«Басқуат» жылыту қазандығы Ержан Сауранбаевтың екінші үйіне айналған. Себебі, оның жұмысы ауысымды болғандықтан көп уақытын сол жерде өткізеді. Ол 2005 жылы қара жұмыскерден бастап қазіргі таңда ауысым бастығына дейін сатылай көтерілген.
Қаратал ауданының Жаңаталап ауылында 1975 жылы өмірге келген кейіпкеріміз дәл осы жұмысын 20 жылдан бері істеп келеді. Өз ісін бес саусақтай меңгерген ол жас мамандарға бағыт-бағдар беруден шаршаған емес.
– Өмірде мамандық және жар таңдаудан қателеспегеніміз жөн. Осы тұрғыда өзімді жолы болған адаммын деп айта аламын. Себебі мен ертеңгісін жұмысқа қуанып барып, үйіме асығып қайтамын. Мұны өмірдегі үлкен жетістік деп білемін. Ал қызметке келгенде де құралақан емеспін. Еңбек жолымды нөлден бастағаныма қуанамын. Сондықтан бұл жұмыстың қыры мен сыры маған етене таныс. Жұмысқа орналасқан жастарға бағыт-бағдар беріп, білмегенін үйрету біздің міндет. Мен үшін ең бастысы – жұмысқа деген жауапкершілік, – дейді Ержан Сауранбаев.
Қаладағы әрбір шаңыраққа жылу сыйлайтын жылыту қазандығында тынымсыз еңбек етіп келе жатқан білімді де білікті маман отбасында жанашыр жар, қамқор әке. Құдай қосқан жары Лаура Сауранбаева «Ажар» тігін фабрикасында еңбек етеді. Ұрпағымен мың жасауды мақсат еткен олардың үлкен ұлы Мадияр өз алдына отбасын құрып, бір шаңырақтың тізгінін ұстап отырған жас әке. Қызы Әдия студент. Кенжелері Әдемі 7-сынып оқушысы. Ұлықты ұлынан немере сүйген ардақты жандар көпке үлгілі отбасы. Ержан Сауранбаевты біз нағыз адал еңбекпен көктеп, көгерген адал азамат деп нық сеніммен айта аламыз.