Жетісу облысының Ескелді ауданында соңғы екі жылда 39 мыңның астам тұрғынның көгілдір отынға қол жеткізуіне мүмкіндік жасалған, яғни газдандырылуға жататын 21 елді мекеннің 12-сіне газ құбыры тартылды. Бұл туралы бүгін Ескелді ауданының халқымен кездесуі кезінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты.
- Тағы 7 елді мекенде – Көкжазық, Теректі, Қаратал, Абай, Шымыр, Жастар, Ақтасты ауылдарында газ тарату желілерін салу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 5 елді мекеннің жұмыстары жылдың соңына дейін бітеді. Ал Көкжазық, Теректі ауылдарында келесі жылы аяқталады, - деді өңір басшысы Б. Исабаев.
Оған қоса Қайнарлы мен Жалғызағаш ауылдарына газ тарту үшін республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Соның нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін жалпы саны 48 мың адам тұратын 21 елді мекен газға толық қол жеткізіледі. Осылайша 2025 жылы Ескелді ауданы толық газдандырылады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай