16 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Уақыты: 13.12.2024
Оқылды: 529
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Тәуелсіздік күні қарсаңында Көксу ауданының тұрғындары қуанышты сәттің, игілікті шараның куәсі болды. Көксу ауданы Бозтоған ауылындағы 6, Мұқыры ауылындағы 10 отбасы баспаналы болды. Сонымен қатар, Жарлыөзек ауылында блокты-модульді ветеринариялық пункт ашылды.


Алдымен Бозтоған ауылына бардық. Мұнда баспаналы болу бақытына аудандағы жағдайы төмен, көпбалалы, тұрғын үй кезегінде тұрған 6 отбасы қолжеткізді.

Қуанышқа жиналған қауым алдында жүрекжарды тілегін білдірген аудан әкімі Дәулет Халелов:

– Мереке қарсаңында 16 үй ел игілігіне беріледі. Республика күні қарсаңында осы ауылдағы 4 отбасы баспаналы болып еді, бүгін міне тағы 6 отбасы үйлі болғалы тұр. Ауданда 1500-ге жуық кезекте тұрған азамат бар. Биыл 50 тұрғын үй салынды. Оның 30-ы аудан орталығында. Келер жылы көпқабатты 3 тұрғын үйдің құрылысын бастаймыз. Оның құрылысы қараша-желтоқсан айына дейін аяқталады деген жоспарымыз бар. Одан бөлек, мердігерлерден сатып алу тәсілімен 100-ге жуық үй алуды көздеп отырмыз. Баспаналы болған тұрғындарды қоныстарымен құттықтаймыз, – деп жылы лебізін білдірді.

Осыдан кейін ақжаулықты әжелер шашу шашып, ауылақсақалдары ақ бата берді.

Көптен күткен үйді иеленген жандардың қуанышында шек жоқ. Қонысқа ие болған жақындарын құттықтап, шашу шашып, тілек айтушылар қатары да аз болмады. Көп жылдан бері баспанасыз, туған-туысын паналап келген Индира Отарбаеважаңа қоныс иесі атанды.Көпбалалы ана пәтер кілтін алғанда қуанышын жасыра алмады.   

Осыған дейін 4 баламмен ата-енемнің үйінде тұрғанбыз. Бірақ ол үй апатты болғандықтан жұмыс істеп жүрген фазендаға көштік.  Тұрғын үй кезегіне тұрғаныма небары 1,5 жыл болды. Бүгін міне үйлі болдық. Бізді осында әкеліп, қолымызға кілтті табыстағанда қуанышымызда шек болмады. Мұндай жақсылықтың шарапатын қиналып жүрген әрбір отбасы көрсе деп тілеймін.  Қол ұшын созып, көмектескен жандарға алғыс білдіремін, –деді ол.

Үш бөлмелі жаңа үйдің кілтін алған көпбалалы ана Жазира Нұрбосын: «Пәтерден-пәтерге көшіп жүргенімізге 5 жыл болды. Қатты қиналып кеттік. Бізге баспана сыйлаған облыс, аудан басшысына алғысым шексіз», – деп ризашылығын білдірді.

Осыдан кейін Мұқыры ауылында салынған 10 үйдің кілті табысталды. Мұнда да пәтер кілтіне ие болғандар арасында негізінен ұзақ жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы және тұрмысында қиыншылығы бар жандар.

Айта кетейік,  тұрғын үй кезегіндегі азаматтар үшін берілген екі ауылдағы үйді инвесторлар өз қаржыларына салған.Жергілікті әкімдік пен құрылысқа жауапты мамандар арасында «Тұрғын үй салу, сатып алу» меморандумы жасалыпты. Яғни, кәсіпкер өз қаржысына салған үйдің сапасын әкімдік тексеріп, сатып алады.

Келесі кезекте Жарлыөзек ауылында блокты-модульді ветеринариялық пункт ашылды. Осымен  Көксу ауданына қарасты ауылдық округтер ветеринариялық пунктпен толықтай қамтылды.

 

 Айдар ҚАЛИЕВ

Көксу ауданы