ҰЛАҒАТ ИЕЛЕРІ МЕРЕЙЛЕНДІ

Уақыты: 05.10.2024
Оқылды: 308
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Оқуға талпынған сын шәкіртке білім мен тәрбиенің таза шырынын ұсынып, адамдық жолға нұсқаған ұлағат иелерінің еңбегі елеулі. Олар ұлттың бағдаршамы, елдің керуен-көшін жалғар ұрпақтың тәрбиешісі, ақылшысы, қамқоршысы. Тізбелей берсек талай жерге көш шалдырар қасиеті мен қадірі бөлек ұстаздар қауымы үшін елімізде барлық жағдай жасалған. Оған қоса, мәртебелі мамандық иелері үнемі үлкен құрметке бөленіп келеді. Мұғалімдер күніне орай жетісулық 1000-нан астам ұстаз марапатталғаны айтылған сөзіміздің айғағы.

Ұстаздар күні мерекесіне орай білім саласына қосқан үлесі мен кәсіби қызметіндегі ерекше жетістіктері үшін мерейленген ұстаздарды  Б. Римова драма театрында облыс әкімі Бейбіт Исабаев арнайы құттықтады.

Мерекелік салтанатта Бейбіт Өксікбайұлы ұстаздардың өскелең ұрпақ тәрбиесі мен ел болашағына қосқан үлесінің ерекше екенін жеткізді. Оған қоса ұстаздық кәсіптің беделін арттыру мақсатында жасалып жатқан мемлекеттік қолдауларға, атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында ұстаздар – ұлттың зияткерлік күші екенін айта келе, мұғалімнің білімі мен біліктілігі жоғары болса, озық оқу бағдарламалары, заманауи мектептер мен озық басқару жүйесі болатынын атап өтті. Осы орайда біз өз тарапымыздан ұстаздарымызға барынша қолдау көрсетудеміз. Облыстың білім беру бюджеті жыл сайын өсіп келеді. Басым бағыттардың қатарында ұстаздардың мәртебесін көтеру, жайлы жұмыс істеуге жағдай жасау, заманауи білім беру мекемелерін салу, материалдық-техникалық базаны жаңарту жұмыстары жүйелі атқарылып келеді,  – деді Б. Исабаев, сала ардагерлеріне ерекше алғысын білдіріп.

Заманауи әдіс-тәсілдер мен технологияларды қолдануда жоғары жетістіктерімен, шығармашылығымен және табыстарымен көзге түскен бірқатар ұстаздардың есімі ерекше аталды. Сонымен қатар, облыс басшысы білікті педагог кадрлар тапшылығы мәселесін шешуге баса назар аударды. Осы орайда айта кету керек, облыста 21 мыңнан астам ұстаз еңбек етеді. Соның ішінде 3600-ден астам жас маман ауылдық жерлерде жұмыс істеуде. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша облыста 1600-ге жуық педагог тұрғын үй алуға пайызсыз несие, 2900-ден астамы көтерме жәрдемақы алды.

– Ұлт болашағын қалыптастыру жолындағы орасан зор жауапкершілікті сезініп, жас ұрпақтың бойына білімге, өнерге, еңбекке деген сүйіспеншілікті оятып жатқаныңыз үшін сіздерге шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, еңбекте табысты болуларыңызды тілеймін, – деген Бейбіт Исабаев бірнеше ұстазды марапаттады.

Облыстық байқаулардың қорытындысы бойынша «Үздік мектеп» Көксу ауданындағы Б. Құндабаева атындағы №1 орта мектеп аталды.  «Үздік балабақша» аталымын Талдықорған қаласындағы №7 балабақша иеленсе, жылдың «Үздік сынып жетекшісі» аталымына М. Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясының мұғалімі Бақыт Керімбекова қол жеткізді. Облыстық «Жетісу ұстазы» байқауында М. Арын атындағы №24 мамандандырылған мектеп-лицейінің физика пәні мұғалімі Мәулет Қиса марапатталды.

Тағы бірқатар ұстазға «Ы. Алтынсарин», «Білім беру ісінің үздігі», «Еңбек ардагері» медальдарымен, облыс әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттары табысталды.

Марапаттаушылардың атынан сөз алған Мәулет Қиса көрсетілген қолдау үшін алғысын білдіріп, әріптестерін Ұстаздар күнімен құттықтады. Ұстаздық қызметте 20 жылдай еңбек етіп келе жатқанын айта келе, бұл қиын да жауапты, таңдаған жолды шын жүректен сүйіп, шәкірттеріңізге сеніп, үнемі өз бетінше білім алумен айналыссаңыз, бұл мамандықта табысқа жетуге болатынын да баса айтты.

Мерекелік шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Жетісу облысы әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, облыс бойынша 54 мұғалім магистр санатына ие. 2022-2023 жылдары Жетісу өңірінде 3810 орындық 12 мектеп ашылып, 15 нысан күрделі жөндеуден өтіп, 116 мектеп жаңартылды. Ал биыл 7200 орындық 10 мектеп салу жоспарлануда. Оның ішінде жаңа оқу жылында Көксу ауданы Қаратал ауылында 120 орындық мектеп пайдалануға берілді. 4 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Тағы 1980 орынға жоспарланған 3 мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.  Нәтижесінде 32 мектеп немесе жөндеуге жататын 87 мектептің 36,8 пайызы күрделі жөндеуден өтеді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

 

Суретті түсірген Дмитрий Ерофеев