларды құттықтады. Жеңімпаздардың бәріне статуэтка, диплом мен ақшалай сертификаттар табысталды.
Салтанатты шара жастарға арналған ән-шашумен жалғасын тапты.
А. ӘБІЛТАЙҚЫЗЫ