Әлеуметтік мәселелер әр уақытта да өзекті

Уақыты: 20.01.2025
Оқылды: 336
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жетісу облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қойылар сұрақ көп.  Әсіресе, аймақ үшін өзекті тақырыпқа айналған жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек жайын айтпай кету мүмкін емес. Осы орайда  Жетісу облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаевқа  көкейдегі біраз сауалымызды жолдап, нақты жауап алған едік. 

– Сауалды  әлеуметтік тақырыптан бастасақ, биыл нендей өзгеріс болды, өткен жылдан қандай айырмашылық бар? Осы жайында егжей-тегжейлі айтып берсеңіз?

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар 6,5%-ға ұлғайтылды. Атап айтсақ, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар: 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы – 140 мың теңгеден 149 мың теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала туғанда берілетін жәрдемақы – 233 мың теңгеден 248 мың теңгеге дейін ұлғайды; I топ мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы – 95 мың теңгеден 102 мың теңгеге дейін, II топ – 76 мың теңгеден 81 мың теңгеге дейін, III топ – 52 мың теңгеден 55 мың теңгеге дейін өсті. 2025 жылға облыс бойынша әлеуметтік осал топ санатына жататын 44 мың адамды әлеуметтік қолдауға 7,1 млрд. теңге бөлінді.  Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша 10 млрд. теңге қарастырылған болатын. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек 5 421 отбасына (28 227 адам) 2,9 млрд.теңге көлемінде берілді. Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі 8799 балаға 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (5538 тенге) 330,9 млн. теңге төленді. 2024 жылы атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне баратын балаларына жергілікті атқарушы орган тарапынан 5 АЕК мөлшерінде 1 911 балаға 238,6 млн.теңге көлемінде әлеуметтік көмек төленді.

 – Биылғы жылдан атаулы әлеуметтік көмекті алу бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Осы туралы да кең көлемде әңгімелеп берсеңіз?

Мемлекет басшысы 2024 жылғы 7 ақпандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында атаулы әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға беру керектігін атап өтіп, халыққа әлеуметтік көмек көрсету тетігін жетілдіру жөніндегі шараларды қабылдау туралы тапсырма берді. Атаулы әлеуметтік көмек бөлу тәртібі реттелуде, адамдарды бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруы тиіс. Президенттің  тапсырмасы бойынша атаулы әлеуметтік көмек  беру тетігі ашықтықты, әділдікті, еңбекке ынталандыруды қамтамасыз ету үшін қайта қаралды. Осыған сәйкес, шешімдерді жедел қабылдау, қорытынды шығару рәсімін жеңілдету, атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер отбасыларға тексеру жүргізу кезінде формальды тәсілді болдырмау үшін және учаскелік комиссиялардың шешімдерін қабылдау кезінде атаулылығы мен мұқтаждығын нақты анықтау мақсатында 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап «FSM Social» мобильді қосымша іске қосылды, нәтижесінде учаскелік комиссиялардың қызметі цифрландырылды. «FSM Social» мобильді қосымшасын енгізудің негізгі мақсаты – учаскелік комиссия мүшелері шешім қабылдау кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету, сондай-ақ өтініш берушінің геолокациясын (өтініш берушінің нақты географиялық орны) анықтау.

– Әлеуметтік саланың бір ұстанымы – оңалту. Бұл орайда нәтиже қалай?

