ОРМАНШЫ

Уақыты: 29.09.2024
Оқылды: 325
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Атақты ғалым  К.Тимирязев «Орманшы – ертеңгі күннің адамы» дейді. Орманшының еңбегі оңай емес. Оған тек төзімді, сабырлы, табиғатты аялай алатын адам ғана барады. Солардың қатарында Үйгентас орман шаруа- шылығының дамуына зор үлес қосып жүрген Ерікжан Бекпаев та бар. 


Еңбекпен ер атанған жан 1969 жылы 8 маусымда бұрынғы Талдықорған облысы Андреев ауданы, Майлышат ауылында дүниеге келген. Орман шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы табан аудармай қызмет істеген білікті маман аталмыш саланың дамуына сүбелі үлес қосқан. Ол 1987 жылы Қазақ Қызыл Ту орденді ауылшаруашылығы институтына оқуға түсіп, 1993 жылы «орман шаруашылығы инженері» мамандығын алып шығады. Жұмысын Андреев орман шаруашылығы кәсіпорнында орманшы қызметінен бастаған еңбек адамы 1995 жылдан бастап Үйгентас орман шаруашылығы мекемесінде орман қорғау инженері, бас орманшы, директордың орынбасары сынды түрлі қызметтерді абыроймен атқарды. 2014 жылы еселі еңбегінің арқасында мекеменің директоры болып тағайындалады. Ерікжан Бекпаев басқаратын Үйгентас орман шаруашылығы мекемесі 2019 жылы «Ең үздік орман шаруашылығы мекемесі» атанады. Қарапайым орманшыдан басшылық қызметке дейін тынбай жұмыс істегеннің арқасында жеткен жан жаңашылдыққа жаны құмар. Қайтсем орман шаруашылығын дамытамын деп еңбектенген кейіпкеріміз ағаш тұқымдарын себуге арналған жаңа тұқым сепкіш құралын құрастырып, орман екпелерін күтіп-баптауға арналған механикаландырылған құрал-жабдықтар жасап шығарды. 2017 жылы мекемеде жаңадан тұқымбақ ашып, онда ағаш пен бұталардың 34 түрін өсіру ісін жолға қойды. Әсіресе, Сиверс және Недзвецкий алма ағаштарының тұқым қорын жасап, олардың көшеттерін жыл сайын 200-350 мың түпке дейін өсіруде.

Ерікжан Жүкенұлының еңбегі жоғары деңгейде бағаланып, бірнеше мәрте мемлекеттік және салалық марапаттарға ие болды. 2016 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалін,  «Қазақстан орман қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» ІІ дәрежелі төсбелгісімен марапатталды. 2021 жылы Орман шаруашылығы күніне орай «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» медалін, 2023 жылы Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Еңбек сіңірген орман өсіруші» төсбелгісін омырауына тақты. Сонымен қатар «Экология саласының үздігі» төсбелгісін иеленді. 2024 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

А. НАЗАРҰЛЫ
Алакөл ауданы