ЖАРКЕНТТІКТЕРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Уақыты: 25.11.2024
Оқылды: 336
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Облыс прокуроры Мадияр Басшыбаев Жаркент қаласындағы аудандық Мәдениет үйінде Панфилов ауданының тұрғындарымен кездесті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов және құқық қорғау органдарының жауапты қызметкерлері қатысты.


Кездесу барысында аудан әкімі   Марат Сағымбек өткен жылғы облыс прокурорымен кездесуде аудан тұрғындары тарапынан айтылған сын-ескертпелер мен өтініштердің орындалу жүйесі жөнінде есеп берді. Өткен жылғы кездесуде өңір тұрғындары тарапынан 31 өзекті мәселе айтылып, соның басым бөлігі оң шешімін тауыпты. Мәселен, Головацкий ауылына балабақшаның керектігі жөніндегі талап орындалды. Сол сияқты Жаркент қаласының шегарасын айқындау жөніндегі ұсыныс та шешімін тапты. Жаркент қаласындағы екі мектеп газбен жылыту жүйесіне көшірілді. Басқа оқу орындары біртіндеп газдандырылмақшы. Бірқатар көлденең тартылған мәселелер бюджеттен қаржы бөлуді қажет ететіндіктен құзырлы орындарға ұсыныс-талаптар жасалып, құжаттары әзірленуде.

Облыс прокуроры Мадияр Бекенұлы тұрғындардың пікірін тыңдап, аумақтағы жағдайлармен танысты. Тұрғындардың басым бөлігі жергілікті мәселенің шешілуін сұрады. Солардың ең маңыздысы 300 шақырымды қамтитын Алматы – Қорғас автожолының бойында май құю бекеттері, асханалар, автотұрақтар жоқ. Соның салдарынан ауыр жүк көліктері Жаркент қаласы арқылы жүріп, жолдарға, басқа да инфрақұрылымдарға зиянын тигізуде. Жергілікті диқандар бағаның төмендігінен жүгері өнімін лайықты бағада саудалай алмай отыр. Шаруалардың арыз-шағымдарына жергілікті құқық қорғау қызметкерлері жүрдім-бардым қарайды. Кездесу барысында тағы басқа маңызды мәселелер айтылды. Облыс прокуроры тұрғындардың сұрақтары мен шағымдары бойынша талдау жасап, кездесуге қатысып отырған полиция және басқа да жауапты мамандарға тиісті тапсырма берді.

М. МАНАПҰЛЫ