ҰЛАҒАТТЫ ТҰЛҒА

Уақыты: 26.09.2024
Оқылды: 308
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ағылшындық ағартушы Уильям Уорд: «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады», – дейді. Бүгінгі ұстаздар қауымы осы төрт нұсқаның ішінен өздерін іздеп көре ме екен? «45 минуттық сабақты у-шусыз өткізсем, балалар тыныш отырып кетсе болды» дей салып жүр ме әлі күнге?! Сұрай берсек сауал көп, жауаптарын да естіп жүрміз, бәлкім.

Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» фильмінде «Бала деген қап емес, ішіне не болса соны сыйғыза беретін. Ол – шамшырақ… Тек қана жаға білу керек», – дейтін  Рахманов ағайдың сөзі еске жиі оралады бұл күні. Ал, бүгінгі ұстаздар қауымы баланың шамшырағын жақсам деген оймен емес, оқушыларым шуламай отырса деген оймен алысып жүргендей көрінеді. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Айтқанын шәкірт санасына жеткізіп, балапан шағынан баулып қияға қанат қақтырып жүрген тағылымды жандарды да олардың арасынан көріп жүрміз.

Талдықорғандағы       М. Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясының мұғалімдерімен «Әдеп және құқық жұмысы туралы ментор» жобасы шеңберінде «Ұстаз – ұлағатты тұлға» тақырыбында жиын өткіздік. Дәріс-сабақты елімізге белгілі дінтанушы, психолог Қанат Маратұлы жүргізді. Жиында мұғалімдердің мәртебесін көтеру, ұстаздардың оқушымен қарым-қатынасы тұрғысында кеңінен әңгіме өрбіді. Қанат Маратұлы ұстаздық тәжірибесімен бөлісіп, оқушылармен жұмыс жасаудың сан түрлі тәсілдерін көпшілік алдында дәлелдеді. Сабақ-дәріс мұғалімдер қауымының рухани баюына, білім көкжиектерінің кеңеюіне мүмкіндік туғызды деп ойлаймын.
Бақтияр ЖАҚСЫКЕЛДИНОВ,
Жетісу облысы  Жастар орталығының әдеп-құқық жөніндегі
менторы

Әлеуметтік желі осы күні көп дүниені әшкерелеп беріп-ақ келеді. Ол жерден сабағын тыңдата алмаған мұғалімді де, өрескел қылық көрсетіп, білгенін жасаған оқушыны  да  көрмес көзіміз сан мәрте рет көрді. Мұның бәрі бала тәрбиесін ата-ана мұғалімге, ұстазы әке-шешесіне итергендіктен шыққан нәтиже деп ұқтық. Ұстаз тыңдамаған білімгерге қол жүгіртсе жазалайтын заң бар. Ал оқушының дөрекі қылығына қандай айла қолданып жатыр? Оны көріп жатқанымыз жоқ.

– Қоғам алдында ең бірінші мұғалімнің мәртебесін өсіру керекпіз. Қазақта «Аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін», «кедей сөйлесе ақылшы көп, бай сөйлесе мақұлшы көп», – дейтін ұғымдар бар. Яғни, біреуге сөзіңді өткізу үшін сенде байлық, жұрт құрметтейтін лауазымың болуы ләзім. Сол сияқты ұстаз деген ұлағатты есімді  бізге биікке шығару міндет. Оның айтқаны заң деп түйсінетін түйсік қалыптастырған дұрыс. Ұстаздар да соған лайық болуы керек, – дейді дінтанушы, психолог Қанат Маратұлы.

Ақиқат сөзге бас шұлғып, риясыз келісесің. Бұлай болағанда мұғалім  мамандардың да қамсыз қарап жатпағаны жөн. Өз мәртебесін өсіруге бар күш- жігерін салып, балалардың алдында абыройлы болуға жұмыс істегені маңызды. Ол кісінің сөзі сонда ғана екі етілмейді.

Мұғалімінң 40 жылдық еңбек өтілі болса да 45 минуттық дайындығы болмаса сыныптағы уақыт пен сабақтың босқа өткені. Себебі, қазіргі жастардың қолдарында  барлық ақпарат құралдары бар. Олар бұрынғыдай газеттен, иә болмаса теледидардан жаңалық күтпейтіні анық. Сондықтан ұстаздар әр сабаққа жаңаша дайындықпен, тың ақпараттармен келуі керек. Бұл оның өзінің құрмет арттыратын негізгі құралының бірі.

Медет ЖҰМАБАЙ
Фото: matritca.kz