Көп балалы жетісулық азамат мемлекет қолдауының арқасында жеке бизнесін ашты

Уақыты: 29.11.2024
Оқылды: 246
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жетісу облысының Қаратал ауданында пробация есебіндегі азамат 1,5 млн. теңге қайтарымсыз грант алып, жеке ісін ашты. Көп балалы әрі жалғызбасты әкенің жеке бизнесін бастауына аудан әкімдігі мен жергілікті прокуратура мұрындық болған, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.  

Үштөбелік азамат, бес баланың әкесі, пробация бақылауындағы Бекзат Өтежанов тағдырдың қиындығымен күресе жүріп, ол отбасының тіршілігі үшін өзінің жекеменшік шиномонтаж орталығын ашуды көптен бері ойлағанын айтады. Оның бұл арманының орындалуына  мемлекет тарапынан берілген қайтарымсыз гранттың үлкен көмегі тиген.

- Бұған дейін де автокөлік дөңгелектерін жөндеумен 12 жыл айналыстым. Бірақ ол кезде ғимаратты жалға алып жұмыс істедім. Әрине, өзіңнің жеке орталығың болғанға не жетсін. Кейін мемлекеттен грант берілетінін естіп, құжат тапсырдым. Сөйтіп 1,5 млн. теңге көлемінде грант алдым. Ағайын-туыстарымның көмегімен Үштөбе қаласында лайықты ғимарат салдық, гранттың қаражатына дөңгелек жөндеуге керекті арнайы құрал-жабдықтар сатып алдым. Жаңадан ашылғаннан кейін әзірге келушілер көп емес, бірақ өңірде автокөлік көп болғандықтан, бірте-бірте клиенттер қатары да көбейеді деп ойлаймын, сол кезде жаныма бір адамды жұмысқа алсам деген жоспарым бар, - дейді Б. Өтежанов.

Қаратал аудандық әкімдігінің мәліметіне қарағанда, жалпы ауданда жыл басынан бері 58 адам қайтарымсыз грант алуға өтініш беріп, соның 18-іне оң шешім шығарылып, олар мемлекет қолдауына ие болған.

- Биыл ауданда қайрамысыз грантқа жалпы сомасы 25,6 млн. теңге бөлініп, әр азаматқа 400 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1 млн. 476 мың теңге көлемінде көлемінде грант берілді. Қолдауға ие болғандар арасында көп балалы, аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жалпы әртүрлі санаттағы азаматтар бар. Олар негізінен пластик терезе шығару, пескоблок өндіру, шиномонтаж, мал шаруашылығын дамыту сияқты әртүрлі бағытта жұмыстарын бастады, - дейді Қаратал ауданы әкімінің орынбасары Айбек Оңғаров.  

Жалпы Жалпы Жетісу облысында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 60,7 бірлік болса, осы салада жұмыс істейтін азаматтардың саны 104,7 мың. Салада өткен он айда өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтердің көлемі 491,5 млрд.  теңгені құрады. Бюджетке түсетін салық түсімдері 2023 жылғы деңгейімен салыстырғанда 1,3 есе өсті. Қазіргі кезде ШОБ-дағы жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 33 % асады.

Осы жылға шағын және орта бизнесті қаржылық қолдауға облыс бойынша жалпы кредиттік сомасы 14,1 млрд. теңгеге 369 жоба мақұлданды, оның ішінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, ішінара кепілдендіруге, гранттар беру, жобаларды қаржыландыру, сол сияқты инженерлік инфрақұрылымды жүргізу қарастырылған.