Жетісу облысында 25055 мүгедектігі бар азаматтар тіркелген. Оның ішінде I топ мүгедектері – 2695, II топ мүгедектері – 10274, III топтағы мүгедектер – 9098, 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар – 2988 адамды немесе облыс тұрғындарының 3,6 пайызды  құрайды. 2024 жылы мүгедектігі бар тұлғаларды оңалтуға 5,2 млрд.теңге бөлінді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша техникалық оңалту құралдарына мұқтаж мүгедек адамдардың саны 16825 құрады. Оның ішінде 16784 азамат жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес қажетті техникалық оңалту құралдарымен, атап айтсақ: шипажай-курорттық емдеумен 3762 адам (99,9 %), арнайы қозғалыс құралдарымен 758 адам (99,5%), протездік-ортопедиялық бұйымдармен 2333 адам (99,9%), тифлотехникалық құралдармен 799 бұйым (99,4%), сурдотехникалық құралдармен 374 бұйым (99,8%), гигиеналық құралдармен 7039 адам (99,7%), жеке көмекшінің қызметтерімен 1357 адам (100 %), ымдау тілі мамандары  362 адам (100 %) қамтамасыз етілді. Нәтижесінде оңалту құралдармен қамту деңгейі 99,8 пайызды  құрады, бұл облыстар бөлінісінде 1-ші орындағы көрсеткіш екенін атап өту керек, орташа республикалық көрсеткіш 92,8 пайыз.

– Өзіңіз қызмет ететін мекемеге түрлі қиындыққа тап болған азаматтар бас сұғатыны белгілі. Оларға қандай көмек көрсетіледі?

2023 жылдан бастап өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларын анықтау және оларға қолдау көрсету мақсатында аудандарда «Отбасын қолдау орталықтары» ашыла бастады. 2023 жылы Текелі қаласында, Панфилов және Сарқан аудандарында коммуналдық мемлекеттік мекеме нысанында 15 төсек-орынмен қамтылған «Жанұя» отбасын қолдау орталықтары ашылды. Ал 2024 жылы Жанұя» отбасын қолдау орталықтары Алакөл, Кербұлақ, Қаратал аудандарында жұмыстарын бастады. 2025 жылы – Ескелді, Көксу, Ақсу аудандарында ашылады. Сонымен қатар, Талдықорған қаласында «Жанұя» орталығы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде қызмет атқаруда. Бұл орталықтардың мақсаты   өмірлік қиын жағдайда қалған отбасыларға, оның ішінде көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған әйелдерге, қиын жағдайға тап болған жанұя санаттарына жатқызылған  жандарға қолдау көрсету.  Былтыр  «Жанұя» отбасын қолдау орталықтарына барлығы 90 отбасынан  282 адам  келіп тіркеліп, оларға психологиялық және әлеуметтік көмектер жан-жақты берілді, олар қажетті қолдау түрлерімен қамтылды. Атап айтқанда, аз қамтылған, көп балалы 25 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, 2 адамға мүгедектікке құжаттар рәсімделді, 17 адам жұмысқа орналастырылды, 8 балаға балабақшаға құжаттары рәсімделді, 17  адам-үй кезегіне тұрғызылды және тағы басқа да  көмектер көрсетілді.1отбасыға әкімдіктен тұрғын үй (3 бөлмелі пәтер) берілді (Текелі қаласы). Мүгедектігі бар 2 балаға жеке қайырымдылық қоры арқылы жүріп тұруға арналған мүгедек арбасы табысталды. Облыстың барлық ауданында өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау мен қолдауды ұйымдастыру бойынша мобильді топтар құрылып, жұмыс атқаруда. Мобильді топтардың құрамына аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, әлеуметтік қорғау, білім, денсаулық сақтау, жергілікті полиция, ішкі істер органдарының өкілдері (кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор т.б.) енгізілген. Олардың тарапынан зорлық-зомбылық жағдайларын алдын алу, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтауға байланысты кешенді шаралар күнделікті жүргізілуде.

Медициналық-әлеуметтік мекемелер жұмысы туралы да айта отырсаңыз?

Облыс бойынша арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 1536 орынға арналған 15 орталық жұмыс істейді (6 стационар, 7 жартылай, 2  уақытша болу орталықтары). Стационар жағдайында:

Текелі қаласында қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі 350 орындық 1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 318 адам қызмет алады. Ал 18 жастан асқан психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедектерге қызмет көрсететін 632 орынға арналған 4 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында 613 адам қызмет алады.  Сонымен қатар  3 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық аурулары бар мүгедек балаларға арналған 54 орындық және 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар мүгедектерге арналған 50 орындық «Қамқор» Талдықорған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 87 адам қызмет алуда. Жартылай стационарлық жағдайда: 450 орындық 7 күндізгі болу орталықтарында 339 бала қызмет алуда. Мұнымен қатар аудандық (қалалық) жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің жанынан ашылған  24 бөлімше арқылы үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Өткен  жылы аталған бөлімшелерде 2146 адам әлеуметтік қызметпен камтылды. Оның ішінде: 11 бөлімшеде 762 балаға және 18 жастан асқан психоневрологиялық ауытқулары бар жандарға, 13 бөлімшеде 1384 жалғызбасты және жалғыз тұратын қарттар мен мүгедектерге қызмет көрсетілді. Сонымен қатар, Талдықорған қаласында «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» және «Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы» жұмыс істейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» 55 адамдық жатын орынға (35 әйел, 20 бала) арналған.  Бұл орталыққа зорлық-зомбылық құрбандары тіркеліп, 6 айға дейінгі мерзімде арнаулы әлеуметтік қызметтің 8 түрін ала алады. Орталықта зорлық-зомбылық құрбандарына арналған тәулік бойы қауырт желісі жұмыс істейді. Былтыр  орталыққа 156 адам   тіркеліп, арнаулы әлеуметтік қызметтер және қажетті көмектер көрсетілді. «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы» 150 төсек-орынға арналған. Орталық өмірлік қиын жағдайға тап болған барлық азаматқа, оның ішінде бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді (медициналық, тұрмыстық, психологиялық, экономикалық, мәдени, құқықтық, еңбек).Өткен жылы бұл орталықта 260 қызмет алушыға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілсе, оның ішінде бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған  адамдар қатарынан 74 азамат қызмет алды. Жоғарыда аталған орталықтарда 500-ге жуық әлеуметтік қызметкер жұмыс жасайды. Оларда барлығы 4000-ға жуық адам арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылды.

– Өңірде жұмыспен қамту жайы қай деңгейде?

Облыста   былтыр экономикалық белсенді халық саны 311,5 мың адамды, жұмыспен қамтылған халық саны 296 мыңнан астам адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі – 4,8 пайыз. Жұмыссыз халық санын, жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында 2024 жылға дейін Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында «Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың  2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» іске асырылуда. Осыған орай тұжырымдама аясында жұмыспен қамту шаралары үш бағытта іске асырылуда. Олар: жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру мақсатында сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін қысқа мерзімдік кәсіптік даярлау курстарын ұйымдастыру, әлеуметтік осал топтардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету және жұмыссыз азаматтарды субсидияланатын жұмыс орындарына жолдау.  Тұжырымдама аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларын жүзеге асыруға  өткен жылы 9,0 млрд. теңге   бөлінді.  2024 жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 27794 адам қамтылып, 23286 адам, оның ішінде 13261 адам тұрақты жұмыс орындарына орналасты. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 18 мамандық бойынша 804 адам  жолданса, 720 адам оқуды аяқтап,  мамандықтары бойынша 643 адам  тұрақты жұмысқа орналастырылды. Электрондық еңбек биржасы порталында 2 188 адам онлайн түрде оқытылды.

Тұжырымдама аясында іске асырылатын тағы да бір негізгі бағыт – Кәсіпкерлік бастамаларға жәрдемдесу. Осы бағыт аясында мемлекет тарапынан әлеуметтік осал топтар қатарынан жұмыссыз және өзін-өзі қамтыған азаматарға 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға қайтарымсыз гранттар беріледі. Өткен жылы  203 адамға 299,8 млн. теңге көлемінде қайтарымсыз грант беріліп, жаңа бизнес ашуға қолдау көрсетілді.  Қайтарымсыз грант алудың басты критериі «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқу және сертификат алу.  Жоба бойынша оқытумен 1313 қамтылды. Сонымен қатар, келесі бағыт – субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы жұмыссыздарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлерді қолдау шаралары қарастырылған. 2024 жылы субсидияланатын жұмыс орындарына 10 025 жұмыссыз адам жолданды.  2025 жылы Тұжырымдама аясында 20 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту шараларына жолдау жоспарланып отыр.  

– Облыста әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етуде қандай жұмыстар атқарылды?

–  2023 жылдан бастап өңірлерде «Отбасының цифрлық картасы» іске қосылды. Цифрлық платформа әлеуметтік қолдауға, мемлекеттік қызметтерге мұқтаж отбасыларды және олардың әл-ауқат деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Отбасының цифрлық картасында отбасылардың әл-ауқат деңгейі экономикалық, әлеуметтік және тұрғын үй жағдайлары, денсаулық, білім бойынша бағаланып, 5 санатқа бөлінеді:  А – жақсы, В – қанағаттанарлық, С – қанағаттанарлықсыз, D – дағдарыс, Е - мүшкіл. Облыс бойынша отбасының цифрлық картасында 214,0 мың отбасы 701 мың адам туралы дерек бар. Оның ішінде қазіргі уақытта 58,1 мың отбасының әл-ауқат деңгейі дағдарыстық және мүшкіл (D,E) жағдайында болып отыр. 2024 жылдан бастап D және E санатына жататын отбасыларын анықтау, оларға қажетті  әлеуметтік және басқа да көмектерді көрсету мақсатында аудандық/ ауылдық деңгейде мобильдік топтар құрылып, кешенді жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде D және E санатына жататын отбасыларының саны өткен жылы  66,8 мыңнан 58,1 мың отбасына дейін төмендеді. 

– Өңірде кедейлік деңгейін төмендету бойынша қандай жұмыстар жүзеге асуда? 

Статистикалық деректерге сәйкес, облыста  2024 жылдың 3 тоқсанындағы жағдай бойынша кедейшілік деңгейі  8,1 пайыз болды. Мемлекет мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шараны  қабылдауда. Жыл сайын атаулы әлеуметтік көмек алушыларды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту арқылы олардың үлесін азайту жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, 2023 жылы атаулы әлеуметтік көмек 6,7 мың отбасына (34,6 мың адам) 3,9 млрд.теңге тағайындалса, 2024 жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 5,4 мың отбасына (28,7 мың адам) 2,9 млрд.теңге көлемінде берілді. Яғни,  атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар саны 1,6 мыңға (5,9 мың адам) немесе 20%-ға азайды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың еңбекке қабілетті мүшелері арасынан 943 адам жұмыспен қамту шараларына тартылып, жоспарлы көрсеткіш толық орындалып, 74,7 пайызға жетті. 2023 жылдан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығына сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына берілетін кепілдендірілген әлеуметтік топтамалар монетизация жүйесіне ауыстырылды. Жәрдемақы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде тағайындалып,  аталған жәрдемақы 2024 жылы 8799 балаға 330,9 млн. теңге көлемінде көрсетілді. Өткен жылы  облыста алғаш рет, бекітілген әлеуметтік көмектерге қосымша 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 3345 балаға 6 АЕК мөлшерінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Бұл мақсатқа қосымша 74,1 млн. теңге қарастырылып, ҚР Конституция күніне орай төленді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы  30 маусымдағы №523 «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес, аудан, қала мәслихаттарының шешімдері негізінде жергілікті атқарушы орган тарапынан аз қамтылған және төтенше жағдайға түскен азаматтарға айлық есептік көрсеткішпен, бір реттік, ай сайынғы, тоқсан сайын  әртүрлі әлеуметтік көмектер көрсетілуде.

– Әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасылардың мәселесін жәрдемақы  шешпейтіні белгілі, бұл уақытша көмек. Сондықтан жаңа жұмыс орындарын ашу күн тәртібінде тұр. Бұл бағытта қандай жұмыстарды қолға алып отырсыздар?

Расында, жұмыс орындарын ашу күн тәртібінде тұрған басты мәселелердің бірі. Жыл сайын тұжырымдамалар мен ұлттық жобалар аясында іске асырылатын жобалар бойынша әр саладан және аудан, қала әкімдіктерінен ақпарат жиналады, осыған сәйкес «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» әзірленеді. Өткен жылы  «Тұжырымдамалар мен ұлттық жобалар» аясында 2 452 және жеке бастамалар бойынша 8 487 жаңа жұмыс орны құрылды.  Қазіргі уақытта 2025 жылға жоспар нақтылануда. «Тұжырымдамалар мен ұлттық жобалар» аясында биылғы жылы 200-ге жуық жоба  іске асырылып, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын  құру күтілуде. Сонымен қатар, жұмыс орындарын құру және инвестициялар бойынша нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында облыста 2024-2030 жылдарға жалпы құны 3,5 трлн. теңге болатын 190 жобадан тұратын пул қалыптастырылған. Бұл жобаларда 11,8 мыңнан астам жұмыс орны құрылады деп жоспарланған.

 – Өткен  жылы өңірде әлеуметтік салаға қатысты қанша нысан ашылды, биылғы жылы қанша нысан ашылмақшы. Осы туралы да  айтып берсеңіз?

Біздің сала бойынша біраз әлеуметтік қызмет көрсететін мемлекеттік мекемелер 2023 жылы ашылған болатын. Қысқаша атап өтсек: Талдықорған қаласында «Қамқорлық» қайырымдылық қорымен бірлесіп, «Аутизм және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған 125 орындық орталық». Бүгінде орталықта 125 балаға қызмет көрсетілуде. Алакөл жағажайындағы Ақши ауылында резиденция ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ерекше қажеттілігі бар балалар демалатын «Жансая» жазғы лагері ашылды. 2023 жылы 127 бала, 2024 жылы 142 бала ата-аналарымен тегін демалысқа жолданды. Болашақта Балқаш көлінің жағалауында да осындай лагерь салу жоспарда бар. Былтыр қаңтар айынан бастап Талдықорған қаласында «Қамқор» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан мүгедектерге стационар жағдайында 50 орындық бөлімше құрылды. Бұған дейін бұл орталық 3 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық аурулары бар мүгедек балаларға арналған болатын. Бұл жаңа қадам алғаш рет біздің облыста шешімін тапқанын атап өту қажет. Бұл жағдайда орталықтағы қызмет алушы балалардың 18 жастан асқан кезде басқа әлеуметтік-медициналық мекемеге ауыстыру қажеттілігін болдырмай, олардың бейімделуін барынша азайтты. Сонымен қатар,   психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан мүгедектерге 2024 жылдың қаңтар айынан бастап мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 30 орынды жартылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін «Жан шуақ - Жетысу» қоғамдық бірлестігімен үш жылға келісім шарт жасалды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Талдықорғанда 150 орындық мүгедектігі бар адамдарды оңалту орталығының құрылысы жоспарланып отыр. Биыл басталатын  құрылыс жұмыстарын  2026 жылдың соңына дейін аяқталу  көзделген.  

Әңгімеңізге рахмет.

  Сарби ӘЙТЕНОВА

РЕДАКЦИЯДАН: БҰЛ СҰХБАТ ГАЗЕТІМІЗДЕ ЫҚШАМДАЛҒАН НҰСҚАДА БЕРІЛГЕН БОЛАТЫН, ОСЫ РЕТТЕ БІЗ АТАЛҒАН МАТЕРИАЛДЫҢ ТОЛЫҚ НҰСҚАСЫН САЙТЫМЫЗДА ЖАРИЯЛАУДЫ ЖӨН КӨРДІК.

Фото: Ермек Мизамбаевтың ФБ парақшасынан алынды