АЛАКӨЛДІҢ БАЛЫҒЫН ӨҢДЕЙДІ

Уақыты: 11.01.2025
Оқылды: 329
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алакөл ауданы өткен жылды ойдағыдай аяқтады. Барлық салада өсім бар. Өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 10 млрд. теңгеге жуықтады. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда бірнеше пайызға жоғары.


Біз әңгіме еткелі отырған «Болашақ Бастау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі балық өңдеумен айналысады. Өңір экономикасын көтеруге септігін тигізіп отырған бұл кәсіпорынды Алакөл ауданының мақтанышы деуге болады. Өйткені ол «Үздік кәсіпкер – 2024» номинациясы бойынша аудандық байқаудың жеңімпазы. Серіктестік 2016 жылдың шілдесінде ауданның индустриялық картасында жаңа өнеркәсіптік кәсіпорын ретінде пайда болды. Құрылтайшысы өңірдегі танымал кәсіпкер Тілеубек Алтыбаев. 

Оның айтуынша балық өңдейтін бұл өндіріс орнының цехтары мен өндірістік үй-жайлары «Рыбпром» ЖШС-нің бұрынғы филиалынан сатып алыныпты. Тек, иесі ғана өзгерген. Ал өндірісті одан әрі жетілдіру тұжырымдамасы мен қалыптасқан ұжым сол қалпы сақталған. Өндіріс орнының негізгі міндеттері де ойдағыдай орындалуда. Әлі күнге дейін сенімді серіктес әрі экологиялық таза өнім жеткізуші ретінде тұрақты да беделді кәсіпорын болып жұмыс атқарып келеді.

Өнімдері Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге Еуроодақ, тіпті алыс Канада нарықтарына да шығарылады. Сонымен бірге өнімдер еуропалық технологиялар мен халықаралық сапа стандарттарына сәйкес өндіріледі. Зауыт директоры Қайрат Тельбаев балық өңдеу қызметтері жасалған шарттар негізінде жүзеге асатынын айтты. Жалпы барлығы     181, 75 млн. теңгеге 46, 98 тонна көксерке филесі өндіріліп, жеткізушілерге жөнелтілген. Басым бөлігі Еуроодақ елдеріне жіберілген. 

Айта кетейік, бұл балық таза су қоймаларының биоиндикаторы. Бүгінде көксерке Еуропа өзендерінде жоқтың қасы. Балық сүйегі ұны алдыңғы жылдардағыдай жоғары сұранысқа ие, былтыр 960 тонна өндірілді. Дайын өнімді Қазақстандағы құс фабрикалары қосымша азық ретінде тұтынады. Сондықтан оны өткізуге еш кедергі жоқ. Алакөлдіктер экспорттық келісімшарт бойынша ЕурАзЭҚ ынтымақтастығы шеңберінде Беларусь Республикасына 70 пайызға жуық жоғары сапалы ақуызды өнім өндіріп, жеткізді. 

Аталған кәсіпорын жабық цикл бойынша жұмыс істеп, қалдықсыз өнім өндіреді. Өндіріске заманауи жабдықтардың орнатылуы, электр қуатымен жылытылуы, қуатты тоңазытқыш қондырғылары, сүзу алаңдары, бәрі оны ауданның ғана емес, Жетісу облысының басқа да өнеркәсіп орындарынан ерекшелендіреді. Бүгінде отандық бренд Қазақстан, Ресей және Еуроодақ нарықтарында танымал. 

Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі сапалы әрі сұранысқа ие Алакөл өнімдері үшін жаңа перспективалар мен көкжиекке жол ашады. Сонымен бірге экологиялық таза қазақстандық өнімге ерекше қызығушылық танытып отырған Қытайдың орасан зор нарығын да ұмытпаған жөн.

Өткен жылдар ішінде ұжым нағыз кәсіпқой азаматтардан құралып, маңдай терлете еңбек етті. Мысалы, кәсіпорын жұмысының алғашқы күндерінен бастап жұмыс істеп келе жатқан директордың өндіру жөніндегі орынбасары Мұратхан Оразымановты мақтанышпен айтқан жөн. Жалпы табысқа үлес қосып жүрген әйелдердің де еңбегі ерен. Ал технологиялық үдерісті басқару және бақылау директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Елена Онищукке жүктелген.

Мұнда балық қабылдау, тазалау, паразиттік бақылау және 8 градация бойынша орналастыру, глазурьлеу, дайын өнімді орап, 500 тонна дайын өнімге есептелген тоңазытқышқа салу жұмыстары ретімен атқарылады. Осы жылдар ішінде өз ісінің нағыз майталмандары атанған цех шеберлері Ж. Бутынчинова, Д. Оразбекова, О. Омарбаева, Л. Голотовская, жұмысшылар Ж. Ибраева, Н. Урмашова, К. Закарьянова, Е. Жақыповты ерекше атап өткен орынды.

Өндіріс орны қол еңбегін де көп қажет етеді. Оны көбіне қыз-келіншектер атқарады. Сол себепті оның табысы да көңілге қонымды. Қазір зауыттағы үздік жұмысшылардың ең жоғары жалақысы 180 мың теңгені құрайды. Сонымен бірге асхана мен шағын жатақханасы бар. Зауыт шығаратын өнімдердің барлық түрін сатып алуға мүмкіндік беретін жеке фирмалық дүкен де ашылған. Сондай-ақ, бұл кәсіпорын Жетісу облысының қазақстандық тауарларын жақын әрі алыс шет ел нарықтарына жылжытудың алдыңғы қатарында. 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА