Алтын алқа табысталды

Уақыты: 05.12.2024
Оқылды: 497
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қазақстан Республикасы Президентінің  Жарлығына сәйкес Жетісу облысының орталығы  Талдықорғанда көп балалы 13 анаға алтын және күміс алқа табысталды. Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған басқосуда қала әкімі Ернат Бәзіл алтын құрсақ аналарды жүрекжарды қуанышымен құттықтап,  ақ тілегін арнады.

 – «Бүгінгі қоғамда отбасы құндылықтарының орны ерекше. Ата-ананың тағылымды тәрбиесін алып өскен бала болашақта ел дамуына өз үлесін қосары сөзссіз. Сол мемлекеттің болашағын тәрбиелеп, өсіріп отырған сіздердей аяулы да асыл  аналар аман болсын! Бастарыңызға амандық, шаңырақтарыңызға бақ-береке тілеймін. Мәпелеп отырған ұл-қыздарыңыз үкілеген үміттеріңізді ақтасын», – деді шаһар басшысы.

Қала әкімдігінің мәліметінше, бүгінде жалпы Жетісу облыс орталығындағы тұрғындардың саны 200 мыңнан  асады. Соның 6 жарым мыңға жуығы көп балалы аналар.

Сөз кезегінде алтын алқа иегері Баян Таңқаева: - «Мен 5 ұл екі қыз өсіріп отырған 7 баланың анасымын. Үлкенім 19-да, кішісі 1 жарым жаста. Бізді үлкен құрметке бөлеп, қолдау көрсетіп жатқан үкіметімізге айтар алғысымыз шексіз. Өткен жылы көпбалалы ана деп үш бөлмелі баспана берген. Бүгін, міне, алтынан алқа тағып абыройымызды асқақтатып жатыр.  Енді өмірге әкеліп, мәпелеп отырған ұл қыздарымыздың білімді де білікті, елдің дамуына еселі үлес қосатын азаматтар болып есейтуге күш саламыз», - деп ізгі тілегін жеткізді.

                                                                     Айдын КӘЛІМХАН