Апта ортасында Алакөл ауданының тұрғындарымен дәстүрлі кездесу өтті. Өңірде атқарылған толымды тірлік пен аудан әлеуетін көтеруге бағытталған жоспарлы жұмыстардың тіні тарқатылған кездесуде тұрғын үй қатынастарына, әлеуметтік көмек көрсетуге, әлеуметтік нысандар салуға, жолдарды жөндеуге қатысты маңызды мәселелер қозғалды. Сонымен қатар жиында тұрғындар мезгіл мінберіндегі сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптар алды.
Былтыр халықпен кездесуде 8 мәселе көтерілген еді. Қоғам һәм әлеумет үшін де маңызды сол мәселелердің жетеуі бүгінде шешіліп отыр. Тұрғындар өткен жылы Тентек өзеніндегі бөгет пен Ақши ауылындағы электр желісінің жайын базыналаған еді. Тұрғындар талабына сай қос нысан қайта жаңғыртылды. Алакөл ауданына қарасты Көлбай ауылының тұрғындары елді мекендегі дәрігерлік амбулаторияның жай-күйін ашына жеткізген. Өткен жылғы кездесуде көлбайлықтар ауылдық клуб жоғын да тілге тиек еткен. Биыл Көлбай ауылында дәрігерлік амбулаторияның іргетасы қаланып, жуық арада пайдалануға берілмек. Ал, ауылдық клуб салу келер жылдың еншісінде шегендеулі. Үшарал қаласындағы жаңа құрылыс аймағының тұрғындары ауызсудың қолжетімсіздігін, көшелердің жарықтандырылмағанын сөз еткен. Сол мәселенің де түйіні тарқатылып, мұндағы ағайын су тасып ішуді өткеннің еншісінде қалдырып отыр.
– Былтырғы халықпен кездесуде аудан орталығындағы жаңа құрылыс аймағындағы Жандосов, Бейбітшілік, Ынтымақ көшелерінің тұрғындары атынан орталықтандырылған су құбыры мен көшелерді жарықтандыру мәселесін көтерген едім. Жаңадан бой көтерген ауданның тұрғындары үшін осы екі мәселе өзекті еді. Атқамінерлер алдында көтерілген мәселе шешімін табуымен құнды. Қазір ауламызда ауызсу бар. Көше шамдары да орнатылды. Шет аймақтан қатынап оқитын балаларының сабақтан қайтуына алаңдамаймыз, – дейді Айдана Тұтқабаева.
Жалпы, Алакөл ауданының тынысы ауылшаруашылығымен айшықталып келеді. Аграрлы өлке жылына 70 млрд. теңгенің ауыл шаруашылық өнімін өндіреді. Аудан диқандары биыл 82,6 мың гектарға дән сепкен. Бұл егілген егістік көлемінің ұлғайғанын аңғартса керек. Мемлекет басшысының Жетісу өңірін қант қызылшасын өндіру орталығына айналдыру тапсырмасын орындауда да ауыз толтырып айтар тірлік бар. Биыл аудан шаруалары 644 гектарға тәтті түбір орналастырған. Сонымен қатар осы жылы ауданның шаруашылықтарына Жетісу әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 612,2 гектарға жоғары өнімді шетелдік селекциялық тұқым беріліп, қант қызылшасы бағытындағы Сервистік дайындау орталығы құрылды. Өнімділікті арттыру мақсатында қызылша дақылы себілген 275 гектар алқап тамшылатып суару технологиясымен қамтамасыз етілді. Мұнан өзге дала жұмысының тамырына қан жүгірту мақсатында алакөлдік шаруа қожалықтарына 90 ауылшаруашылық техника лизингке берілді. Ауылшаруашылық дақылдарды өсіруде каналдар мен арықтардың су өткізу қабілетінің төмендемеуі маңызды. Осы мақсатта 2023-2024 жылдары 75,8 шақырым су арналарына механикалық тазарту және 222,6 текше метр көлемінде бетондау жұмыстары жүргізілді. Аудандағы суару желілерін қайта жаңғырту үшін 2 кезеңге бөлінген үлкен жоба әзірленді. Мұндай шаруалар дала еңбеккерлерінің жұмысын еселендірмек.
Жалпы, аудан әлеуетін арттыруда инвестиция тартудың маңызы зор. Мұнда 2029 жылға дейін ірі 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Мұндай жобалардың қатарында жел электр стансысы, құс фермасы, қоқысты қайта сұрыптау өндірісі сынды жобалар бар. Сонымен қатар ауданның ғана емес, облыс экономикасында үлкен үлесі бар «Достық» стансысының әлеуетін арттыратын тың жобалар да жүзеге асуда.
Жалпы кездесуде ауданда жүзеге асып жатқан толымды тірліктердің жайы таразыланды. Аудан тұрғындары атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, әлі де шешімсіз жүрген мәселелерді тізбектеді. «Үшарал -Арқарлы» және «Қабанбай-Тоқжайлау» жолдарын жөндеу мәселесі де тұрғындарды көптен алаңдатса керек. Бірақ, жергілікті билік жөндеу жоспары барын алға тартып, қайта жаңғырту жұмыстары келер жылдың еншісінде тұрғанын жеткізді. Келесі жылы жалпы ұзындығы 80 шақырым бұл жолдар кезең-кезеңімен ағымдағы және орташа жөндеумен қамту жоспарланған.
Кездесу барысында Үшарал қаласындағы 2 әскери қалашықтың мәселелері де көтерілді. Тұрғындар қоқыс жәшіктерінің, көше жарығының жоқтығына және қаңғыбас иттердің көптігіне шағымданды. Алакөл ауданының жауапты құрылымдары жуық арада осы мәселердің тіні тарқатылатынын жеткізді. Көпшілікті Үшарал қаласындағы балалар шығармашылық орталығының жағдайы да алаңдатса керек. Ескі ғимарат іске алғысыз күйде екен. Есесіне, білім саласының жауаптылары жайлы мектеп жобасы аясында жаңа мектеп салынып, қазір қолданыстағы С. Иманасов орта мектебі сонда көшірілетінін, ал бұл ғимарат шығармашылық орталыққа айналатынын жеткізді.
Кездесулерде жиі көтерілетін мәселенің бірі – баспана. Үшарал қаласының тұрғыны Әлия Әлмисаева тұрғын үйсіз жүргенін базыналады. 10 жыл бұрын кезекке тұрған. Көпбалалы болуына орай жатақханаға уақытша орналастырылған. Дейтұрғанмен, жатақханада өрт шығып, паналайтын қонысынан айырылған. Қазір 5 баланың анасы 68-ші болып баспана кезегінде тұр. Жергілікті әкімдікке демеушілер тарту арқылы көмек беру жүктелді.
Жалпы, кезекті кездесуден соң тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау болды. Бұл ретте де тұрғындардың мәселелері шешімсіз қалмайды.
Дастанбек САДЫҚ