Не себепті Жетісу облысы айлығы шайлығына жетпейтіндердің қатарында?

Уақыты: 20.11.2024
Оқылды: 2674
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Елімізде "экономика өсті, өңірлер дамып келеді" деп дардай қып айтқанымызбен айлығы шайлығына жетпейтін қарапайым халық көп. Шаруасы шатқаяқтаған шаруа, ісі тұралаған тұрғынға қалалар "мелдектеп" тұр. Тиісінше халықтың еңбекақыcын қамдауда артта қалып отырған облыстар да ашық айтылып келеді. Өкінішке қарай, сырт көз бай облыс деп білетін Жетісу өңірі де жұртты жақсы жалақымен жарылқай алмай отыр. 

Бұны біз ойдан орып, қырдан қырып беріп отырған жоқпыз әсте. Білдей Ұлттық статистика бюросының мәліметі таңғы ақпарат тасқынында көзге шалынбасы бар ма. Бақсаңыз, Түркістан облысында тұрғындар санының 8%-дан астамының еңбекақысы күнкөріс деңгейінен де төмен делінсе, Абай, Жетісу, Маңғыстау сынды облыстарда халықтың 7%-дан астамы аз жалақы алатыны айтылады. Бұл бәз біреу айтар бәлду емес, ресми ақпарат. Дөңгелектеп айтқанда, 10 пайызға жуық халықтың төмен жалақы алуы – сіз бен біз алаңдарлық жайт. Басқа орташа жалақы алады деген топтың да шекесі шылқып отырғаны шамалы...

Ал экономист Бекнұр Қисықов бұл тығырықтан шығу үшін не істеуге болатынын айтқан. 

“Біріншіден, өңірлерде өндіріс орындарын көп ашу керек. Екіншіден шағын кәсіпкерлікті аймақтарда, ауылдарда дамыту керек. Қазір мысалы Астана мен Алматы осының арқасында дамып жатыр. Шағын кәсіпкерлердің арқасында әлеуметтік ахуал жақсарады. Әр отбасының жағдай жақсарады”, – деді экономист Бекнұр Қисықов.

"Stan.kz" сайтындағы экономистің пікірі дөп ондыққа тиіп тұр демесек те, сөздің жаны бар да бар. "Шағын кәсіпкерлік" деп тұр негізгі акцентте. Шынында экономикадағы бұл тетік ең тиімді тәсіл. Әрі-беріден соң мемлекетті дағдарыстан сақтап қалатын да осы тұс. Әйгілі Ли Куан Ю, Сингапурды әлемге жауһар, экономикада қуатты қауқар еткен тұлғаның біздің Қазақстанға қарата айтқан ақылы да осы төңіректе болатын.Қысқасы, халықтың әл-ауқаты дегенде де енді бізге олигархтардың табысымен буланатын өмір қош та қош болуы керек-ақ. Жетісу облысында анау айтқандай апырып-жапырып тастайтын "алпауыттар" да аз қазір. 

Демек, біз қағаз жүзіндегі дамыған өңірден, жекелеген сайт рейтнгісі бойынша көш бастаған әкімдер басқаратын облыстан гөрі шынайы нәтижемен көзге түсетін аймаққа айналсақ деген ой. Басшылар келеді, кетеді. Ал халық – мәңгілік. 

Ең сорақысы, Жетісу облысы халықты жақсы жалақымен қамту мәселесінде бұған дейін де осылай төмен көрсеткіш көрсетіп келе жатқанын сіз бен біздің құлақ естіген. "Еститін мемлекеттің" өкілдері бұл мәселені назарда ұстаса дейміз. Ол үшін "Не себепті Жетісу облысы айлығы шайлығына жетпейтіндердің қатарында?" деген біздің журналистік сауалымызға жауап тапса дейміз: аузына қарап отырған халықққа айтатын...

 

 

Қозыбай ҚҰРМАН

Фото: Freepik

Ескерту: Авторлық құқық бойынша мақала ары қарай өңделмейді, өшірілмейді.  Әрі бұл материал редакция көзқарасынан білдірмейді.