Сарыөзек ауылының халқын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында 178,6 км сумен жабдықтау жүйесінің құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жайында бүгін Кербұлақ ауданының халқымен кездесуінде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жалпы Кербұлақ ауданында 63 елді мекеннің 39-ы орталықтандырылған сумен қамтылған. Дегенмен Сарыөзек ауылының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету өзекті мәселелердің қатарында.
Белгілі болғандай, 2008-2022 жылдар аралығында су жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары төрт кезеңмен жүргізілген. Өкінішке қарай салынған 72 шақырым су жүйесі сапасыз жасалған, оны қайта жасауға тура келген. Су құбырларының орнына кәріз жүйесіне қолданылатын құбырлар салынған.
- Сарыөзек ауылының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мәселесін шешу мақсатында 178,6 шақырым сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Құрылыс-монтаждау жұмыстары биылғы шілде айынан басталды. Алдағы екі жылда мәселені түпкілікті шешу керек, - деді Б.Исабаев.
Сол сияқты биыл Қарашоқы, Шаған және Қарымсақ ауылдарында сумен жабдықтау желілерінің құрылыстары аяқталған, осы айдың соңында толық су беріледі. Бұдан басқа, Ақбастау, Тастыөзек, Қосағаш, Қазынсу ауылдарында жер асты суларының қоры анықталып, сумен жабдықтау жобалары әзірленді. Сондай-ақ, Онжас, Шанханай, Көктал, Күреңбел, Көкбастау, Қарлығаш, Беріктас, Басши ауылдары және Малайсары станциясында жер асты суларының қорын зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай