Биыл Жаркент қаласынан Кішішыған, Үлкеншыған, Қырыққұдық, Ақкент, Ават, Атамекен елді мекендерін көктеп өтіп, Қытай Халық Республикасымен байланыстыратын, ұзындығы 32 шақырымды құрайтын маңызды жол учаскесі заман талабына сай жаңартылды.
Бұл жол учаскесі өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған. Ол республиканың шығыс аудандарын жалғап, бұрын да, қазір де Қытайдан жүк тасымалын қамтамасыз ететін экономиканың күретамыры десе болады. Құрылыс мердігері – «Нұрлы жол – 7» ЖШС, ал жұмыс сапасын бақылау және жобаның талапқа сәйкестігін қамтамасыз ету міндеті «Нұрай-Сервис» ЖШС және техникалық қадағалау қызметіне жүктелді. Жобаның тапсырыс берушісі – «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жетісу облыстық филиалы. Осы жолдың пайдалануға берілуіне байланысты Үлкеншыған және Атамекен ауылдық округтерінің түйіскен тұсындағы Ават ауылының іргесінде салтанатты жиын өтіп, оған ауыл азаматтары қатысты.
– Аймақтың инфрақұрылымын дамыту және жолдың пайдалану сапасын арттыру мақсатында биыл Жаркент қаласы мен Қорғас ауылы аралығындағы көне жолға орташа жөндеу жүргізілді. Жоба аясында жолға екі қабатты жаңа асфальт жабынды төсеу арқылы сапасы жақсартылды. Жол бойындағы елді мекендерде жаяу жүргіншілер соқпақтары салынып, жарықтандыру жүйелерін орнатып, жаңа жол белгілерін орналастыру, сондай-ақ жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жол ережесі таңбаларын айшықтау қарастырылды, – дейді «ҚазАвтоЖол» АҚ Жетісу облыстық филиалының директоры Нұрқат Ақылтаев.
Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Дидар Ешеновтың айтуынша, Жаркент – Қорғас аралығындағы жол жөндеу жұмыстары биылғы шілде айында басталып, мерзімінен бұрын қараша айында, яғни, 8 айда атқарылуы тиіс жұмыс 5 айда аяқталған. Сонымен бірге Үлкеншыған ауылдық округі қоғамдық кеңесінің төрағасы Тойлыбай Домбағұлов Ақкент пен Ават ауылдары аралығындағы жол бойына жасалған жаяу жүргіншілер соқпағы мен түнді жарықтандырып тұрған электр бағаналары қатынасып оқитын ауыл балалары үшін өте қолайлы екенін атап өтті. Осындай жағдай туғызған құрылысшыларға ризашылық білдіріліп, алғыс айтылды.
Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы