ҚАЙДА МЕНІҢ ҚАРТТАРЫМ?
Дидарында даланың бар паңдығы,
Дәл даладан аумайтын дарқандығы.
Қайда менің қарттарым, кеудесінде
Салтанатын сан құрған Ар хандығы?!
Сарқыт болған солардан сөз үлесі,
Бір лепесі – бір елдің шежіресі.
Қайда менің қарттарым, көкейінде,
Сайрап жатқан ғасырдың қозыкөші?!
Қозыкөші – дәуірдің өткелегі,
Сонда менің солғаным, көктегенім;
Жасанғаным, жанданған, ел болғаным,
Күпсек-күпсек ішінде отты өлеңнің.
Сол өлеңі – тарихтың түйдек сыры,
Қарт қарағай қау біткен сирексіді.
Сиремеңдер, қариялар, тамырыңнан
Өскін біздер жатқанда билеп шығып.
Дидарында даланың бар паңдығы,
Дәл даладан аумайтын дарқандығы.
Қайырымның қайнары – қариялар,
Сендер жайлы керім күй тартам бүгін.
Сол күйімді о, қанша тартасыңдар?
Көңіл шерін сол күймен сарқасыңдар.
Күйді қойшы, дастан боп бұл далада
Қасиетпен жалғассын қарт асылдар.
Шындық өлсе қалмайды ар тамтығы,
Кеудесінде хақтықтың бар хандығы.
Есті ұрпақты іздетпей есен жүр сен,
Абзал қарттар, даладай дарқандығы.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